Тазалық – мәдениеттің мәйегі

Тазалық – мәдениеттің мәйегі
фото: Aqorda

Жаңа идеологияның басты дәріптеушісі – жастар

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тазалық пен тәртіп мәселесін ешқашан назардан тыс қалдырған емес. Президент 25 сәуірде өткен «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясына қатысып, сөйлеген сөзінде былай деді: «Халқымыз ежелден «тазалық» ұғымына ерекше мән берген. Жұртымыз «таза» сөзін кең мағынада қолданады. Мысалы, арлы, ниеті түзу, адал адам туралы айтқан кезде «ары таза, ойы таза, жүрегі таза» адам деп сипаттаған. Бабаларымыз әрдайым табиғатпен етене байланыста өмір сүрген, қоршаған ортаны қорғау қастерлі міндет деп санаған. «Обал болады» деп, жас ұрпақты табиғатқа ешқандай зиян келтірмеуге үйреткен. «Бұлақ көрсең, көзін аш» деп, Жер-Анаға жанашыр жүрекпен қарауға тәрбиелеген. Міне, бүгін де тазалық ұғымы ұлтымыздың болмыс-бітіміне тән асыл қасиетке, қоғамдық мәні зор құндылыққа айналып жатыр. «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы – соның айқын көрінісі. Тазалық – өркениетті қоғамның айнасы, дамуға ұмтылған кез келген елдің мызғымас ұстанымы. Ақ пейілмен, түзу ниетпен қолға алған әрбір іс берекелі болады. «Таза Қазақстан» – дәл осындай бірегей бастама. Бұл жоба миллиондаған отаншыл азаматымыздың адал еңбегінің арқасында жалпыхалықтық қозғалысқа айналды».

Мемлекет басшысы Қазақстанда соңғы жылдары көп өзгеріс болғанын, бұл көзге көрініп тұрғанын атап өтті. «Қалаларымыз бен ауылдарымыз тазарып, топырақтың, судың, ауаның ластануы азая түсті. Ірі кәсіпорындарда зиянды шығарындыларды төмендету бағытында жұмыс атқарылып, үздік экологиялық тәжірибелер енгізілуде, қатты қалдықтарды қайта өңдеу ісінде алға ілгерілеу бар. Алайда кемшіліктер де аз емес, алда жұмыс көп. Ең бастысы, экономика ғана емес, азаматтарымыздың тұрмыс салты мен ой-санасы да өзгеруде. Жаңа Конституциямызда жасампаз патриотизм, бірлік, ынтымақ, табиғатты аялау қағидаттары тіршіліктің негізгі іргетасы ретінде бекітілді. Бұған белгілі дәрежеде «Таза Қазақстан» жобасының, яғни, ел жастарының әсері болғаны рас. Мен өздеріңізді мақтан тұтамын. Сіздерге алғысым шексіз. Екі жылда аталған прогрессивті бастама жалпыұлттық қозғалысқа айналды. Жоба тың мазмұнмен толығып, шын мәнінде, Әділетті Қазақстан идеясының өзегіне айналып келеді. «Таза Қазақстан» қағидаты, «Заң және тәртіп», «Адал азамат» тұжырымдамалары тұтас құндылықтар жүйесін құрап, мемлекеттік басқару мен қоғамның ажырамас бөлшегі болуға тиіс. Мұны жан-жақты ілгерілету үшін беделі биік белгілі азаматтарды тартқан дұрыс. Жаңа идеологияның басты дәріптеушісі – жастар» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осы жиында Мемлекет басшысы «Таза Қазақстан» халқымызды жаңа сапалық деңгейге көтеретін ұлттық идея болуға тиістігін айтты. «Оны қоғамда терең орнықтыру үшін мәдениет саласының, әсіресе, креативті индустрияның әлеуетін барынша пайдаланған жөн. Еңбекқорлық, ұқыптылық, адалдық, жасампаздық құндылықтары фильмдер, сериалдар арқылы да насихатталуға тиіс. Бұл жұмыста бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желінің де мүмкіндігін дұрыс қолдану керек» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Тазалықшы ұлтына қызмет етеді

«Адам еңбек етуге, маңдай тері сорғалап жұмыс істеуге тиіс, ол кім болса да, оның өмірінің мағынасы мен мақсаты, оның бақыты, оның шаттығы тек сол еңбекте ғана» дейді орыс жазушысы Антон Чехов. Расында да адал, таза еңбек қана адам баласының жанын айқындыққа, жарасымдылыққа және өзіне-өзі ризалық сезімге кенелтіп, бақытты ете алатыны айдан анық. Мінеки, осындай дене еңбегімен айналысып, ортақ үйіміздің бет-бейнесін, тазалық мәдениетін қалыптастыруға өлшеусіз үлес қосып жүрген жандар – көше тазалаушылар. Олар көшелер мен тротуарлардағы күл-қоқысты жинап қана қоймайды. Тазалық пен тәртіп әдебін қалыптастырады. Қала мәдениетін дамыту идеологиясын насихаттайды. Олар – жоғары деңгейдегі мәдениеттің «носительдері». Өйткені, тазалық дегеніміз – қоғамға құрмет, мәдениеттің мәйегі, үйлесімділіктің үлгісі.

«Астана Тазалық» мекемесінің жұмысшылары жылдың төрт мезгілінде: қыстың аязы мен көктемнің батпағында, жаздың шаң-тозаңы мен күздің қара суығында тәулік бойы еңбек етеді. Олар демалыс, мереке күндері де жұрт құсап, төсегінде алаңсыз ұйықтап жатпайды. Бас қаламыздың тазалығы мен көркі үшін қолынан сыпырғышы мен шелегін тастамайды. Ағаштарды күтіп-баптап, арықтарды тазалап жүреді. Олар – көзге көрінбейтін тазалық майданының сарбаздары. Бұл – күнделікті атқаратын жұмыс қана емес, туған қалаңа, туған еліңе, өз ұлтына қызмет ету.

Ұлттық патриотизмнің түп-тамыры өзіңнің қалаңа, елді-мекеніңе деген сүйіспеншілікте жатады. Біраз жылдар бұрын АҚШ-та болғанымда Вашингтонда бір апта тұрақтадық. Ағылшынша тілімді сындырмақ ниетпен күнде таңертең қонақүйдің ауласын сыпырып жүретін жұмысшымен тілдесемін. Джон есімді қарт адам бас қаланың тарихын зор мақтанышпен әңгімелейді. Қалалық мәдениеттің «носителі» болған сол қарияның: «Тазалық – ең басты байлық. Ол адамның денсаулығының, мәдениетінің, сұлулығының бір бөлшегі» деген сөзі ойымда қалыпты. Сол сапарда бір байқағаным – қонақүйдің жанынан өтіп бара жатқан әрбір адам Джонмен ерекше ілтипатпен сәлемдесті.

Бізге де керегі – осы мәдениет. Жасыратыны жоқ, біз күн сайын көше тазалап жүретін жандарға «екінші сортты» адамдар ретінде қараймыз. Қолымыздағы қоқысты жәшікке салмай, жанына лақтырып кетеміз. «Сонда бұлар не үшін жалақы алып жүр?» деп кейіс білдіріп, еңбегін бағалаудың орнына менмендік танытамыз. Бұл – біздің ішкі әдебіміздің, қала мәдениетінің төмендігінің бір белгісі. Бір адам осындай құлдық санада болса, ол – тұтас қоғамның көрсеткіші. Осындай көзқарастан арылып, жаңа мәдениетті қалыптастырсақ қана бәрі өзгереді.

Төлен ТІЛЕУБАЙ