Теміржолдың тірегі

Теміржолдың тірегі
фото: Александр Жабчук

Биыл елордадағы ең көне кәсіпорындардың бірі Астана локомотив пайдалану депосына 95 жыл толды. Депоның ғасырға жуық тарихында елімізде көптеген маңызды оқиғалар орын алды. Алайда қай кезеңде де депо қызметкерлері өз ісінің шеберлері, нағыз кәсіби мамандар ретінде ел игілігі мен өркендеуі жолында аянбай еңбек етіп, теміржол саласының дамуына үлес қосып келеді. Осы жылдар ішінде локомотив шаруашылығы дамып қана қоймай, жүктер мен жолаушылар тасымалдау арқылы ел экономикасын өркендетуде орасан зор жұмыс жүргізілді.

Депо ұжымы мерейтойын Астанадағы «Жастар» театрында салтанатты түрде атап өтіп, онда кәсіпорынның шежірелі тарихынан естеліктер айтылды. 1922 жылдың шілде айында Петропавл-Көкшетау учаскесінде пойыздар қозғалысы басталды. 1929 жылдың қараша айында Бурабайдан Ақмолаға алғашқы пойыз келді. Ол кезде салмағы 400-ден 480 тоннаға дейінгі аралас жүк-жолаушылар пойыз­дары жасақталды. 1931 жылғы 15 қазанда Ақмола қаласында 7 тұрағы бар, «ОВ» сериялы паровоздар тіркелген типтік паровоз депосы пайдалануға берілді. Депоның техникалық жабдықталуы бір токарь станогынан, бір бұрғылау және бір сүргілеу станогынан, сондай-ақ ұсталық жабдықтар мен мыс өңдеуге арналған қондырғыдан тұрды. Депоның қажеттілігіне пайдаланылатын су Есіл өзенінен тасымалданып жеткізілді. Депода 16 слесарь және 28 паровоз бригадасы жұмыс істеді. Сол кезеңдегі паровоздар көмір мен суды пайдаланып жұмыс істеді. Локомотив бригадасы үш адамнан тұрды: машинист, машинистің көмекшісі және от жағушы. Әрбір 100 шақырымға 11 тоннаға дейін көмір жұмсалды.

Барлық жұмыс аптап ыс­тықта, қатты шу мен үздіксіз діріл жағдайында қол күшімен атқарылды. Сол дәуірдегі теміржолшылар нағыз еңбек ерлігін көрсетті. 1933 жылы паровоздар паркі «Э» сериялы паровоздармен алмастырылды. Осы кезеңде кадрларды даярлау жұмысы белсенді жүргізілді. Омбы теміржолы басқармасы жанындағы паровоз мектептерінде инженерлер мен машинистер сияқты жетекші мамандықтар бойынша оқыту ұйымдастырылды. Теміржол мен Ақмола паровоз депосының пайда болуы өңірдің әлеуметтік-техникалық тұрғыдан қарқынды дамуына үлкен серпін берді. Қысқа уақыт ішінде локомотив шаруашылығының мамандары СО, СОК, ФД, СУ, ЕА, Л сериялы паровоздардың көптеген түрін меңгерді. Алайда депо дамуының жаңа кезеңі тепловоздық және электровоздық тартуға көшу, сондай-ақ тасымалдау көлемінің артуымен тығыз байланысты болды. 1962 жылы Целиноград депосында паровоздар паркінің бір бөлігі тепловоздармен алмаса бастады. Сонымен қатар электрлік тартуға арналған кадрларды даярлау жұмысы жүргізілді. Депоға ТЭМ-2 және ТЭМ-3 сериялы тепловоздар келді.

1964 жылы теміржолды электрлік тартуға көшіру бойынша қайта жаңғырту жұмысы аяқталып, ВЛ80 сериялы электровоздарды пайдалану басталды. 1975 жылы Екібастұз-Магнитогорск учаскесіндегі жүк тасымалы көлемінің артуына байланысты электровоздар паркі қуаты жоғары ВЛ80 сериялы электровоздармен толығып, жаңарды. 1980 жылдары салмағы 12000-нан 30000 тоннадан асатын аса ауыр пойыздарды жүргізу басталды. Пойыздардың белгіленген кесте бойынша қалыпты салмағы 6000-нан 9000 тоннаға дейін жетті.

Жалпы, 95 жыл ішінде локомотивтердің 15-тен астам түрі ауыстырылды. Олардың әрқайсысы жөндеу бригадалары мен локомотив бригадаларының қайта даярлануын талап етті. Көп жағдайда оқыту өндірістен қол үзбей жүргізілді, ал кәсіби білім мен тәжірибе әкеден балаға беріліп отырды. Депо өзінің еңбек әулеттерімен мақтанады. Олардың қатарында Сәуірбаевтар, Жарқымбековтер, Красноштановтар, Мырзабаевтар, Журавлевтер және Жақыповтар әулеттері бар.

Теміржол көлігін қайта құрылымдау кезеңі де көптеген өзгеріс әкелді. «Қазақстан темір жолы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының өндіріс қуатын дамыту мақсатында 2000 жылы теміржол көлігін қайта құрылымдау жүргізілді. Сол жылдың наурыз айында локомотив депосы жөндеу және пайдалану деполарына бөлінді. 2009 жылы жөндеу сапасын арттыру мақсатында локомотивтерді жөндеу жұмысы жаңадан құрылған «Қамқор Локомотив» ЖШС қарамағына берілді. Бұл серіктестіктің Астана локомотив жөндеу депосы филиалының ұжымында 350-ден астам қызметкері еңбек етеді. Депо тепловоздар мен электровоздарды, тартқыш электр қозғалт­қыштарын және локомотив жабдықтарын күрделі жөндеу, жаңғырту және сервистік қызмет көрсету жұмысын жүзеге асырады.

Локомотив пайдалану депосының қызметкерлері – теміржол көлігінің негізгі тірегі. Олар магистралдық теміржол желілерінде жүк және жолаушылар пойыз­дарының үздіксіз әрі қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз етеді. Қазіргі уақытта «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС филиалы «Ақмола жүк тасымалы бөлімшесіне» қарасты Астана локомотив пайдалану депосында 1000-нан астам қызметкер еңбек етеді. Олардың ішінде 730 локомотив бригадасы бар. Кәсіпорынның құрамына Атбасар айналым депосы да кіреді. Депоның тіркелген локомотивтер паркі әртүрлі модификациядағы 94 локомотивпен жасақталған. Олардың қатарында ВЛ40 сериялы 2 электровоз; KZ8A сериялы 76 электровоз; ТЭМ11А сериялы 1 тепловоз; ТЭ33АС сериялы 3 тепловоз; СКД6 сериялы 12 тепловоз бар. Депо ұжымы ұзындығы 380 шақырымды құрайтын теміржол учаскесіне қызмет көрсетеді.

«ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС бас директоры Асан Үмбетов айтулы мерейтоймен барша әріптестерін құттықтап, оның бүгінгі қарқынды даму барысы, локомотив паркінің жыл сайын жаңартылуы, түрлі инновация жобаларының енгізілуі туралы баяндады. Сонымен қатар үздік теміржолшыларды алғыс хаттар және бағалы сыйлықтармен марапаттады. Салтанатты жиын соңында сала ардагерлері де сөз сөйлеп, депоның даму кезеңдері туралы естеліктерін айтты.