World Designers Fashion Week Astana 2026 халықаралық сән апталығы өтуде

World Designers Fashion Week Astana 2026 халықаралық сән апталығы өтуде
фото: Астана қаласының әкімдігі

Астанада World Designers Fashion Week Astana 2026 халықаралық сән апталығы басталды. Төрт күнге созылатын шара 23–26 қазан аралығында Бейбітшілік және келісім сарайында өтеді. Оған әлемнің 40 елінен келген дизайнерлер мен сән индустриясының өкілдері қатысуда, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Креативті индустрияларды дамыту қоры сән апталығына серіктес ретінде қатысып, қазақстандық дизайнерлердің шетелдік мамандармен тәжірибе алмасуына қолдау көрсетуде.

Qazaq Creative Hub-та халықаралық шеберлік сабағы өтті

Сән апталығы аясында грузиялық дизайнер Натия Церцвадзе Qazaq Creative Hub орталығында былғарыдан сөмке жасау бойынша шеберлік сабағын өткізді.

Қатысушылар былғары өңдеу, пішу және бұйым құрастыру әдістерін меңгеріп, халықаралық маманның тәжірибесімен танысты.

Қордың бұл бастамасы отандық дизайнерлердің кәсіби шеберлігін жетілдіруге және авторлық өнімдерінің сапасын арттыруға бағытталған.

Әлемнің 40 елінен дизайнерлер бас қосты

Сән апталығының тұжырымдамасы табиғаттың төрт құбылысына – су, от, жер және ауаға негізделген. Бағдарламада дизайнерлік топтамалардың көрсетілімдері, кәсіби кездесулер мен шеберлік сабақтары қамтылған.

Халықаралық шара қазақстандық дизайнерлерге шетелдік әріптестермен байланыс орнатуға, шығармашылық жұмыстарын таныстыруға және жаңа серіктестік мүмкіндіктерін қарастыруға жол ашады.

Өтетін мерзімі: 23–26 қазан 2026 жыл

Өтетін орны: Астана қаласы, Бейбітшілік және келісім сарайы, Тәуелсіздік даңғылы, 57.