Зейнеткерлер "Таза Қазақстан" акциясын қолдады

Зейнеткерлер "Таза Қазақстан" акциясын қолдады
фото: Астана қаласы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы

Нұра ауданының зейнеткерлері Қ. Құлажанов атындағы Қазақ технология және бизнес университетінде «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында ұйымдастырылған «Аралдан ұшқан аққулар» атты танымдық іс-шараға қатысты. Іс-шараны ұйымдастыруға Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының мәдени ұйымдастырушысы Фарида Қасенова мұрындық болды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz. 

Ұйымдастырушылардың айтуынша, кездесудің басты мақсаты – Арал теңізінің экологиялық жағдайы туралы қоғамның хабардарлығын арттыру және қоршаған ортаны қорғауға деген жауапкершілікті қалыптастыру.

Іс-шара өнерпаз зейнеткер Жанат Боранқұлованың орындауындағы «Аралдан ұшқан аққулар» әнімен басталды.

Кездесу барысында қатысушыларға Арал теңізінің тартылу себептері мен оның экологиялық зардаптары туралы ақпарат берілді. Бағдарлама аясында күміс еріктілердің қатысуымен танымдық бөлім, музыкалық және би қойылымдары, сондай-ақ, экологиялық викторина ұйымдастырылды. «Қыздарай» би ұжымы тақырыпқа сай би қойылымын ұсынып, іс-шараның көркін аша түсті.

Іс-шараның қорытынды бөлімінде Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы директорының кеңесшісі, елорданың қадірлі ақсақалы Мұхтар Еркетаев жастарға тағылымды ақыл-кеңесін айтып, өмірлік тәжірибесімен бөлісті. Ол жастарды туған жерді сүюге, табиғатты аялауға, ел болашағына бейжай қарамай, қоршаған ортаны қорғау ісіне белсене атсалысуға шақырып, ақ батасын берді.

Аға буын мен жас ұрпақтың басын қосқан бұл кездесу ұрпақтар сабақтастығын нығайтып, табиғатқа жанашырлықпен қарауға үндеген маңызды іс-шара болды.