Қазір – ғылым мен технологияның дәуірі. Бәрі өзгеріп жатыр. Күніне жүз жаңалық, мың әдіс көретін болдық. Цифрлық үдерістер, ЖИ дамыған сайын мамандықтар да сұрыптала бастағандай.
Елордада Alem AI – Орталық Азиядағы алғашқы ЖИ орталығы жұмыс істеп тұрғаны белгілі. Бір жолы мамандықтар, жаңа технология жиынына барған едік. Сонда байқағанымыз, адамша ойлайтын роботтардың жаңа үлгілері көрсетіліп, жұрттың іс-әрекетін бақылайтын дрондардың неше атасы таныстырылды. ІТ мамандар жалпы өнертапқыштардың істеп келген тәжірибелерімен бөлісті. Барлық жаңа технология жұмырбасты пенденің жүріп-тұрғаны, сөйлеген сөзін, көзқарасын, ойын бақылау, қалт кетсе дер уақытында жауапқа тартуға негізделгендей көрінді. Құдды бір АҚШ, Еуропаның шытырман, экшн, фантастикалық фильмдерінде роботтар әлемде ойқастап, адамзатқа қарсы шығып, көліктер аспанға ұшып, суда жүзіп, адам небір технологияның күшімен биік қабатты үйлерге ытқып-қонып, атыс-шабыс көз алдымызға елестетіп қайттық.
Таяуда Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев мамандықтарға байланысты баяндама жасаған еді. Оның сөзінше, 2035 жылға дейін экономиканың кадрларға қажеттілігі 2,9 млн адамды құрайды. Оның ішінде жұмысшы мамандықтары бойынша 1,8 млн маман қажет екен. Жоғары сұраныс өнеркәсіпте, құрылыста, ауыл шаруашылығында және IT саласында болмақ. Ең сұранысқа ие кәсіптердің тізбесі 51-ден 174 кәсіпке дейін жаңартылуда екен. Инженерия, құрылыс, өңдеуші өнеркәсібі, биотехнология, жасыл және ядролық энергетика салалары екпін алатын көрінеді.
Сонымен бірге, технологиялар мен жасанды интеллект еңбек нарығы өзгеріп, кейбір кәсіптер жойылатын сыңайлы. Кәсіптердің басым бөлігі трансформацияланып, қызметтің мүлде жаңа бағыттары пайда болмақ екен. Демек, ЖИ-дің пайдалы тұсымен қатар, біраз мамандықты жойып, зиянды жақтары болатынын байқатып отыр.
Бүгінде басқаны айтпағанда, елорда көшелерінде «робот-курьер» пайда болды. Бұл бұған дейін мыңдаған адамға, соның ішінде студенттер жастарға таптырмас ыңғайлы мамандық еді. Оны да робот жеткізіп берсе, тағы бір мамандық ендігі 5-10 жылда көзден ғайып болмасына кім кепіл?! Ал мұның салдарынан қанша жан нәпақадан айрылатыны айтпаса да түсінікті ғой.
Астана қаласының тұрғыны, физика-математика пәнінен 40 жыл ұстаздық еткен ардагер ұстаз Қалдығайша Байназарова ЖИ-ға сенгенше, миға сенген дұрыс, сонда ғана мамандықтарды үздіксіз жойылудан сақтаймыз деп пайымдайды.
– Әрбір жаңа технология шыққан сайын адамның жұмысын жеңілдетуді көздейді екен. Бұрын ағылшын, қытай, түрік, араб тілдерін үйреніп, жазу-сызу, суретке түсіріп, бейне жасау, белгілі бір мекенжайды анықтау үшін адам өзі ізденетін. Қазір сан-салалы істі ЖИ-дің өзі-ақ атқара бастады. Тіпті, ақын-жазушылар керек еместей көрінеді. Жасанды интеллектің көмегімен небір шығарма жаза бастапты. Мұның түбі не боларын кім білсін?! Бірақ, адамның сезімінен туып, ой елегінен өтетін дүниені адам өзі жазғаны құба-құп болар. Мамандықты былай қойғанда, шығармашылық салаға ауыз салу тым артық деп білеміз. Бір таңғалатыным, роботты неге шахтаға, құрылысқа, ауыр жұмыстарға салмасқа? ЖИ-ді тек көмекші құрал, ақпарат іздейтін, сөйлемді түзейтін, деректерді өңдейтін және т.б. салада қолданған жөн шығар. Ал психологтың көмегін ЖИ сұрап, сол бойынша жүріп-тұру қажет емес болар. Бала-шағамыз тапсырманы ЖИ-дің арқасында орындап жүр. Болашақта мұғалім, дәрігер, полиция, журналист сияқты көрнекті мамандықтар керек болмай, оның орнын робот басып кетіп жүрмесе екен. Турасын айтқанда, ЖИ-ға емес, миға сенген дұрыс, – деді елорда тұрғыны.
Былтыр Мемлекет басшысы АҚШ-қа сапарында ЖИ көмегімен жаңа мамандықтарды игеріп, стартап жасап жүрген қазақ жастарымен кездескен еді. Сол жүздесуде Call2action.ai компаниясының негізін қалаушы әрі бас директоры, стартапер Ерсұлтан Жүнісақынов та қатысып, Президентке өз жобасы жөнінде баяндаған. Ал біз жаңа жобаның негізін қалаушымен байланысқа шығып, болашақ мамандықтар туралы пікірін білген едік.
– Қазір мамандық таңдаудан қателеспеу керек. Өйткені болашаққа керекті мамандықтар сұрыпталып, барлығы цифрлық дәуірге, жасанды интеллектіге бейімделіп жатыр. Сондықтан жойылатын мамандыққа емес, бүгінге қажет салаға барған абзал. АҚШ-та қазақстандық AI, финтех, логистика, HR-tech бағытында стартаптар жұмыс істеуді бастады. Біздің мамандар Google, Apple, Meta, Tesla, Amazon секілді алпауыт компаниялардың жұмысын ілгерілетіп отыр. Қазақстаннан шыққан бірнеше фаундер «Кремний алқабындағы» акселераторлардан өтіп, инвестиция тартып, жаһандық деңгейдегі өнімдер жасап келеді. Әлем қазақстандық инженерлер мен IT мамандарын жоғары бағалайды. Себебі біздің жастарда табиғи техникалық қабілет, табандылық, еңбекқорлық, үлкен амбиция бар... Жерлестеріміз көбірек жасанды интеллект пен IT саласына қызықса дейміз. Себебі қазақ өнертапқыштары АҚШ-та да, әлемде де өз орнын тауып келеді. Ең бастысы, нәтижеге еңбек етіп, тоқтап қалмау қажет. Қалғанының бәрі уақытпен іске асады деп ойлаймын, – деп түйді АҚШ-та тұратын қазақтың өнертапқыш стартапері.
Тоқетері, Дүниежүзлік экономикалық форум порталындағы деректерге сүйенсек, алдағы уақытта «дәрігер», «инженер», «білім беру», «сантехник», «энергетик», «су ресурстары мамандары», «тәрбиешілер» сияқты бірқатар сала өкілдері сақталатынын дәйектепті. Қалай десек те, адамға тиесілі мамандық сақталып, ал атқара алмайтын ауыр жұмыс робот, жасанды интеллект көмегіне сүйенсе, құба-құп болар еді.