Таза ел болу әрқайсымыздан басталады

Таза ел болу әрқайсымыздан басталады
фото: жеке мұрағатынан

«Таза Қазақстан» - ұлттық құндылық болуға тиіс. Таза ел болу – әрқайсымыздан басталады. Өз үйімізді, ауламызды, ауылымыз бен қаламызды таза ұстау – туған жерге деген құрмет.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» акциясына қатысушылармен кездесуде табиғатты қорғаудың маңызын атап өтті. Мемлекет басшысы Отанды сүю өзің тұратын жерге қамқорлық жасаудан басталатынын айтты.

Әрине, «Таза Қазақстан» бір күндік науқан емес. Бұл елімізді таза ұстауға, табиғатты аялауға және тазалықты күнделікті әдетке айналдыруға бағытталған үлкен бастама.

Жыл басынан бері елімізде 600-ден астам экологиялық іс-шара өтті. Оларға 7 млн адам қатысты. 130 мың гектардан астам жер тазартылды. 1,3 млн ағаш отырғызылды.

Бастама қолға алынғалы бері 2 мыңнан астам іс-шара ұйымдастырылды. 3,8 млн тоннадан астам қоқыс жиналды. 10 мыңға жуық қоқыс орны жойылды.

Жақсы нәтижелер бар. Бірақ тазалық тек сенбілік кезінде емес, күн сайын сақталуы керек. Қоқысты кез келген жерге тастамау, табиғатты ластамау, айналаны таза ұстау әр адамның қарапайым міндеті.

Таза Қазақстан - бәрімізге ортақ. Тазалықты өзімізден бастайық.

Мейрам Кемалова, 

Құрылтай депутаты