Қарағандының креативті индустриялар жәрмеңкесі өтті

Қарағандының креативті индустриялар жәрмеңкесі өтті
фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

17-18 қазанда Астанадағы Qazaq Creative Hub алаңында Қарағанды облысының креативті индустриялар жәрмеңкесі өтті. Іс-шара Креативті индустрияларды дамыту қорының Creative Aimaq жобасы аясында ұйымдастырылды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Жәрмеңкеге өңірдегі шығармашылық кәсіппен айналысатын 80-нен астам суретші, дизайнер, қолөнер шебері, кәсіпкер мен технологиялық жоба авторы қатысты.

Көпшілікке ұлттық және заманауи үлгідегі киімдер, авторлық әшекейлер, керамика, кілем, киізден жасалған бұйымдар, картиналар және үйді безендіруге арналған заттар ұсынылды. Әсіресе, Қарағанды облысының өндірістік тарихы мен өңірдің шығармашылығын танытатын көмірден және металдан жасалған көркем бұйымдар да таныстырылды.

Көрменің бір бөлігінде өнеркәсіптік 3D басып шығару, ақпараттық технологиялар, жасанды интеллект және ұшқышсыз құрылғылар саласындағы жобалар таныстырылды. Атап айтқанда, медицинаға арналған анатомиялық модель және Qarmet кәсіпорындарында қолданылатын полимер бөлшектерді жасау технологиялары көрсетілді.

Мәдени бағдарлама аясында концерттер, дизайнерлік киім топтамаларының көрсетілімдері, кітап таныстырылымдары мен шеберлік сабақтары өтті.
Бұдан бөлек, белгілі қазақстандық суретші Қаріпбек Күйіковтің «Қайсар рух» және «Жизнь без рук» кітаптары таныстырылды.

Екі күн ішінде жәрмеңкеге 4 500 адам барып, жалпы құны 10 млн теңгенің өнімі сатылды.

Жәрмеңке отандық өнімді көпшілікке танытуға, іскерлік байланыстарды кеңейтуге және шығармашылық кәсіп иелеріне қолдау көрсетуге мүмкіндік берді. Мұндай бастама креативті индустриялардың дамуына жол ашып, өңірлердің әлеуетін арттыруға және экономикасын нығайтуға ықпал етеді.