Қазақстан Халық Кеңесінің Өңірлік даму және жергілікті өзін-өзі басқару комитетінің алғашқы отырысы өтті. Отырысқа Қазақстан Халық Кеңесі төрағасының орынбасары – хатшылық басшысы Қанатбек Жайсанбаев қатысты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Отырыс барысында комитеттің негізгі ұйымдастырушылық мәселелері мен қызметінің басым бағыттары айқындалып, қоғамдық бастамалармен жұмыс жүргізу тәртібі талқыланды. Сонымен қатар үш салалық комиссия құрылды.
Отырысты ашқан комитет төрағасы Табиғат Зейнұлқабден алғашқы кезеңдегі негізгі міндет тек ішкі жұмысты ұйымдастырумен шектелмей, қоғамдық сұраныстармен мазмұнды жұмыс істеуге мүмкіндік беретін нақты әрі түсінікті тетікті қалыптастыру екенін атап өтті.

«Комитеттің жұмысы ең алдымен қоғамдық сұраныстарды анықтауға, оларды сараптамалық тұрғыдан пысықтауға және Қазақстан Халық Кеңесінің қарауына ұсыну үшін нақты ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлеуге бағытталады», – деді Табиғат Зейнұлқабден.
Комитет қызметінің негізгі бағыттарына өңірлердің теңгерімді әрі орнықты дамуын қамтамасыз ету, жергілікті өзін-өзі басқаруды жетілдіру, ауылдық аумақтарды дамыту, кәсіпкерлік пен инфрақұрылымды қолдау, қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану және әлеуметтік жауапкершілікті арттыру мәселелері кіреді.
Сондай-ақ мәслихаттармен, қоғамдық кеңестермен және азаматтық қоғам институттарымен өзара іс-қимылға ерекше мән беріледі. Комитет жұмысы тек отырыстар өткізумен шектелмейді. Қажет болған жағдайда көшпелі кездесулер, онлайн отырыстар, жұмыс кеңестері, сондай-ақ мемлекеттік органдардың, сарапшылардың және қоғам өкілдерінің қатысуымен түрлі іс-шаралар өткізу жоспарлануда.

Маңызды бағыттардың бірі – Қазақстан Халық Кеңесі мүшелерінің бастамаларымен жұмыс жүргізу. Бұл ретте мынадай кезеңдік жүйе қалыптастырылады: бастама көтеру, жұмыс тобын құру, мәселені салалық комиссия мен комитет отырысында талқылау, қажет болған жағдайда Қазақстан Халық Кеңесінің Төралқасы мен сессиясының қарауына шығару.
«Бастама жай ғана ұсыныс күйінде қалмауы керек. Әрбір бастама қажетті сараптамалық және құқықтық тұрғыдан пысықталып, оның нәтижесінде нақты ұсыныстар әзірленуі тиіс», – деп атап өтті комитет төрағасы.
Жұмысты мазмұнды әрі жүйелі ұйымдастыру мақсатында үш салалық комиссия құрылды.
Өңірлік даму және кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі комиссия өңірлер мен ауылдық аумақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуы, кәсіпкерлікті қолдау, сондай-ақ шекара маңындағы және шалғай елді мекендерді сақтау мен дамыту мәселелеріне басымдық береді.
Экология жөніндегі комиссия қоршаған ортаны қорғау, экологиялық қауіпсіздік, қалдықтарды басқару, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану, су қауіпсіздігі және экологиялық мәдениетті дамыту мәселелерімен айналысады.
Әлеуметтік жауапкершілік жөніндегі комиссия әлеуметтік және инклюзивті жобаларды қолдау, жастар бастамалары, отбасылық құндылықтар, толеранттылық мәдениетін дамыту және азаматтық жауапкершілікті арттыру мәселелерін қарастырады.
Сонымен қатар комитет төрағасы мүшелерді бағыттар бойынша бөлу бірлескен жұмысқа қатаң шектеу болмауы тиіс екенін атап өтті.
Комитет қызметін ұйымдастырушылық қамтамасыз етуде Қазақстан Халық Кеңесінің Хатшылығына маңызды рөл жүктеледі. Хатшылық комитет жұмысының ұйымдастырушылық, құқықтық және ақпараттық-талдамалық сүйемелдеуін, мемлекеттік органдармен және сарапшылық қоғамдастықпен өзара іс-қимылды қамтамасыз етеді.
Отырыста комитеттің 2026–2027 жылдарға арналған жұмыс жоспарын қалыптастыру жұмыстары да басталды. Комитет мүшелеріне жалпы күн тәртібіне енгізу үшін өз бастамалары мен ұсыныстарын ұсыну тапсырылды.
Сонымен бірге комитет мүшелері жұмыс нәтижелерін бағалау тәсілдерін талқылады.
Олардың пікірінше, жұмыстың тиімділігі өткізілген іс-шаралардың санымен ғана емес, комитет мүшелерінің жалпыұлттық күн тәртібіне тартылу деңгейімен, бірлескен жобалардың іске асырылуымен, қоғамдық қамтудың кеңеюімен және ел игілігіне кәсіби әрі сарапшылық әлеуеттің тиімді пайдаланылуымен бағалануы тиіс.
Қазақстан Халық Кеңесінің әрбір мүшесінің нақты үлесі комитет қызметінің басты нәтижелерінің бірі болуы керек.
Алғашқы отырыс комитеттің тұрақты жұмыс жүйесін қалыптастырудың бастапқы кезеңіне айналды. Ендігі негізгі міндет – бұл жүйені нақты бастамалармен, сараптамалық жұмыспен және өңірлермен тұрақты диалогпен толықтыру.
«Бүгін біз Тұрақты комитетіміздің жұмысын ұйымдастырудың негізін қалыптастырып жатырмыз. Әрбір отырыстың нақты әрі мазмұнды күн тәртібі болатындай, әрбір бастама қажетті сараптамалық және құқықтық тұрғыдан пысықталатындай, ал қызметіміздің нәтижесінде нақты ұсыныстар әзірленетіндей жұмыс жүйесін қалыптастыруды ұсынамын», – деді Табиғат Зейнұлқабден.