Астана қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театрында көрнекті жазушы-драматург, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Роза Мұқановамен шығармашылық кездесу өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Кездесу аясында Arman-PV баспасынан шыққан қаламгердің «Мәңгілік бала бейне» шығармасы негізінде әзірленген спектакль-кітаптың таныстырылымы ұйымдастырылды. Биыл «Мәңгілік бала бейне» шығармасының жазылғанына 30 жыл толып отыр. Бұл оқиға Семей ядролық полигонының жабылғанына 35 жыл толған тарихи кезеңмен тұспа-тұс келді.
Ләйләнің тағдыры арқылы Семей ядролық сынақтарының адамзатқа әкелген қасіретін бейнелейтін шығарма – тұтас қазақ халқының мұңын, қайғысы мен жан жарасын арқалаған туынды. Радиация улаған қасиетті жер, тағдыр тәлкегіне түскен тағдырлар, дүниеге кемтар болып келген сәбилер – ядролық сынақтардың адамзат санасына салған өшпес жарасы.
Ләйлә – атом зардабының ғана емес, адам қолымен жасалған қиянаттың құрбаны. Оның тағдыры арқылы жазушы адамзаттың жауапкершілігі, өмірдің құндылығы мен бейкүнә балалықтың қорғансыздығы туралы терең ой қозғайды.

"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы зерделі ұлт қалыптастыру үшін ұлттық әдебиетімізді қолдауымыз керектігін, көркем әдебиетімізді шетелге танытуға барлық жағдайлардың жасалуын қамтамасыз етуге баса назар аударып отыр. “Мәңгілік бала бейне” БҰҰ-ның алты тіліне аударылған кезде шетелдік ғалымдар мен аудармашылар авторға іздеу салған болатын. Қазақстанға өздері арнайы іздеп келген кезде таң қалғанымды жасырмай-ақ қояйын. Бұл шығарма отыз жасымда мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған. Биыл 30 жыл бойы оқырманымен бірге жасап келе жатқан “Мәңгілік бала бейне” драматургиясы қазақ тілінде, ағылшын тілінде жарық көріп, халықаралық көрмеге ат басын тіреді" дейді Роза Мұқанова.
Arman-PV баспасы «Мәңгілік бала бейне» туындысын Қазақстанда алғаш рет спектакль-кітап форматында қазақ және ағылшын тілдерінде жарыққа шығарды. «The Angel of Karaul» атты ағылшын тіліндегі басылым қазан айында Франкфурт халықаралық кітап жәрмеңкесінде таныстырылды. Бұл – қазақ әдебиетіндегі маңызды шығармалардың бірі халықаралық оқырманға жол тартқанын айғақтайтын айтулы оқиға. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 29 тамыздағы үндеуінде: «Осыдан 35 жыл бұрын халықаралық ахуал күрделі болғанына қарамастан, Семей ядролық полигоны жабылды», – деп атап өткен болатын.

«Мәңгілік бала бейне» – халқымыздың қасіретін көркем сөзбен сөйлеткен, тарихи жадыны жаңғыртып, ядролық сынақтардың зардабын ұмыттырмауға үндейтін шығарма. Қазақ халқының қайғыны қасиетпен, қасіретті қайсарлықпен жеңген рухын танытатын туындының сахналық нұсқасы да терең мазмұнымен ерекшеленеді. Жақында "Ұлы Жібек жолымен" атты халықаралық кітап және полиграфия көрмесінде "Мәңгілік бала бейне" кітабын шығарғаны үшін Arman-PV баспасы "Үздік драматургия" аталымымен марапатталды.
Қазақ және ағылшын тілдерінде жарық көрген басылымның таныстырылымы қолтаңба сағатына ұласты. Театр сахнасында Роза Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне» пьесасының желісі бойынша сахналанған «Қызжылаған» драмасы көрерменге ұсынылды. Қойылымның қоюшы режиссері – жас режиссер Абзалбек Максим. Жалпы бұл кеш – шығармашылық мұраны ұлықтап, туындының идеялық-көркемдік мәнін тереңірек тануға мүмкіндік берді