Триатлон саябағында Sport Fest спорт фестивалі өтті

Триатлон саябағында Sport Fest спорт фестивалі өтті
фото: Астана қаласының әкімдігі

«Астана – есірткісіз қала» қалалық профилактикалық акциясы аясында елорданың Триатлон саябағында Sport Fest спорт фестивалі өтті,  деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Қатысушылар үшін топтық жаттығулар, спорттық эстафеталар, қол күресінен жарыстар, балаларға арналған ерекше іс-шаралар және баскетболдан шеберлік сағаты ұйымдастырылды. Бағдарламаның басты шараларының бірі велошеру болды.

«Іс-шара салауатты өмір салтын насихаттауға және отбасылық құндылықтарды нығайтуға бағытталған. Біздің басты мақсатымыз – қала тұрғындарының басын қосып, балаларды, ата-аналарды және аға буын өкілдерін белсенді демалысқа, спортқа және бірге уақыт өткізуге тарту», – деді Winox фитнес директоры Александр Романец.

Оның айтуынша, жаз мезгілінде мұндай спорттық іс-шараларды тұрақты түрде, маусымына шамамен үш-төрт рет өткізуге тырысады.

Фестиваль қатысушыларының бірі де өз әсерімен бөлісті. Оның пікірінше, мұндай іс-шаралар қала тұрғындарына бос уақытын белсенді өткізуге мүмкіндік береді.

«Менің ойымша, мұндай іс-шараларды өткізу өте маңызды. Қазіргі уақытта осындай демалысқа тіпті екі сағат уақыт табудың өзі қиын. Жаз аяқталып келеді, сондықтан осындай шаралар көбірек ұйымдастырылса екен деймін», – деді ол.

Фестивальді Алматы ауданының әкімдігі Winox компаниясымен бірлесіп ұйымдастырды.