Астана қаласы әкімдігінің №104 жалпы орта білім беретін мектебінде Қазақстан халқының тілдері күніне және ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 154 жыл толуына орай «Ахмет әлемі: тіл, тағылым, таным» атты әдеби ой алаңы ұйымдастырылды.

«Бүгінгі әдеби ой алаңының басты мақсаты – Ахмет Байтұрсынұлының қазақ тілі мен әдебиетіне, ағартушылық бағытқа қосқан өлшеусіз еңбегін кеңінен насихаттау және оның тағылымды мұрасын қазіргі ұрпаққа жеткізу. Ұлт ұстазының еңбектері – тек өткен тарихтың еншісіндегі құндылық емес, бүгінгі білім беру саласы үшін де маңызы зор рухани мұра. Осы ретте педагогтермен бірге ғалымның шығармашылығын зерделеп, оның тіл тазалығы, ұлттық сана, білім мен ағартушылық туралы ойларын талқылауды мақсат еттік. Сонымен қатар Қазақстан халқының тілдері күні аясында ана тілімізге деген құрметті арттыру, ұлттық құндылықтарымыз бен рухани мұрамызды дәріптеу – баршамызға ортақ міндет. Бүгінгі «Ахмет әлемі: тіл, тағылым, таным» атты әдеби ой алаңы осы мақсаттардың тоғысында өтіп отыр. Ал «Кітап оқитын ұлт» марафонының басталуы да ұстаздар арасында оқу мәдениетін одан әрі дамытуға серпін береді», – дейді мектеп директоры Нұртас Жағабаев.

Әдеби ой алаңы аясында «Кітап оқитын ұлт» марафонына старт берілді. Марафонға қатысушыларға арналған "Парасат" клубы ашылды. Іс-шараға белгілі тарихшы-ғалым, Әміржан Әлпейісов, «Өрлеу» ұлттық орталығының Астана қаласы бойынша Кәсіби даму институтының директоры Ерлан Қалмақов өз ойларымен бөлісті.

Кездесу барысында ұстаздар Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми және шығармашылық мұрасы жөнінде пікір алмасып, ғалымның ұлт руханияты мен қазақ тілінің дамуына қосқан үлесіне тоқталды. Іс-шара аясында сондай-ақ «Зерделі ұлтқа бастар жол» тақырыбындағы «Кітап оқитын ұлт» марафонының ашылуы өтті.

Кездесу соңында қатысушыларға «Тілді құрметтеу – ұлтты құрметтеу» деген тағылымды ой айтылып, ана тілімізді ардақтау әр азаматтың парызы екені атап өтілді.
Шапағат ӘБДІР