Қазіргі таңда құқық қорғау саласы цифрлық технологиялардың қарқынды дамуына бейімделіп, жаңа кезеңге қадам басты. Ақпарат жүйелерін жетілдіру, жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану және қызмет көрсету сапасын арттыру заманауи полиция жұмысының ажырамас бөлігіне айналды. Осы өзгерістердің алдыңғы шебінде жүрген кәсіби мамандардың бірі – Астана қаласы Полиция департаменті Цифрландыру және жасанды интеллект басқармасы бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Жұлдыз Байленова.
Жұлдыз Масғұтқызы ішкі істер органдарындағы қызмет жолын 2003 жылы бастаған. Содан бері құқық қорғау саласының түрлі бағытында қызмет атқарып, мол тәжірибе жинақтады. Ұзақ жылдар бойы ол заңдылық пен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету ісіне үлес қосып қана қоймай, басқару жүйесін жетілдіру мен қызметті жаңғырту бағытында да жемісті еңбек етіп келеді.
Бүгінде ол жетекшілік ететін бөлім – Астана қаласы полициясы цифрлық трансформациясының маңызды тіректерінің бірі. Мұнда деректерді талдау, жасанды интеллект элементтерін енгізу, жедел басқару жүйелерін жетілдіру және қызмет тиімділігін арттыруға бағытталған инновациялық жобалар жүзеге асырылады. Бұл бағыттағы жұмыс оның стратегиялық ойлау қабілетін, технологияға деген қызығушылығын және өзгерістерді басқарудағы тәжірибесін айқын көрсетеді.
Әріптестері Жұлдыз Байленованы талапшыл әрі жауапкершілігі жоғары басшы ретінде бағалайды. Оның басқарушылық тәжірибесі, ұйымдастырушылық қабілеті мен жаңашыл көзқарасы ұжым жұмысының нәтижелілігіне оң әсерін тигізіп келеді. Қызмет барысында тәртіпке беріктік, ұқыптылық пен кәсібилік оның басты ұстанымдарының біріне айналған.
Қызметтен тыс уақытта да Жұлдыз Масғұтқызы жан-жақтылығымен ерекшеленеді. Ол қолөнермен айналысып, тігін тігуді, тұрмысқа қажетті бұйымдарды өз қолымен жасауды ұнатады. Тоқыма тоқу арқылы шығармашылық шабыт алып, жан тыныштығын табады. Мұндай істер оның қызметтік міндеттерді де сабырмен, байыппен шешуіне ықпал етеді.
Тарихи әдебиеттерге деген қызығушылығы да ерекше. Өткенді тану арқылы бүгінгі қоғамның даму үдерістерін тереңірек түсінуге ұмтылатын ол тарихи еңбектерден тағылым алып, ой-өрісін кеңейтуді әдетке айналдырған. Сонымен қатар әлемнің әртүрлі елінен жиналған сувенирлік тәрелкелерді коллекциялау – оның ерекше хоббилерінің бірі. Бұл қызығушылық оның түрлі мәдениеттерге құрметпен, әлемге ашық көзқараспен қарайтын тұлға екенін аңғартады.
Отбасында Жұлдыз Байленова – екі қыздың ардақты анасы. Қызмет пен отбасы міндетін үйлестіре білуі – оның өмірлік ұстанымындағы тәртіп пен жауапкершіліктің көрінісі. Жолдасы да ішкі істер органдарында ұзақ жылдар қызмет атқарып, бүгінде полковник шеніндегі ардагер ретінде құрметке ие азамат.
Жұлдыз Масғұтқызы – дәстүрлі полиция қызметін заманауи технологиялармен ұштастырып, құқық қорғау саласының жаңа келбетін қалыптастыруға үлес қосып жүрген кәсіби офицер. Оның еңбек жолы кәсібилік пен жаңашылдықтың, жауапкершілік пен адамгершіліктің үйлесімін айқын көрсетеді.