Тұрсын Жұртбай – ұлттық әдебиеттануда қаламы қарымды жазушы, зерделі зерттеуші-ғалым ретінде танылған тұлға. Журналистикада ойы сергек публицист, көркем әдебиетте өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан жазушы, ғылымда әдебиет пен ұлттық тарихты сабақтастыра зерттеген ғалым ретінде оның шығармашылық жолы сан қырлы.
Тұрсын Жұртбайдың әдеби ортаға ақын ретінде қадам басқаны жөніндегі бірқатар деректер бар. Қаламгердің өлеңдер тобы алғаш рет 1969 жылы «Лениншіл жас» газетінде жарияланып, кейінгі жылдары «Жұлдыз», «Жалын» журналдарында да жарық көрді. Шығармашылық ізденістерінің нәтижесінде 1978 жылы «Қоңыр қаз», 1980 жылы «Жүрегімде – жұмыр жер» атты жыр жинақтары жарыққа шығып, ақынның әдеби ортадағы орнын бекіте түсті.
Тұрсын Жұртбай поэзиясының тақырыптық аясы кең. Ақын өлеңдерінен өмір мен өнер, азаматтық ұстаным, ұлттық сана, туған жер, табиғат, адам жаны мен сезім иірімдері қатар көрініс табады.
Ақындық ізденістің осындай кең тынысы кейін қара сөзде жалғасын тапты. Проза саласындағы көркем туындылары «Аяныш», «Ғазиз анам», «Ән», «Бір уыс жусан», «Түйешінің қызы», «Болашақтың бәйтерегі», «Шилі өзен қамыс-ай», «Бір тошала хикаясы», «Бесқарагер», «Қар астындағы көбелек» тәрізді әңгіме, новелла, хикаят және ноктюрн жанрындағы шығармаларымен толығады. Бұл туындылардың қай-қайсысында да жазушының адам тағдырына, оның жан әлеміндегі арпалыс пен толғанысқа ден қоятыны анық байқалады.
Тұрсын Жұртбай прозасының басты ерекшелігі – адамның сыртқы әрекетінен гөрі ішкі әлеміне үңілуінде. Кейіпкердің жан толқынысы, сағынышы, өкініші мен қуанышы ішкі монолог, естелік, лирикалық шегініс арқылы табиғи өріледі. Жазушы кейіпкер тағдырын қоршаған орта, уақыт және өмір шындығымен сабақтастырады.
Тұрсын Жұртбайдың жазушылық болмысын айқындай түсетін көлемді шығармаларының бірі – «Жер-бесік» роман-новелласы. 1976 жылы жазылған туындыда ХХ ғасыр басындағы ел басынан өткен ашаршылық, босқыншылық, саяси қысым мен ұлттық рухтың күйзелісі Кербала тағдыры арқылы суреттеледі. Қаламгер жеке адамның өмір жолын суреттеу арқылы тұтас бір дәуірдің кескін-келбетін танытады.
Тұрсын Жұртбайдың сыншылық қыры оның әдебиет тарихын зерттеуге бет бұруымен сабақтас қалыптасты. 1980-1990 жылдары «Жұлдыз» журналының сын бөлімінде әдеби қызметкер, кейін бөлім меңгерушісі болған қаламгер сол кезеңдегі қазақ әдебиетінің көркемдік даму үдерісін жіті бақылап, әдеби қозғалыстың өзекті мәселелерін сын сүзгісінен өткізді. Осы жылдары «Қазақ әдебиеті», «Жұлдыз», «Жалын», «Жетісу» секілді мерзімді басылымдарда сыни мақала, рецензия, эссе тәрізді сынның түрлі жанрларында жазылған жарияланымдарын тізбектеуге болады.
Қаламгердің сыншылық болмысын айқындайтын басты сипаттың бірі – шығармашылық тұлғаны оның тұтас әдеби ортасымен, дәуір тынысымен байланыста қарастыруы. Қаламгердің көркемдік ізденісіне баға бере отырып, оның шығарма табиғатын, авторлық ұстанымын, көркемдік шешімін ашуға ден қояды. Бұл ретте жазушының әдеби сыннан жинақтаған тәжірибесі кейінгі ғылыми-зерттеу еңбектерінің де табиғи арқауына айналды. Сыншы-ғалым ретінде Тұрсын Жұртбайдың назар аударған мәселелері де кең әрі күрделі.
Тұрсын Жұртбайдың ғылыми-шығармашылық ізденісінің негізгі арналарының бірі – абайтану мен әуезовтану. Ғалымның Абай тұлғасын бала шағынан бастап кемел ой иесі деңгейіне дейінгі қалыптасу жолымен сабақтастыра қарастырған «Абай», ақынның ішкі рухани әлемін тарихи-танымдық кеңістікпен байланыста зерделеген «Күйесің, жүрек... Сүйесің», Абайдың ақыл, қайрат, жүректің айтысынан бастау алатын «толық адам» концепциясын жаңаша пайымдаған «Толық адам», ақын шығармаларының мазмұндық, мәтіндік қырын қатар қарастырған «Ол боламын демеңдер», «Білмей мұны жазған жоқ» және өзге де еңбектері зерттеушінің абайтану саласындағы ізденістерінің ауқымын кеңейтеді. Сөзіміздің айғағы ретінде аталған зерттеулердің ғылыми мәнін айқындаған әдебиеттанушы-фольклорист, профессор Сейіт Қасқабасовтың бағасын келтірсек, ғалым ойын былайша тарқатады: «Бір тақырыпқа осыншама тұрақтылық танытып, ой қайталамай талдаудың өзі туынды иесінің таным жолындағы ізденісінің табандылығын танытады. ...әр монографиясының тақырыбы да тың әрі бірінің мазмұнын бір дамытып, тереңнен тамыр тартады».
Шын мәніндегі зерттеуші – әдебиеттің терең қатпарына үңілуімен, қаламгерлік борышын биік сезінуімен және жауапкершілікті берік ұстануымен айқындалады. Сол себепті зерттеу нысанына үстірт қарамау, тақырып пен идея тұтастығын сақтау, шындықты астарлы түрде беру, сондай-ақ көркем туынды не тарихи-дерекнамалық еңбектің өмірлік материалына тән ақиқаттың тым әсте бұрмаланбауы негізгі қағида қатарына жатады. Мұны жете түсінген зерттеушінің «Бесігіңді түзе!», «Бесігіңді ая!», «Бесігіңді аяла!», «Бесігіңді ұмытпа!», «Бұзылған бесік», «Бейуақ», «Талқы» атты зерттеу жұмыстарында Мұхтар Әуезов тұлғасы тарихи кезең шындығымен байланыстырыла қарастырылады. Аталған зерттеулердің басты құндылығы – зерттеу нысанына алынған тарихи тұлғаның заман шындығы мен тарихи фактілер аясында қарастырылуында. Соған сәйкес, әуезовтану саласындағы ғалым еңбектерін ғылыми жүйелеу міндеті алға қойылды.
1966 жылы жарияланған «Абай шыңы – Мұхтар шыңы» мақаласы – зерттеушінің бір жағынан публицистикалық, бір жағынан әуезовтануға қатысты еңбегінің, қалам қарымының алғашқы жемісі. Қазақ әдебиетінің қос алыбын теңестіре отыра, Мұхтар Әуезовтің шығармашылығын сөз еткен бұл мақала – жас ізденімпаздың әдеби-танымдық қызығушылығынан бастау алған, кейін ғылыми жүйеге түскен ой-өрісінің тұңғыш көрінісі.
Ұланғайыр зерттеулер мен сыни пікірлердің, көлемді еңбектердің жазылуы Мұхтар Әуезовтің тарихи тұлғасы мен шығармашылық мұрасын қарастыруға кең жол ашты. Мұхтартанушылардың ізімен ғалым Тұрсын Жұртбай да әуезовтанудың келелі мәселелерін көтере білді.
«Бесігіңді түзе!..» зерттеу еңбегінде автордың мына сөзі кездеседі: «Тамыр нәрін Абай топырағынан алған «асыл дән» сол шаңырақта «мәуесін» жайып, жемісін берді. Ол «дән», ол «нәсіл» – ұлы ақынның сырласы Әуез қарттың немересі, «момын Омарханның» ұлы – Мұхтар болатын».
Міне, Тұрсын Жұртбайша, осы бір «дәннің» қазақ әдебиеті мен мәдениетіне «егіліп», сөз өнеріне қатысты дүниемен бірге тамырын жайғаны туралы, сол алып бәйтеректің кең тынысты тұлғасы мен сан-салалы еңбегі жайында сөз болады. Әуезов шығармашылығын зерттеуде «Кінәмшіл бойжеткен», «Қаралы сұлу», «Қаракөз», «Оқыған азамат», «Сөніп-жану» сынды көркем туындылардың жазылу тарихы да назардан тыс қалмайды.
Көркем сөзден басталып, көлемді еңбектермен жалғасқан Тұрсын Жұртбайдың шығармашылық жолы алаштану ғылымының өрісін кеңейтті, Алаш қозғалысын ұлт тарихындағы тарихи-рухани құбылыс ретінде тануға жол ашты. Осы ретте
С. Қирабаевтың «Рух дулығасы» мақаласында қазақ әдебиетіндегі өткен буын мен бүгінгі ұрпақ арасын жалғаған тұлға ретінде бағаланған алаштанушы-ғалым Тұрсын Жұртбай ұлт тарихын түгендеу ісіне белсене араласты. Архив қойнауындағы «қан жылаған құжаттарды» өзара сабақтастыра отырып, «Ұраным – Алаш!..», «Алаш қозғалысы – Движение Алаш» атты іргелі зерттеулерін жариялады.
Ғалымның зерттеушілік позициясы «Ұраным – Алаш!..» зерттеуінің бастапқы беттерінен-ақ көрінеді. Қазақ халқының дербес ел болып өмір сүру құқығын негіздеп берген қайраткерлерді: «Ұлттық биліктен айырылып,
«өз қолынан өзінің ырқы кеткен соң да» (Абай) қазақтың қамын жеп, елінің мұң-мұқтажын жоқтай білді. Азаматтық мойынсынбауды, Рухани Тәуелсіздікті, Ұлт Азаттығын мұрат тұтты», деп сипаттай отыра, оларды ғылыми тұрғыдан жүйелі зерттеу нысанына айналдырды. Ғалымның осы бағыттағы ғылыми қызметі, осылайша, архив деректерін іздестіру, іріктеу және мазмұндық тұрғыдан жүйелеу үдерісімен байланысты болды. Зерттеушінің мұрағат материалдары негізінде жүргізген жұмысы төмендегідей төрт бағытта іске асты:
1. Құпия құжаттар мен жарияланбаған дереккөздерді игеру, тергеу материалдарын жүйелеу. Ғалымның өз зерттеулеріне сүйенсек, замана шындығын құжат арқылы тануға бағытталған ізденісі 1987 жылдардан бастау алады.
2. Архив құжаттарындағы тарихи оқиғалар жөніндегі мәліметтерді оқырманға деректік негізде ұсыну. Бұл жөнінде ғалым «Алаш қозғалысы» үштағанында:
«...белгілі бір тарихи оқиғалар туралы мәлімет берілмесе (мысалы, 1921-1922 жылғы бір миллионға жуық қазақтың өліміне себепкер болған ашаршылық туралы мұрағат құжаттары), қандай ашаршылық жөнінде айтылып отырғанын оқырман сезіне алмайтыны анық» – деп жазады.
3. Архивтік деректерді ғылыми айналымға енгізу. Құпия құжаттар ғалымның өз еңбектеріне ғана емес, іргелі зерттеулер мен көптомдық басылымдарға да негіз болды. Мәселен, М. Қойгелдиев жетекшілігімен жарық көрген «Қазақ ұлт-азаттық қозғалысы» көптомдығының жетінші томында «Бейуақ», он алтыншы томында «Бұзылған бесік!..» зерттеулері жарияланды.
4. Алаш қайраткерлеріне қатысты тергеу материалдарын сұрыптап, түсініктемелеп, жүйелі түрде ұсыну. Көрсетінділер, тыңшылардың сипаттамалары, өзара жазысқан хаттар іріктеліп, қажетті тұсында түсінік пен ғылыми пікір берілді. Осылайша жинақталған деректер «Ұраным – Алаш!..», «Алаш қозғалысы – Движение Алаш», «Біртұтас Алаш идеясы», «Алаш ақиықтары», сондай-ақ «Бейуақ», «Талқы», «Бесігіңді түзе!..» секілді еңбектеріне арқау болды. Бұл еңбектерден ғалымның әдебиеттану ғылымына қосқан үлесінің тарихи-деректік сипатымен ерекшеленетіні байқалады.
Ғалымның Алаш мұрасын жинақтау және жариялау жолындағы еңбегінің мәнді нәтижесі ретінде Алаш қайраткерлерінің есімдерінің ақталып, олардың шығармашылық мұрасының халықпен қайта қауышуын атауға болады. Бұл бағыт асқан жауапкершілік пен мұқияттылықты талап еткені белгілі. Осындай күрделі жолда Тұрсын Жұртбай табанды ғылыми ізденіс жүргізді. Мәселен, «Ұраным – Алаш!..» түрме әфсаналарының жариялануымен бірге ғұмыры, шығармашылығы мен қызметі зерттелген қайраткерлер қатарында Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Халел Ғаббас, Міржақып Дулатұлы, сондай-ақ Халел және Жаһанша Досмұхамедовтер, Әлімхан Ермек, Мәннан Тұрғанбаев, Жақып Ақбаев, Даниал Ысқақов, Қошке Кемеңгерұлы, Мәжит Күдерин сынды тұлғалардың есімі мен еңбегі қайта жаңғырды.
Шынтуайтқа келгенде, ғалымның тергеу құжаттарын жинақтап-жариялау ісіндегі ерекшелігі – кеңестік кезеңдегі ұлт зиялыларын қудалау мен қуғын-сүргінге ұшырату саясатының астарын ашып көрсетуі мен оқырманға ұсынуында. Асылы, ақиқатты батыл жария ете білуінде қайсар мінез бен бүкпесіз өршіл рух жатқаны рас. Ғалымның авторлық жинақтары мен зерделі зерттеулері ұлт тарихындағы ақиқат жолды саралап бергендігімен, ұлтқа қызмет көрсетудің ерен үлгісін танытқанымен құнды. Осы тұрғыдан келгенде, Тұрсын Жұртбайдың ұраны «Алаш» екендігі аққа қара басқандай білінеді.
Олай болса, қазақ әдебиетінің сан-салалы жол торабында өзіндік қолтаңбасы мен қалам бедері айқындалған Тұрсын Жұртбайдың шығармашылық еңбегінің нысаналы мақсаты – ұлттық руханияттағы тарихи шындықты әдеби-танымдық тұрғыдан зерделеу. Тарихи шындықты астарлы түрде суреткерлік шеберлікпен жеткізген прозасы да, тергеу мен түрме құжаттары арқылы тарихтың ақтаңдақ беттерін ашуға бағытталған ғылыми зерттеулері де аталмыш мақсатын нық танытады.
Бір қаламгер болмысында ақындық қабілет пен жазушылық дарын, ғалымға тән табандылық пен ізденімпаздық тоғысса, мұндай шығармашылық тұлға феномендік болмысымен ерекше. Әдебиет тарихының әр саласында тынымсыз еңбек еткен әрі сол еңбекке асқан жауапкершілікпен қараған Тұрсын Жұртбайдың шығармашылық жолына тән басты сипат осы деп білеміз.
Аяжан ДӘУРЕНБЕК,
филология
ғылымдарының магистрі