112 қызметінің диспетчерлері қалай жұмыс істейді?

112 қызметінің диспетчерлері қалай жұмыс істейді?
фото: Астана қаласының әкімдігі

Астанада 112 диспетчерлік қызметіне күн сайын үш мыңнан астам қоңырау түседі. Олардың басым бөлігі авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу қажеттілігіне байланысты. Орталық қызметкерлері қоңырауларды тәулік бойы қабылдап, ақпаратты тиісті шұғыл қызметтерге жедел жолдайды. Өтінімдердің орындалу барысы «Көмек 112» автоматтандырылған жүйесі арқылы бақыланады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

«Орталықта 103, 109, 102, сондай-ақ 112 қызметтерінің құзыретіне жататын қоңыраулар қабылданады. Одан кейін ақпарат радиобайланыс арқылы тиісті бөлімшелерге дереу жеткізіледі. Мысалы, өрт туралы хабарлама түскен жағдайда өрт сөндіру техникасын оқиға орнына жіберу туралы команда беріледі. Барлық шақырту өрт сөндіру көліктері гараждан шыққан сәттен бастап оқиға орнына жеткенге және өрт толық сөндірілгенге дейін бақылауда болады. Авариялық-құтқару жұмыстары қала маңындағы аумақтарда да жиі жүргізіледі», – деді Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің Жоспарлау және жедел басқару орталығы өрт байланысы пунктінің бастығы Зауре Жукешова.

Диспетчерлердің жұмысы ауысымдық тәртіппен ұйымдастырылған. Кезекті ауысым сағат 08:00-де кезекшілікке кіріседі.

«Сағат 08:00-де ауысым алмасып, біз кезекшілікке кірісеміз. Бізге тек 112 және 101 қызметтеріне ғана емес, жедел жәрдем мен полицияға қатысты да қоңыраулар түседі. Әрбір қоңырау адам өміріне байланысты болуы мүмкін. Сондықтан барлық өтінішті қабылдап, өңдеп, ақпаратты тиісті шұғыл қызметтерге жолдаймыз», – деді өрт байланысы пунктінің диспетчері Айдана Илиясова.

Диспетчерлік қызмет «Көмек 112» автоматтандырылған жүйесін пайдаланады. Бұл жүйеде барлық шақырту автоматты түрде тіркеліп, оқиға орындарының мекенжайлары жедел анықталады.