Сөз өнерінің есігін өлеңмен ашып, ақындық сезім мен ғалымдық пайымды, жазушылық талғам мен публицистикалық ойды шебер тоғыстыра білген жазушы, ғалым-әдебиеттанушы Тұрсын Жұртбайдың шығармашылығында эссе жанрының да орны айрықша.
Тұрсын Жұртбайдың эсселері – жай ғана ой толғау немесе «пәленнің көзін көрдім, бірге болдым» деген мағынадағы мазмұны мақтанға жуық шығармалар емес, керісінше қаламгердің ішкі әлемін, тарихи жадын, ұлттық танымын, адам мен қоғам туралы пайымын танытатын көркем-танымдық дүниелер. Жазушының «Жансар» деп аталатын эссе-естеліктер жинағынан біз осындай ой түйдік.
Ауызекі әңгіменің өзін қағаздан оқып отырғандай шешен тіл, шебер мәнермен жеткізіп, тыңдаушысын бірден баурап әкететін Тұрсын Жұртбайдың шешендік болмысы дәл осы эссе жанрын жазғанда анық көрініс береді. Маймөңкелеп, орынсыз теңеулерді келсе-келмес тықпалап, сөзді әшекейлеуге әуестенбейтін оның сөз саптауында ауызша әңгімеге тән еркіндік пен жазба әдебиетке тән көркемдік қатар өріліп жатады. Яғни қаламын қолына алған сәттен бастап, ойын қалай бастаса, сол табиғи қалпында өрбітіп оқырманын «ойпырай-ә» дегізіп соңына дейін жетелеп отырады. Қарапайым ғана оқиғаның өзін әсерлі детальмен өрнектеп, ойдың салмағын дауыс ырғағы мен сөз екпіні арқылы сезіндіре біледі.
Оның қай эссесін оқысаңыз, сол шығармадан ең алдымен, автордың өз дәуіріне, өз ортасына, ұлттың рухани болмысына деген азаматтық жауапкершілігі аңғарылады. Ол көргенін ғана баяндамайды, көргенінің мәніне үңіледі, білгенін ғана тізбелемейді, сол білімнің ар жағындағы адамдық, тарихи, рухани ақиқатты іздейді. Сондықтан да Жұртбай эсселеріндегі «мен» – дара тұлғаның өзін алға көрсететін мені емес, керісінше белгілі бір дәуірдің, ортаның, ұлттың рухани тәжірибесін таразылайтын «алдыңғыға мұрагер, кейінгіге бұйдагер» болатын алтын арқау ретінде айшықталады. Яғни оның шығармаларындағы «мен» автордың жеке естелігінен басталғанымен, одан әрі жеке адам шеңберінен шығып, тұтас бір дәуірдің рухани шежіресіне ұласады.
Тұрсын Жұртбайдың Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Әлкей Марғұлан, Сапарғали Бегалин, Ләйла Әуезова, Бауыржан Момышұлы, Асқар Тоқпанов, Қайым Мұхамедханов, Нығымет Мыңжани, Сафуан Шәймерденов, Тұрсынбек Кәкішұлы, Ғафу Қайырбеков, Шерхан Мұртаза, Рымғали Нұрғали, Жәнібек Кәрменов сынды қазақтың біртуар марқасқа тұлғалары туралы жазған эсселерін оқып отырып, өзің солармен бірге жүргендей күй кешесің. Себебі жоғарыда айтқанымыздай қаламгер бұл есімдерді атаумен немесе олармен жүздескенін айтып, өзінің өмірбаяндық «артықшылығын» көрсетумен шектелмейді. Әр тұлғаның болмысынан өз дәуірінің тынысын, ұлт руханиятының бір қырын, адамдық мінездің бір үлгісін іздейді және соны саған көрсетуге тырысады.
Т. Жұртбайдың тұлғалар туралы жазған эсселері естелік жанрының аясында қалып қоймайды. Бір қарағанда, автордың белгілі бір қаламгермен, ғалыммен, өнер адамымен болған кездесуі, әңгімесі, бірге өткізген сәттері баяндалатындай көрінгенімен, сол естеліктің астарында онан әлдеқайда ауқымды дүние – дәуірдің рухани келбеті көзге ұрып тұрады. Бір адамның мінезі арқылы бір ортаның мәдениетін, бір тұлғаның тағдыры арқылы тұтас буынның болмысын танытады. Өзі көрген, бірге жүрген, сөзін тыңдаған адамдардың асыл бейнесін кейінгі буынға жеткізе отырып, көзден кеткенімен, көңілден кетпеуге тиіс асыл сөзді, өнегелі өмірді, айнымас азаматтық ұстанымды кейінгіге аманат ретінде жеткізеді.
Құдакелдіұлының құдіреті деректі құрғақ баяндап қоймай, оған жан бітіреді. Тұлғаның айтқан сөзі, мінезі, жүріс-тұрысы, белгілі бір оқиғаға қатысты естелік немесе тарихи деталь авторлық пайыммен астасып, оқырманға сол дәуірдің тынысын сезіндіреді. Оның эсселерін деректік негізі берік, көркемдік қуаты жоғары шығармалар қатарына қосатын да осы қасиет.