Елорданың Алматы ауданында Triathlon Ice Park мұз айдыны ашылды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Жаңа демалыс орны қала тұрғындары мен қонақтары үшін отбасылық демалыс пен қысқы серуендеудің тартымды мекеніне айналмақ. Мекенжайы: Б. Момышұлы даңғылы, 1 (автотұрақ аумағы). Мұз айдынының жалпы ауданы – 1 200 м². Арнайы тоңазытқыш жабдықтары мен мұзды сақтаудың заманауи технологиясының арқасында ауа райы салыстырмалы түрде жылы болған күннің өзінде сырғанауға мүмкіндік бар.
Мұз айдыны күн сайын жұмыс істейді: жұмыс күндері сағат 10:00-ден 22:00-ге дейін, демалыс күндері сағат 10:00-ден 00:00-ге дейін. Келушілер үшін коньки жалға беру қызметі, жаңадан үйренушілерге арналған арнайы көмекші құралдар («дельфиндер» және басқа да құрылғылар), сондай-ақ сырғанау дағдыларын меңгеруге көмектесетін нұсқаушылар қарастырылған. Сонымен қатар аумақта жылы демалыс аймағы ұйымдастырылып, келушілер ыстық сусындар ішіп, дәмді тағамдардан дәм тата алады.