Тәуелсіздік түлеткен ұрпақпыз

Тәуелсіздік түлеткен ұрпақпыз

1991 жылдың 16 желтоқсанында тәуелсіздік алдық. Бұл уақытта мектеп оқушысымыз. Ал келесі 1992 жылы туған мектебім аралас мектепке айналды. Анығын айтқанда, бұған дейін орыс тілінде ғана білім беріп келген оқу орнында қазақ сыныптары ашылды. Қазір ойлап отырсам, мен үшін Тәуелсіздік тарихы дәл сол уақыттан, тура осы оқиғадан басталады.

Сол жылы 8-сыныпқа көшкен едік. Қыркүйек туғанда оқу сыныбына жиналдық. Мұғалімдеріміз бір парақ қағаз беріп: «Аты-жөндеріңді, таңдаған оқу тілін көрсетіп жазыңдар» деді. Сырлыгүл деген сыныптасымыздан басқа қазақ балалары бұдан былай ана тілімізде оқимыз деп шештік.

Әрине, «алып кете аламыз ба, болашақта не анда, не мұнда жоқ болып қалмаймыз ба?» деген қорқынышымыз болды. Тіпті Рүстем деген сыныптасыммен орысша оқи берейік деп келіскенбіз. Бірақ ақыр соңында ол ойымыздан айныдық. Айнығанымыз дұрыс болыпты, өз басым еш өкінбеймін.

Бір қызығы, сол шешімді 13 жастағы бала болсақ та, өзіміз қабылдаған сияқ­тымыз. Ата-аналарымыздан ешкім сұрамаған секілді. Өз анам ертеректе өмірден өтіп кетті, ал әкемнен бұған қатысты ешқандай әңгіме естімедім.

Сол 8-сыныптан бастап қазақша оқыдық. 1996 жылы Жезқазған облысы (қазіргі Ұлытау облысы) Жаңаарқа ауданы Айнабұлақ ауылының орта мектебін қазақша бітірген тұңғыш түлектер атанып, ауыл тарихына «алтын әріптермен» жазылдық. Биыл Тәуелсіздігімізге 35 жыл толса, сол оқиғаға да 30 жыл болып отыр.

Аға-апаларымның бәрі орысша білім алды. Үйдегі тоғыз баладан қазақ мектебін бітірген жалғыз өзім. Сыныптастарымның арасында да менен басқа сөз өнерін қуғандар жоқ. Қазір ойлаймын, егер қазақша оқымасам, осы күні қайда жүрер едім деп. Журналист болсам да, бәлкім, тек қана орысша жазар ма едім?

Бір айта кетерлігі, 8-сыныпқа дейін орысша оқығанымызбен, үйде қазақша сөйледік. Қара көз сыныптастармен де негізінен ана тілінде тілдесетінбіз. Сол тәрбиеден де қазақ боп туып, қазақ боп келе жатырмыз. Десек те, мектебімізде қазақ сыныптары ашылмаса, «қара орыс» болып жүрер ме едік?

Бұл – айналайын Тәуелсіздіктің арқасы! Біз Тәуелсіздік түлеткен ұрпақпыз. Әйтпесе, ауылымыздың шежіресі Тың игеру тарихынан басталады. 1955 жылы ауылымызға жан-жақтан әртүрлі ұлттарды қаптатты. Содан кейін қазақ мектебінің қажеті жоқ деп шешіп, орыс мектебін ғана ашты. Не керек, 1992 жылға дейін ауылымыздағы барлық бала сол мектепте орысша оқып келді ғой...

Қазір қара көздерімізден «Балаларымыз орысша сөйлейді» деген ренішті көп естиміз. Әртүрлі себеппен перзенттерін орыс мектебіне беретін қандастарымыз да баршылық. Бұл – жеке өзіміз болып та, ел болып та шешетін үлкен мәселе.

Бастысы, Тәуелсіздігіміз баянды болсын! Ел аман, жұрт тынышта ұрпақ тәрбиесін естен шығармай, өркендей берейік!