Тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз ету мақсатында Алматы ауданы әкімінің аппараты тарапынан көшелер мен аулаларды жарықтандыру жүйесін күтіп ұстау және дамыту бойынша кешенді жұмыстар тұрақты түрде жүргізілуде, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Тұрғындардың өтініштері әлеуметтік желілер, iKomek және eOtinish платформалары, «Таза Қазақстан» жобасы, сондай-ақ аудан әкімінің аппаратының ресми парақшалары арқылы қабылданады.
Жарықтандыру жүйесінің жағдайына күнделікті мониторинг жүргізіледі. Мамандар істен шыққан шамдарды, зақымданған желілерді, жабдықтардағы ақауларды және басқа да мәселелерді анықтайды.
Өтініш келіп түскен жағдайда, ақпарат жедел түрде пысықталады. Мамандар оқиға орнына барып, тексеру жүргізеді және қажет болған жағдайда жөндеу жұмыстарын атқарады.
Сонымен қатар шамдарды қалпына келтіру және ауыстыру, жарықтандыру желілерін жөндеу, аулалар мен қоғамдық аумақтардың жарықтандырылу деңгейін жақсарту бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізіледі.
Алматы ауданындағы жарықтандыру жүйесін жақсарту бойынша жүйелі жұмыстар тұрақты негізде жалғасуда.
Аудан аумағындағы жарықтандыру мәселелері бойынша тұрғындар төмендегі телефон нөміріне хабарласа алады:
8 (701) 794-95-94 – Адлет Тлепов, Алматы ауданы әкімінің аппараты инфрақұрылым бөлімінің басшысы.