Елордадағы «Жібек Жолы» сауда орталығында Астана күніне орай «Төрдегі төл тарих» фотокөрмесі ашылды , деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Астана қаласы Мемлекеттік архиві ұйымдастырған бұл көрме бас қаламыздың тарих сахнасына шыққан алғашқы кезеңдерінен бастап, бүгінгі заманауи мегаполиске айналуына дейінгі ауқымды шежіресін қамтиды.
Көрменің негізгі мақсаты – елордамыздың тарихи дамуын архив құжаттары арқылы көпшілікке таныстыру, тұрғындар мен қала қонақтарының тарихи санасын нығайту және ұлттық мұраны дәріптеу.
«Төрдегі төл тарих» көрмесі – архив қорларында сақталған тарихи мұраны кеңінен насихаттауға бағытталған маңызды мәдени-ағартушылық жоба. Мұндай бастамалар өткен мен бүгіннің сабақтастығын көрсетіп, өскелең ұрпақтың туған ел тарихына деген қызығушылығын арттыруға ықпал етеді.
Көрме Астана күні аясында қала тұрғындары мен қонақтарына ашық түрде ұсынылып, тарихи мұраны дәріптеуге арналған мерекелік іс-шаралардың бірі.
Экспозицияда Ақмола қаласының қалыптасу кезеңінен бастап тәуелсіз Қазақстанның елордасына айналуына дейінгі тарихи жолды айғақтайтын бірегей архив құжаттары, сирек фотосуреттер, карталар мен ресми материалдар ұсынылды. Көрме келушілерге қаланың сәулеттік келбеті, әлеуметтік-экономикалық дамуы, мәдени өмірі және елорданың қалыптасу кезеңдері туралы тың мәліметтермен танысуға мүмкіндік береді.
Жалпы Астана қаласының Мемлекеттік архиві «Жібек жолы» сауда үйімен тұрақты негізде жұмыс жүргізіп, архивтік құжаттар көрмелерін жүйелі түрде өткізіп келеді. Ал бұл көрме 8 шілдеге дейін жалғасады.