Мәртебелі кітап төрге шыққан күн

Мәртебелі кітап төрге шыққан күн
фото: Шәкәрім атындағы №56 мектеп-лицей

Бүгін Астанадағы Шәкәрім атындағы №56 мектеп-лицейде  «Кітап оқыған жас – болашақтың иесі» атты әдеби кездесу өтті. Кештің шымылдығы белгілі күйші Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйімен түрілді. Әсерлі кездесудің мұраты біреу болды, ол – оқушылардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру.

Әдеби кештің құрметті қонағы ретінде ҚР Президентінің БАҚ саласындағы сыйлығының лауреаты, журналист, публцист, Қазақстан Журналистер одағының және Жазушылар одағының мүшесі Төлен Тілеубай мен Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің лауреаты, «Уәде», «Беймаза шақ» жыр жинақтарының авторы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Әдебиет порталының» тілшісі Олжас Сәндібекұлын шақырған едік. Оқушылар мен мұғалімдер қонақтарымыздың өмірі мен шығармашылығына арналған бейнематериалдарды көріп, мол мағлұмат алды. Кештің жүргізушісі Ақнұр мұғалім шығармашылық иелерімен ашық сыр-сұхбат жүргізіп, саналуан сұрақтар қойды. Залда отырған оқушылар да өткір, тосын сұрақтар қойып, кітап оқуға деген ықыласы мен құрметінің зор екенін көрсетті.

Залдан сұрақ қойған бір оқушының: «Сіздің өміріңізді өзгерткен қандай кітап?» деген сөзіне Төлен Тілеубай ұтқыр, қызықты жауап берді. «Бұл сұрақ балалық шағымды еске түсірді. 6 сыныпта оқып жүргенде француз жазушысы Жюль Верннің «Он бес жасар капитанын» оқып, шығармадан керемет әсер алдым. Сол шығарма өмірімді өзгертті» дей келе сол кітапты оқығаннан кейін көркем әдебиетке, кітап оқуға деген зор қызығушылығы оянғанын, ғаламат шығарманың өз өмірін өзгертіп, арманының шырағданын жаққанын айтты.

Кеш қонағының белгілі жазушы Сайын Мұратбековтің «Қылау» әңгімесінен Сатай мен Рәбиғаның арасындағы диалогты екі балаға оқытқаны қызықты, әсерлі болды. Оқушылар Адиля мен Мұхаммед диалогты әсерлі етіп шығарды. Шығармадағы кейіпкерлердің қыстыгүні ат шанамен келе жатып қасқырды көретін жері тартымды. Т. Тілеубай тура сол жерге келгенде оқушыларды тоқтатып, оқиғаның әрі қарай қалай өрбитінін сұрады. Әр бала өз ойын айтты. Залда отырған үлкендер де, оқушылар да оқиғаның немен біткенін білгісі келіп, қатты қызығып тарқасты. Кездесу аяқталған соң жұрт сол кітапты іздеп кетті. Жазушының шеберлігі балаларды кітапқа осылайша қызықтыруға көмектесті.

Ақын Олжас Сәндібекұлы жастардың кітапқа деген қызығушылығын арттыру үшін іске асырылып жатқан «Кітап оқитын ұлт» марафонының маңызы және жас буынды кітап оқуға қалай жаппай жұмылдыруға болатыны туралы ойларымен бөлісті. Оқушыларға қалауына қарай қандай ақын-жазушылардың шығармасын таңдаса, рухани бағдарынан жаңылмайтынын жеткізіп, келелі кеңес берді.

Кеш соңында 9 сынып оқушысы Тілепберген Асылай домбырасын күмбірлетіп, әсем әнін шырқады. Мектеп директоры Анаргүл Қайрашқызы қонақтарға жылы лебізін айтып, оқушылардың өз қолымен салған суреттерін сыйға тартты. Қаламгерлер соңынан мектеп кітапханасының жазу кітабына қолтаңба қалдырып, оқушылармен және мұғалімдерімен естелікке суретке түсті.

Құндыз Тастанбекқызы,

Шәкәрім атындағы №56 мектеп-лицейдің кітапхана меңгерушісі.