Тазыны баптау тек шексіз махаббат пен сенім арқылы жүзеге асады - Болат Құнанбаев

Тазыны баптау тек шексіз махаббат пен сенім арқылы жүзеге асады -  Болат Құнанбаев
фото: Б. Құнанбаевтың жеке архивінен

«NOMAD» ұлттық аңшылық клубы» қоғамдық қорының төрағасы Болат Құнанбаев 3 қыркүйек тазы күні болып бекітілгені мемлекеттің ұлттық құндылығымызға деген ерекше көзқарасын білдіретінін атап өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

-  Жалпы саятшылық өнері, оның ішінде тазы ағыту - мәдениетіміздің бір тұтас бөлігі, ұлттық ерекшелегімізді білдіретін дүние. Себебі дәстүрлі аңшылықтың өзінің жеке философиясы бар. Бұл — табиғатпен рухани байланысқа, ауланатын аң-құсқа деген құрметке және қатаң ар-намыс кодексіне негізделген терең дүниетаным. Бүгінгі таңда будантастыруға ұшырыған тазыларды есепке алмағанда бірыңғай асыл тұқымды тазылардың санының азайып кетуі бойынша еш қауіп тұнып тұрған жоқ. «Номад» аңшылық клубының мақсаты басқа. Клуб тазы тұқымын асылдандыру, таза тұқымды тазыларды көбейтіп елге заңды саятшылықты нәсихаттау бағытында жұмыс істейді, - дейді ол. 

Оның айтуынша, тазы тазалығын сақтау қай уақытта да өзекті.

-Мәселен, соңғы уақытта шырға қуу деген әрекет пайда болды. Оны ұйымдастырушылары күннен күнге коммерцияландырумен әлек. Жас буын соны қуалап, қайтсем де ұтам деген мақсатпен тазы тұқымын бүдандастырады. Себебі жарыс қашықтығы қысқа, ондай қашықттықта еуропалық ит тұқымдары, грейхаунд, уиппет, хортая тұқымды иттер шапшаң келеді, соны салдары тазының өзіне тән бас қасиеттерін жоғалтуына әкеліп соқтырары анық, - дейді Б. Құнанбаев.

Спикер тазыға қызығушылықтың артқанын жақсы белгі деп санайды, себебі тазы ит тұқымы әмбебап тұқым, ол кез келген жағдайда өмір сүре береді және қызығушылық танытып отырған адамдар әдетте тазы тұқымының қадір-қасиетін танитын, бағалайтын адамдар болып келеді. Егерде бір бөлігін пәтерде ұстап бақса жалпы аңшылық қасиеттеріне көп әсер етпес деп санайды спикер. 

Ол сонымен бірге Қазақстан Халықаралық Кинология қауымдастығына мүше болып енгелі ұлттық ит тұқымдары - тазы мен төбетке халықаралық көрмелерге жол ашылып, ұлттық тұқым ретінде тіркеуге мүмкіндік берілгенін атап айтты. Құндылықтар мемлекет атына бекітіліп, Отаны Қазақстан, стандарт иесі Қазақстан болып Ұлттық брендқа айналмақ.

-Біздің қордан күшік алу үшін ең бастысы жауапты,тазы тұқымымен таныс адам болу керек. Біз күшік сатпаймыз, тегін береміз, алайда жоғарыда көзделген талаптарға сай болу керек. Айта кететін жәйт, "Номад" ұлттық аңшылық клубының басты ұстанымы -  ол «Аңға шығу — табиғатты тонау емес. Бұл — түз тағысы мен баптаған тазың арасындағы әділ бәсеке». Тазыны баптау — күштеу арқылы емес, тек шексіз махаббат пен сенім арқылы жүзеге асады. Басты мақсат - осы саятшылық өнері арқылы жастарға табиғатқа ерекше мейрімділікпен қарау, мәрттік қасиеттерін дарыту, - дейді ол.

Таяуда Nomad Club Бельгияда Қазақ тазы фестивалін атап өту үшін фотокөрме ұйымдастырды. Бұл іс-шара еуропалық көрермендерді Қазақстанның тарихи және мәдени мұрасының бөлігі болып табылатын ерекше тұқым - қазақ тазысының сұлулығымен, бірегейлігімен және бай мәдени мұрасымен таныстыруға мүмкіндік берді.