Қазақстан Республикасының Президенттік орталығында Ұстаздар күніне арналған «Ұстаздықтың ұлы жолы» атты мерекелік шара өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Салтанатты кешке елге еңбегі сіңген ұстаздар, педагогикалық еңбек ардагерлері, тәлімгерлер мен жас мамандардан құралған 1500-ге жуық қонақ қатысты. Мерекенің қадірлі қонақтары қатарында Мемлекет басшысының Жарлығымен мемлекеттік наградаларға ие болған еліміздің үздік педагогтары да болды.

Сондай-ақ бөлім барысында Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова құттықтау сөз сөйледі. Білім беру саласының қызметкерлеріне мемлекеттік және ведомстволық наградаларды табыстау рәсімі өтті.

Мерекелік бағдарламаның маңызды бөлігі елордалық педагогтарды ұлықтауға арналды. Астана қаласы әкімінің орынбасары Талғат Рахманберді педагогтар қауымын мереке мен құттықтап, бірқатар ұстаздарға лайықты марапаттарды табыстады. Олардың қатарында «Астана қаласының Құрметті педагогі» медалі де бар.

Кештің жалғасы ретінде балаларға білім нәрін сыйлап, олардың бойындағы талантты танытуға жол ашатын, Отанға деген сүйіспеншілігін қалыптастырып, келер ұрпақтың рухани-адамгершілік бағдарын айқындайтын ұстаздарға арналған кең көлемді мерекелік концерттік бағдарлама ұсынылды.

«Ұстаздықтың ұлы жолы» концертінің көркемдік концепциясының өзегінде ұстаздың ұлы жолы жатыр. Бұл жолдың өлшемі мамандыққа арнаған жылдармен ғана емес, ең алдымен шәкірттерінің тағдырымен, олардың жетістіктерімен және ел болашағына қосқан үлесімен айқындалды.

«Ұстаз – ұрпаққа білім беріп қана қоймай, оның жүрегіне адамгершілік пен ізгілікті сіңіретін тұлға. Мемлекет басшысы атап өткендей, ұстаз – әрбір балаға өмір жолын көрсететін, тәлім-тәрбие мен білімнің қайнар көзі. Білім беру жүйесін дамыту мен қолдау қаламыздың басым бағыттарының бірі болып қала береді. Қазіргі таңда қаламызда 29 мыңнан астам мұғалім қызмет етіп келеді. Осы жылы олардың қатарына әкімдік тарапынан берілген гранттар арқылы 400 жас маман қосылды. Соңғы үш жылда 110 мың орынға арналған 44 мектеп, 6 Оқушылар сарайы салынды. Алдағы екі жылда 62 мың орынға арналған 24 жаңа мектеп салу жоспарланып отыр. Ұстаздарды мерекемен шын жүректен құттықтаймыз» деді Астана қаласы әкімінің орынбасары Талғат Рахманберді.