Үш алыппен ұмытылмас кездесу

Үш алыппен ұмытылмас кездесу

1980 жылы өзім Целиноград облысы Қорғалжын ауданының жазғы «Орлёнок» пионерлер лагерінде басшы, ал жұбайым Шолпан Жылқыбайқызы дәрігер болып жүрген кезімізде «ертең таңертең сағат 9-да аудандық партия комитетіне бірінші хатшы Шабатов Әділхан Кенжебайұлының қабылдауына келіңіз» деген хабар жетті.

Неге шақырды екен деп таңертең барсам, тек мен емес, аудандық тұтынушылар одағының бастығы Төкен Бексейітов, аудандық атқару комитетінің нұсқаушысы Балтабай Ибра­йымбеков қабылдау бөлмесінде тұр екен. Мен амандасып болғанша үшінші хатшы Бижкенов Ермек Балтабайұлы да келді.

Тура уақытында бірінші хатшының қабылдауына сәлем беріп кірдік. Орнынан тұрып, жылы шыраймен қарсы алды. Амандығымызды сұрап, «сендерді шақырған себебім, шілденің 9-11 күндері Целиноград қаласының 150 жылдығы рес­публика көлемінде тойланады. Соған әр аудан екі киіз үйден тігіп, жан-жақтан келген құрметті қонақтарды үш күн күтіп аламыз. Біздің аудан өздеріңіз жақсы білетін екі дүркін Кеңес Одағының Батыры, ұшқыш Талғат Бигелдинов, Рейхстагқа ту тіккен Рақымжан Қошқарбаев және КСРО Халық әртісі Роза Бағланованы күтіп алатын болдық. Тағы кімдерді бөледі, көреміз. Балтабай, сен екі киіз үйді тіккізіп, сыртының тазалығын, тамақ дайындайтын орнын орнаттырып, бақыла. Төкен, сен тамақ жағына жауап бересің. Оспан, сен киіз үйлердің ішкі жағын ұлттық нақышта барлық керек-жабдықпен безендір. Қонақтардың екеуі – жерлес ағаларың, ал Роза – өнер қайраткері. Ағаларың мен апаларыңның батасын аласыңдар» деді.

Күні-түні дайындалып, көптен күткен қонақтарымызды 9 шілде күні таңертең ерте әуе­жайдан күтіп алып, қонақүйге орналастырып, таңғы асқа әдемі ұлттық нақышта безендірілген киіз үйге алып келді. Қонақтарды төрге құрметпен шығарған соң, Әділхан Кенжебайұлы бізді таныстырды.

Міне, елге қадірлі үш ­ба­тырымызбен алғашқы та­ныс­тығымыз осылай басталды. Бұл мен үшін естен кетпес бақытты кезең еді. Таңғы, түскі, кешкі аста бірге болып, ағалар мен апаларымыздың әңгімелерін естіп, әр сөзін қалт жібермеуге тырыстым. Қазақта «Бір көрген біліс, екі көрген таныс, үш көрген туыс» дегендей, күннен-күнге туыстай жақындаса түстік. Арасында үзіліс кезінде мен де күй тартып, ән айтып, көңілдерін көтеріп ­отырдым.

Қонақтарға, әсіресе Роза Тәжібайқызына менің «Ата өсиеті» өлеңім ұнады ма, екі-үш рет қайталап орындатты. Әділхан Кенжебайұлы ақылды кісі ғой, сөз арасында «ауданымыздың өнерпазы, сіздердің жерлес інілеріңіз» деп төрдегі қонақтарға қарады. «Оспан – Целиноград ауданы Жаңажол ауылының жігіті» деп, домбыра тартып отырған маған қарады. Үндемей, күй тыңдап отырған Рақымжан Қошқарбаев есіне бірдеңе түсіргендей, сәл үнсіз­діктен кейін сөзге араласып, «Жаңажолды мен білемін, онда Сымағұл, Ақан, Бекіш деген ақсақалдар болған» деп тоқтады. Сөздің реті келіп тұрған соң, мен сол Бекіш атаның немересімін деп едім, «Еее, мына «Ата өсиеті» өлеңіңді сол атаңа арнаған екенсің ғой» деп батасын бергені, «Рақымжан деген ағаңды да білемін» деп бауырына жылы тартып сөйлегені әлі есімде.

Талғат Бигелдинов пен Рақымжан Қошқарбаев секілді асыл ағаларымыздың Целиноград ауданының тумасы екенін кейін ғана білдім. Ол кезде жас едім.

Целиноград қаласының 150 жылдығы тойының үш күні қасиетті киіз үйдегі қызықты сәттердің арқасында қалай тез өтіп кеткенін байқамай да қалдық. Қонақтармен қимай-қимай қоштастық. Қоштасарда Рақымжан Қошқарбаев бізге қарап ризашылығын білдіріп, алғысын айтып, ағалық жақсы батасын берді. «Алматыға дәм жазып келіп қалсаңдар, үйіме сендерді шақыра алмаймын. Ал «Алматы» қонақүйінде әр­қашан да сендерге бір бөлмем дайын» деп телефон нөмірін беріп тұрып, «ұялмаңдар, хабарласыңдар» деп қоштасқаны есте. Иә, ағамыз сөзінде тұрды. Алматыға іссапармен барғанда ол кісімен хабарласып, қонақүйде болғанмын. Бұл енді басқа әңгіме.

Оспан СҮЛЕЙМЕНҰЛЫ,

ағартушы-ұстаз