Үсенбаева үкілеген таланттар

Үсенбаева үкілеген таланттар
фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Елордада төрт күнге жалғасқан Қазақстанның және Татарстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұржамал Үсенбаеваның II халықаралық вокал өнері байқауы түйінделді. Лауреаттардың гала-концерті мен марапаттау салтанаты Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның концерт залында өтті.

Опера секілді бекзат өнерді дәріптейтін байқау ауқымы жай­лы айтсақ, оған әлемнің 11 елінен әншілер қатысты. Қазылар алқасы құрамына Қазақстан, Германия, Қытай, АҚШ, Франция, Ресей, Литва және Италиядан келген опера өнерінің көрнек­ті өкілдері, дирижерлер мен педагогтар кірді. Бұл қатарда жетекші музыка театрлары мен консерваторияларынан келген танымал мамандар, профессорлар мен солистер болды. Оларға Нұржамал Үсенбаеваның өзі төрағалық етті.

Жабылу салтанатында Нұржамал Үсенбаева байқауға қолдау көрсеткен Астана қаласының әкімдігіне, ұйымдас­тырушы Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясына алғысын жеткізді. Бір айта кетерлігі, іс-шарада жеңімпаздар ғана ма­рапатталып қоймай, жүлделер қатысушыларға жаңбырдай жауды. Арасында әлем сахналарында өнер көрсетуге, сол арқылы шығармашылығын шыңдауға мүмкіндік беретін қазылар алқасы мүшелерінің арнайы жүлделері тапсырылды. Атап айтқанда, Париж жоғары ұлттық музыка және би консерваториясының профессоры Джордж Пехливанян төрт қазақстандық әншіні өзінің жеке опера академиясында «Травиата» операсында партияларды орындауға шақырды. Бұл – Мақсат Саматов, Дінмұхамед Көшкінбаев, Талғат Аллабиринов және Аяжан Қуанышәлие­ва. Сондай-ақ Пехливанян 2027 жы­лы «Дон Паскуале» операсына қатысуға Данияр Төлегенов (Қазақстан) және Jambaljav Khishigbat (Моңғолия) секілді конкурсанттарға мүмкіндік беретінін жеткізді.

Шанхай консерваториясы­ның доценті Ши Хэн Шанхай опера орталығында өнер көрсетуге екі конкурсантқа жолдама берді. Соның ішінде Isabelle Luisa Nahrstedt (Германия) ­Джульет­та партиясын орындауға және Шан­­хай мен Ханчжоу қалала­рын­дағы концерттерге қатысу­ға, ал Вероника Мешкова (Ресей) келесі жылы Шарль Гуноның «Фауст» операсындағы Маргарита партиясын орындау құ­қығына ие болды.

Литва музыка және театр академиясының профессоры Дейвидас Стапонкус Isabelle Luisa Nahrstedt (Германия) сынды қатысушыны XVII St. James халықаралық фестиваліне қатысуға шақырды. Ал италиялық тенор Джанни Леччезе Аяжан Қуанышәлие­ва­ға алдағы жылы Джакомо Пуччинидің «Богема» операсындағы Мюзетта партия­сын орындау­ға және Италиядағы Oltre Lirica Music Festival халық­аралық фестиваліне қатысуға мүмкіндік берді. Сондай-ақ Аяжанға белгілі қылқалам шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алпысбай Қазығұлов өзінің картинасын сыйға тартты. Сондай-ақ байқау дипломанттары мен «Үздік концертмейстер» аталымында топ жарғандар марапатталды. «Мир через культуру» халықаралық қауымдастығының арнайы ақшалай сыйлығы Вероника Мешковаға (Ресей), Перл Вейн­манға (АҚШ), Myagmarsuren Khurelbaatar-ға (Моңғолия), Атахан Айбек уулуға (Қырғыз­стан) тапсырылды.

Ал жүлделі орындар былай­ша бөлінді: 3-орынды Талғат Аллабиринов (Қазақстан), Изабель Луиза Нарштедт (Германия), Эдгарас Давидовичюс (Литва) иеленді. 2-орынды Чжао Юэхань (Қытай), Анатолий Бадаев (Ресей), Munkhtuvshin Khorolgarav (Моңғолия) алды. Бірінші орынды Дінмұхамед Көшкінбаев (Қазақстан) жеңіп алды. Ал бас жүлде Мақсат Саматовқа бұйырды.

Гала-концертті Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясы симфония оркестрінің сүйемелдеуімен, Қазақстанның Халық әртісі Абзал Мұхитдиннің дирижерлігімен Нұржамал Үсенбаеваның I халықаралық вокал өнері байқауының жеңімпазы Расул Жармағамбетов бастап, осы байқауда топ жарғандар жалғастырды. Олар әлемдік және қазақстандық опера жау­һарларынан партияларды орындады. Бір атап өтерлігі, осы байқау екі жылда бір рет ұйымдастырылады. Оған 20-35 жас аралығындағы кәсіби вокалистер қатысады. Алғашқы байқау 2024 жылы өтті.