Әлеуметтік қолдауға мұқтаж отбасыларға көмек көрсету және мүгедектігі бар азаматтардың өмір сапасын жақсарту бағытында бірқатар жұмыс атқарылып келеді. Осы бастамалардың тиімділігін бағалау мақсатында Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшелері екі әлеуметтік нысанға – «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығы мен «Дос» «Тәуелсіз өмір» орталығына көшпелі мониторинг жүргізді.
Сапар барысында Қоғамдық кеңес мүшелері орталықтардың қызметімен танысып, тұрғындарға көрсетілетін әлеуметтік, психологиялық және құқықтық көмектің ұйымдастырылуын, сондай-ақ оңалтудың техникалық құралдарын жөндеу және қызмет көрсету жұмыстарын көрді.
Қоғамдық кеңес мүшелерін Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары Әйгерім Тәңірбергенова мен орталық директорының міндетін атқарушы Мейрам Байгенжин қарсы алып, мекеменің негізгі жұмыс бағыттарын таныстырды.
Орталық қызметі «бір терезе» қағидаты бойынша ұйымдастырылған. Яғни тұрғындар өз мәселелерін шешу үшін бірнеше мекемені араламай-ақ, бір жерден қажетті мамандардың көмегіне жүгіне алады. Мұнда құқықтық және психологиялық кеңес беріліп қана қоймай, азаматтарға жұмысқа орналасуға, жаңа мамандық игеруге, кәсіп бастауға және мемлекеттік грант алуға қатысты да қолдау көрсетіледі.
– Біздің міндетіміз – адамды жай ғана тыңдау емес, оның дағдарыстан шығуының нақты бағытын айқындау, – деді Мейрам Байгенжин.
Орталық жұмысына деген сұраныс та жоғары. 2026 жылдың алғашқы он айында мұнда 56 мыңнан астам адам өтініш білдірген. Бұл көрсеткіш мекеменің қала тұрғындары үшін маңызды әлеуметтік қолдау алаңына айналғанын аңғартады.
Қоғамдық кеңес мүшелері бұдан кейін Шәкен Айманов көшесі, 6/1 мекенжайында орналасқан «Дос» «Тәуелсіз өмір» орталығына барды. Мұнда мүгедектігі бар азаматтардың күнделікті өмірде пайдаланатын оңалту құралдарын жөндеу және техникалық қызмет көрсетуге арналған «Инва-СТО» әлеуметтік жобасы жүзеге асып келеді. Жоба кураторы Назгүл Ілиясова қонақтарға шеберхананың жұмыс барысын таныстырып, оңалту құралдарын қалпына келтірудің барлық кезеңін көрсетті. Мұнда мүгедектер арбаларының ұсақ ақауларын жөндеу, қосалқы бөлшектерін ауыстыру, қаңқалары мен гидравлика жүйелерін қалпына келтіру жұмысы жүргізіледі. Сонымен қатар мамандар әр адамның жеке өлшемдері мен қажеттіліктеріне қарай мүгедектер арбаларын таңдап, оларға арналған тозуға төзімді қаптар тігеді. Өздігінен орталыққа келе алмайтын азаматтарға үйіне барып қызмет көрсету де қарастырылған.
– Мұндай сапарлар бізге елордалық әлеуметтік бастамалардың тиімділігін есептер бойынша емес, тәжірибе жүзінде бағалауға мүмкіндік береді. «Жанұя» да, «Инва-СТО» шеберханасы да қала тұрғындарына көмектің атаулы, кәсіби әрі шын ықыласпен көрсетілетінін дәлелдейді. Қоғамдық кеңес осы маңызды бағыттарды қатаң бақылауда ұстауды жалғастырады, – деп атап өтті Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Назгүл Мақжан.
Қоғамдық кеңес мұндай жұмыстар арқылы елордадағы әлеуметтік бастамалардың жүзеге асуын бақылап, халықтың талап-тілегін назарда ұстауды жалғастырады.