Демографиялық дүмпу неге жоқ?

Демографиялық дүмпу неге жоқ?

Соңғы кездері Қазақстанда халық санының табиғи өсіміне, туу көрсеткішіне қатысты алаңдаушылық күшейді. Әсіресе биылғы статистикалық мәліметтер бұл мәселеге қазірден бастап баса назар аудару қажет екенін анық аңғартты. Бұл уақытша құбылыс па, әлде алдағы жылдары елдің демографиялық дамуына әсер ететін ұзақ мерзімді өзгерістің бастауы ма? Бізді осы мәселе толғандырады.

Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, 2026 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында Қазақстанда 226 990 сәби дүниеге келген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыс­тырғанда 22,3 мың нәрестеге, яғни 9 пайызға аз. Бір қарағанда, бұл жай ғана статистикалық айырмашылық болып көрінуі мүмкін. Алайда соңғы бес жылдағы көрсеткіштерді де салыс­тырсақ, мәселенің ауқымы әлдеқайда терең екенін аңғарылады. Мәселен, 2021 жылы елімізде 445 875 бала дүниеге келіп, ел тәуелсіздік алғаннан бергі ең жоғары көрсеткіш тіркелді. Сол кезеңдегі туу көрсеткішінің күрт өсуіне коронавирус пандемиясының ықпал еткені айтылып жүр. Алайда одан кейінгі жылдары демографиялық өсім бәсеңдей бастады. 2022 жылы 403 893, 2023 жылы 388 428, 2024 жылы 365 923 сәби дүние­ге келсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 335 мыңға дейін төмендеген. Осылайша, бес жылдың ішінде жыл сайын дүниеге келетін балалар саны 110 мыңнан астамға қысқарған. Демек, Қазақстандағы туу көрсеткішінің кемуін бір жылдың немесе бір тоқсанның шеңберінде қарас­тыратын мәселе емес.

Демографиялық ахуалға тек дүниеге келген сәбилердің санымен өлшенетін көрсеткіш ретінде қарауға болмайды. Халық саны мен оның жас құрылымы мемлекеттің экономикалық қуатына, еңбек нарығына, әлеуметтік жүйесіне, тіпті халықаралық бәсекеге қабілеттілігіне тікелей әсер етеді. Бүгін дүниеге келген бала – ертеңгі еңбек күші, салық төлеу­ші, маман және елдің қоғамдық-экономикалық дамуына үлес қосатын азамат екені айт­паса да түсінікті. Сондықтан туу көрсеткішінің төмендеуінің соңы еңбек күшінің азаюына, халықтың қартаюына және әлеуметтік жүктеменің артуына әкеледі.

Әрине, Қазақстан – әзірге халық саны табиғи өсіп жатқан мемлекеттер қатарында. Дегенмен туу көрсеткішінің бірнеше жыл қатарынан төмендеуі алдағы жағдайды бүгіннен бастап ойластыру керектігін көрсетеді. Өйткені демографиялық саясаттың нәтижесі бірден байқалмайды. Оның зардабы ондаған жылдардан кейін көрінетінін естен шығармаған жөн.

Баса айтатын бір түйін, туу көрсеткішінің төмендеуіне әсер ететін себептерді тек жастардың отбасын кеш құруымен немесе көпбалалы болуға құлықсыздығымен түсіндіру дұрыс емес. Бұл мәселеге әлеуметтік-экономикалық жағдай тұрғысынан да қарау қажет. Қазіргі жас отбасылар үшін баспана алу, тұрақты жұмыс табу, күнделікті шығындарды өтеу, баланың сапалы білім алып, медициналық көмекке қол жеткізуін қамтамасыз ету оңай емес. Әсіресе ірі қалалардағы тұрғын үй бағасы мен жалдау ақысы, балабақша тапшылығы, бала күтіміне байланысты қаржылық қиындықтар отбасылардың көптеген шешіміне ықпал етті. Жастардың қалаға қарай ағылуы, тұрмыстық шығындардың көбеюі отбасын құрудың тәртібіне де өзгеріс әкелді. Бұл – мемлекеттік тұрғыдан назар аударатын мәселе.

Туу көрсеткішінің төмендеуі – тек бізде ғана емес, көптеген дамыған мемлекеттер бетпе-бет келіп отырған мәселе. Бір кездері халық санының көптігімен ерекшеленген, бала тууды заңмен шектеген Қытай қазір демографиялық дағдарыс­тың салдарын сезіне бастады. Нәтижесінде, ел билігі халықты бала тууға ынталандыру үшін түрлі шараларды қолға алды. Тіпті бала тууды патриоттық міндет ретінде насихаттап, жас жұбайларды отбасын құрып, ұрпақ өрбітуге шақырды. Алайда әкімшілік және насихаттық шаралар қазірге дейін күткендей нәтиже берген жоқ. 2025 жылы Қытайда дүниеге келген балалар саны 7,92 миллионға дейін азай­ды. Бұл 2024 жылғы 9,54 миллион көрсеткіштен айтарлықтай төмен. Ал қайтыс болғандар саны 11,31 миллионға жетті. Осылайша, өлім-жітім деңгейі туу көрсеткішінен төртінші жыл қатарынан асып түсті. Қытайдағы бұл жағдай бізге «бала тууға шақыру арқылы немесе үгіт-насихатпен демографиялық ахуалды түбегейлі өзгерту мүмкін емес» екенін анық аңғартты.

Әрине, Қазақстанның демографиялық артықшылығы – халықтың салыстырмалы түрде жас құрылымы мен табиғи өсім әлеуетінде. Алайда бұл артықшылық ұзақ уақыт бойы тепе-теңдігі сақталып тұрмайды. Оны тиімді пайдалану үшін жүйелі саясат қажет. Халық санының өсуі – елдің стратегиялық әлеуетін айқындайтын маңызды факторлардың бірі. Ал демографиялық тұрақтылықтың негізі – отбасылардың әл-ауқаты мен жастардың болашаққа деген сенімі басты орында тұратынын естен шығармаған жөн..

Осы тұста тағы бір маңызды мәселені айналып өтуге болмайды. Қазақстанда туу көрсеткіші төмендеп, демографиялық өсім баяулап жатқан шақта шетелдегі этникалық қазақтардың тарихи Отанына оралуына қолайлы жағдай жасау мемлекеттік сая­саттың басым бағыттарының бірі болуы керек еді. Алайда қандастардың елге қоныс аударуына қатысты түрлі әкімшілік кедергілер мен көші-қон рәсімдерінің күрделілігі бұл үдеріске кері әсер етуде. Қандастар көші тек қана шетелдегі қазақтардың елге оралуы емес. Ол – еліміздің демографиялық әлеуетін арттырудың, еңбек ресурстарын толықтырудың және ұлттық тұтас­тықты нығайтудың маңызды бір тетігі еді. Қазіргі үкімет осыны ескерсе жөн. Елдің демография­сының тамырына қан жүгірткен екі арнаның қазіргі жайы ойландырады.