Астанада дене шынықтыру мен спортты дамыту бағытындағы жүйелі жұмыс жалғасуда. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша елорда тұрғындарының 600 мыңнан астамы, яғни халықтың 43,6% тұрақты түрде спортпен шұғылданады. Саладағы атқарылған жұмыстар туралы Астана қаласының Коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз конференциясы барысында қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Азамат Ағзамов баяндады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Бұқаралық спорт – әр тұрғынға қолжетімді
Саланың басым бағыттарының бірі – барлық жастағы тұрғындар үшін спорттың қолжетімділігін қамтамасыз ету. Елордада Aula Fit, Aula Football, «Өзіңнен баста!», Street Workout жобалары, йога мен скандинавиялық жүрістен тегін сабақтар ұйымдастырылуда.
Aula Fit жобасы аясында жаттығулар қаланың барлық алты ауданындағы 30 аула спорт алаңында өтеді. Жазғы кезеңде тегін спорттық жобалармен шамамен 30 мың тұрғынды қамту жоспарланып отыр.
Елордада әлемдік деңгейдегі ірі спорттық турнирлер өтіп жатыр
2026 жылы елордада 1 208 спорттық-бұқаралық іс-шара өткізу жоспарланған. Оның ішінде 61 халықаралық жарыс бар. Жыл басынан бері 437 іс-шара ұйымдастырылған.
Биыл елордада бірқатар ірі халықаралық жарыс өтті. Олардың қатарында семсерлесуден Әлем кубогы, Judo Grand Slam «Qazaqstan Barysy», Counter-Strike 2 бойынша PGL Astana 2026, боччадан Әлем кубогы, эстетикалық топтық гимнастикадан Әлем кубогы, таеквондодан Altaic Taekwondo Championships және Kazakhstan Open халықаралық турнирлері бар.
Жылдың ең ірі оқиғаларының бірі - «Болашақ ойындары – 2026» халықаралық мультиспорттық турнирі болды. Оған 808 спортшы қатысып, цифрлық және классикалық спортты тоғыстырған жаңа форматтағы сайыстар ұйымдастырылды.
Жыл соңына дейін Астана тағы бірнеше ірі халықаралық доданы қабылдайды. 15-20 қыркүйек аралығында үстел теннисінен халықаралық турнир, 15-17 қазанда жүзуден Әлем кубогының кезеңі өтеді. Ал 24 қазан мен 1 қараша аралығында елорда еркін, грек-рим және әйелдер күресінен әлем чемпионатын қабылдайды.
Астанада 10 спорт мектебіне балаларды қабылдау жалғасуда
Елорданың 10 мемлекеттік спорт мектебінде балалар мен жасөспірімдерді қабылдау жалғасуда. Қазіргі уақытта аталған мектептерде 9 мың бала мен жасөспірім жаттығады. Мұнда 62 спорт түрі, оның ішінде 39 олимпиадалық спорт түрі бойынша дайындық жүргізіледі.
Спорт мектептерінде 20 астам бағыт ұсынылған. Олардың қатарында гимнастика, қысқы және су спорты түрлері, жекпе-жек, ойын спорттары, жеңіл атлетика, футбол, хоккей, велоспорт, триатлон, семсерлесу, ату спорты және ұлттық спорт түрлері бар.
Балаларды қабылдау жасы спорт түріне байланысты белгіленеді. Мәселен, мәнерлеп сырғанау – 4-5 жастан, гимнастика мен хоккей – 5 жастан, спорттық құзға өрмелеу мен триатлон – 6 жастан, футбол – 7 жастан бастап қабылданады
№1 мектеп – көркем, спорттық және батуттық гимнастика, спорттық құзға өрмелеу. №2 мектеп – мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, конькимен жүгіру, биатлон, шаңғы жарысы. №3 мектеп – бокс, кикбоксинг, күрес түрлері, дзюдо, самбо, қазақ күресі, муайтай, джиу-джитсу, каратэ, таэквондо, асық ату, тоғызқұмалақ. №4 мектеп – академиялық есу, байдарка және каноэде есу, су добы, жүзу, суға секіру, әртістік жүзу. №5 мектеп – волейбол, баскетбол, гандбол. №6 мектеп – тас жол, трек және маунтинбайк бағыттары бойынша велоспорт, триатлон. №7 мектеп – 9–11 жастағы балаларға арналған жеңіл атлетика. №8 мектеп – іріктеу нәтижесі бойынша 7-17(18) жастағы ұл балаларға арналған футбол. №9 мектеп – бадминтон, үстел теннисі, оқ ату және стенд ату, қазіргі бессайыс, садақ ату, ауыр атлетика, семсерлесу. Кейбір спорт түрлері бойынша қабылдау жасы 6-дан 18 жасқа дейін.
№10 мектеп – шайбалы хоккей. Қазіргі қабылдауға 2021 жылы туған ұлдар мен қыздар қатысады. Өтініш берген кезде бала 5 жасқа толған болуы тиіс.
Қабылдау тамыз-қыркүйек айларында жүргізіледі. Қабылдау кезінде баланың жасы, дене дайындығы, қабілеті және нақты спорт түрінің талаптары ескеріледі.
Осылайша, Астананың мемлекеттік балалар-жасөспірімдер спорты жүйесі 4-5 жастан 17-18 жасқа дейінгі балаларды қамтып, дене шынықтырумен алғашқы айналысудан бастап кәсіби спорт резервін даярлауға дейінгі толыққанды жағдай жасап отыр.
Қабылдау мерзімдері, жас санаттары, іріктеу талаптары және байланыс мәліметтері туралы толық ақпарат Астанадағы 10 спорт мектебінің ресми интернет-ресурстары мен әлеуметтік желідегі парақшаларында жарияланған.
Елордалық спортшылар 2,7 мыңнан астам медаль жеңіп алды
Бірінші жартыжылдықта Астана спортшылары 668 жарысқа қатысып, жалпы 2 712 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 1 069 алтын, 844 күміс және 799 қола медаль бар.
Жылдың екінші жартысында елордалық спортшыларды Қырғызстанда өтетін VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары, Жапонияда өтетін Жазғы Азия және Пара Азия ойындары күтіп тұр.
Қазіргі уақытта Астанадан 13 спорт түрі бойынша 24 спортшының Азия ойындарына қатысуы бекітілді. Пара Азия ойындарына 20-ға жуық спортшының қатысуы жоспарлануда.
Спорт инфрақұрылымы дамып келеді
Бүгінде елордада 800-ден астам спорт нысаны, оның ішінде 36 ірі спорт кешені жұмыс істейді. Аула спорт алаңдары мен дене шынықтыру-сауықтыру кешендерін дамыту жалғасуда.
«Қазақстан» спорт сарайын қайта жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр, оны 2027 жылы аяқтау жоспарланған.
Спортшыларды медициналық қолдауға ерекше көңіл бөлінуде. Спорттық медициналық орталық жыл сайын 7 мыңға жуық спортшыға қызмет көрсетеді. Жыл басынан бері 200-ден астам оңалту консультациясы және 2 мыңнан астам қалпына келтіру рәсімі жүргізілді.
Спорт күні елордаға арналған мереке
Астанада Спорт күніне арналған іс-шаралар өтеді. 15 тамызда Триатлон саябағында жаппай жүгіру жарысы өтеді. Йога, Street Workout бойынша ашық жаттығулар мен жекпе-жек спорт түрлерінен көрсетілімдер қамтылған спорт фестивалі ұйымдастырылады.
Басты іс-шаралардың бірі - Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында өтетін қазақ күресінен «Қазақстан Барысы» республикалық турнирі болады.
Сондай-ақ Орталық саябақта «Астана – есірткісіз қала» акциясы аясында Astana Sport Power Fest жобасының екінші маусымы басталып, қыркүйекке дейін тұрғындарға тегін спорттық жаттығулар мен белсенді демалыс бағдарламалары ұсынылады. Бұдан бөлек, байдаркада есу чемпионаты, аула командалары арасындағы футбол турнирі және отырып ойнайтын волейболдан ашық жарыс өтеді.
Елордадағы спорт саласының басты мақсаты – әрбір тұрғын үшін дене белсенділігін қолжетімді ету, спорт резервін сапалы даярлау және Астананың халықаралық деңгейдегі ірі жарыстарды өткізетін орталық ретіндегі мәртебесін нығайту.