Қазіргі таңда интернет-дүкендер мен жеткізу қызметтері күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналды. Алайда онлайн тапсырыс беру кезінде өнімнің бағасы мен жеткізу жылдамдығына ғана емес, оның қауіпсіздігіне де назар аудару қажет, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Интернет-дүкендер мен жеткізу қызметтеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексімен, ҚР ДСМ № ҚР ДСМ-73 және № ҚР ДСМ-16 бұйрықтарымен бекітілген санитариялық қағидалармен, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламенттерімен реттеледі.
Астана қаласы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхамғали Арыспаевтың айтуынша, онлайн тапсырыс арқылы жеткізілетін өнімдер екі негізгі санатқа бөлінеді:
* қоғамдық тамақтану объектілерінде дайындалған тағамдар;
* зауыттық қаптамадағы азық-түлік өнімдері.
Жеткізу кезіндегі басты міндет — тағамның қауіпсіздігін сақтау, температуралық режимнің бұзылуына және өнімдердің бір-бірімен айқас ластануына жол бермеу.
Қаптамада қандай ақпарат болуы керек?
Дайын тағамның қаптамасында немесе заттаңбасында:
* тағамның атауы;
* өндірушінің атауы мен мекенжайы;
* дайындалған күні мен нақты уақыты;
* жарамдылық мерзімі;
* сақтау шарттары көрсетілуге тиіс.
Дайын тағам тұтынушыға белгіленген жарамдылық мерзімі мен сақтау талаптары сақтала отырып, мүмкіндігінше қысқа уақытта жеткізілуі қажет.
Салаттарға, бірінші және екінші тағамдарға тұздықтарды алдын ала қосуға болмайды. Тұздықтар жеке, жабық қаптамада жеткізілуі тиіс.
Ыстық тағамдар — сорпа, пицца және басқа да өнімдер, ал суық тағамдар — суши, салаттар мен десерттер бір-бірінен бөлек, арнайы термосөмкелерде немесе оқшауланған бөлімдерде тасымалдануы қажет. Бұл тағам температурасының өзгеруіне және сапасының төмендеуіне жол бермейді.
Өнімдерді бірге тасымалдауға бола ма?
Тұрмыстық химия өнімдерін, соның ішінде кір жуғыш ұнтақтар мен сабындарды азық-түлікпен бір пакетке салуға болмайды.
Сонымен қатар:
* шикі ет пен балық дайын өнімдерден, наннан, шұжық пен ірімшіктен бөлек жеткізілуі керек;
* мұздатылған өнімдер құрғақ азық-түліктен бөлек жиналуы тиіс;
* азық-түлікті ашық күйде немесе улы және қауіпті жүктермен бірге тасымалдауға жол берілмейді.
Супермаркеттер мен дарксторлардан жеткізілетін өнеркәсіптік өнімдердің зауыттық қаптамасы бүтін, таза және деформацияланбаған болуы қажет. Өнім ЕАЭО техникалық регламенттерінің талаптарына сәйкес келуге тиіс.
### Курьерлік сөмкелер қаншалықты таза болуы керек?
Курьерлік сөмкелер, термобокстар және жеткізу көліктері тұрақты түрде жуылып, дезинфекциялануы қажет. Зақымдалған немесе жыртылған жабдықты пайдалануға болмайды.
Термосөмкелерде курьердің жеке заттарын, киімін немесе өзінің тамағын сақтауға тыйым салынады.
Азық-түлікпен байланыста жұмыс істейтін курьерлер, тапсырыс жинаушылар мен қойма қызметкерлері алдын ала және мерзімдік медициналық тексерулерден, сондай-ақ гигиеналық оқытудан өтіп, жеке медициналық кітапшасы болуы тиіс.
Тұтынушының қандай құқықтары бар?
Тұтынушы тапсырысты қабылдау және төлем жасау алдында курьердің қатысуымен:
* қаптаманың бүтіндігін;
* өнімдердің саны мен жиынтықталуын;
* жарамдылық мерзімін;
* өнімнің сыртқы күйін;
* температуралық режимнің сақталуын тексеруге құқылы.
Егер қаптама жыртылған, өнім деформацияланған, тағам төгілген, балмұздақ еріген немесе температуралық режимнің бұзылғаны байқалса, тұтынушы тапсырысты қабылдаудан бас тарта алады.
Сондай-ақ интернет-дүкендер мен қоғамдық тамақтану объектілері төлем жасалғанға дейін тұтынушыға өнімнің құрамы, тағамдық және энергетикалық құндылығы, аллергендері, жарамдылық мерзімі, сақтау шарттары мен өндірушісі туралы толық әрі түсінікті ақпарат беруге міндетті.
Әрбір тапсырыс жеткізу сервисінің есептік құжаттамасында тіркеліп, онда тапсырыстың атауы, қабылданған және жеткізілген уақыты, сондай-ақ жеткізу мекенжайы көрсетілуі тиіс.
Қауіпсіз тапсырыс берудің қарапайым қағидалары
Тапсырысты қабылдауға асықпаңыз. Қаптамасын, таңбалануын, жарамдылық мерзімін және өнімнің температурасын тексеріңіз. Күмәнді иіс, түс немесе консистенция байқалса, мұндай тағамды тұтынбаған жөн.
Онлайн тапсырыстың ыңғайлылығы өнім қауіпсіздігін екінші орынға ығыстырмауы керек. Сақтық таныту тағамнан уланудың және денсаулыққа төнетін басқа да қауіптердің алдын алудың қарапайым әрі тиімді жолы.