Үздік актерлік ансамбль

Үздік актерлік ансамбль

Астана қаласының Қуыршақ театры IV Халықаралық «Almaty Puppet Festival – 2026» фестивалінде «Үздік актерлік ансамбль» аталымында топ жарды.

Фестиваль аясында түрлі елдің сахналық дәстүрлері тоғысып, қуыршақ өнерінің сан қырлы мүмкіндіктері көрермен назарына ұсынылды. Елордалық театр көрермендерге таяуда ғана премьерасы өткен қойылым авторы әрі режиссері Николоз Сабашвилидің «Қағазды жаңбыр» атты клоунада жанрындағы қойылымын ұсынды. Ерекше сахналық шешімдерге негізделген бұл туынды көрерменді заманауи қоғамның тыныс-тіршілігіне үңілуге шақырады.

Қойылым оқиғасы шырайлы да шағын қалашықтың тынысынан басталады. Мұндағы тұрғындардың өмірі тыныштық пен үйлесімге құрылған. Олар қарапайым дүниелерден қуаныш тауып, бірге уақыт өткізіп, бір-біріне қолдау көрсетуді өмір салтына айналдырған. Алайда бірте-бірте олардың қалыпты тіршілігіне өркениет пен жаңа технологиялар араласа бастайды. Әуелі теледидар пайда болып, артынша түрлі экрандар мен гаджеттер күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналады. Осылайша виртуалды әлем тұрғындардың шынайы тіршілігіне дендеп еніп, адамдар арасындағы қарым-қатынас сипатын өзгерте бастайды.

«Қағазды жаңбыр» қойылымы арқылы заманауи технологиялардың адам өміріне ықпалы, виртуалды кеңістіктің шынайы қарым-қатынасқа әсері және адамдық құндылықтарды сақтау мәселелері көтеріледі. Туынды көрерменге технологияның жетістіктерін жоққа шығармай, оның адам өміріндегі орнын бағамдауға, ең бастысы, тірі қарым-­қатынас пен рухани байланыстың қадірін ұғынуға ой салады.

Клоунада жанрының көркемдік мүмкіндіктерін пайдалана отырып, қойылым күрделі қоғамдық мәселелерді жеңіл әрі әсерлі сахналық тілмен жеткізеді. Мұнда әрбір қимыл, әрбір көрініс пен сахналық бейне өзіндік мағынаға ие. Көрерменді күлдіре отырып ойландыру, қарапайым оқиға арқылы терең философиялық ой түюге жетелеу – туындының басты ерекшеліктерінің бірі.

Астана қаласының Қуыршақ театрының көркемдік жетекшісі Қуат Ежембек қазақшалаған қойылымда кейіпкерлерді сомдаған актерлер Нұржан Ахметов, Дамир Утеев, Айжан Садықова, Альбина Байырова, Елдар Сүйінбай, Әрсен Балтабай, Ақбота Тілегенова халықаралық деңгейдегі өнер додасында өз шеберлігін танытты. Бұл марапат – сахнадағы әртістердің үйлесімді ойыны мен кәсіби шеберлігінің, шығармашылық ізденісі мен ортақ еңбегінің лайықты бағасы.

Сондай-ақ қырық жылға жуық ғұмырын Алматы мемлекеттік қуыршақ театрына, жалпы елу жылдан аса саналы ғұмырын саф өнердің дамуына арнап, қазақ қуыршақ өнерінің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан, Астана қаласының Қуыршақ театрының негізін қалаған Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Құралай Ешмұратоваға Алматы қаласы мемлекеттік академиялық Қуыршақ театрының 90 жылдық мерейтойына орай шығарылған мерекелік медалі тапсырылды.