Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Филология факультетінде шетелдегі қазақ әдебиеті дәрісханасы және Зейнолла Сәнік атындағы орталық ашылды. Сондай-ақ ғалым, жазушы Серік Елікбайдың қаламгер туралы жазған «Қазаққа қайтқан қазына» кітабының тұсаукесері өтті.

Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қорының қолдауымен ашылған орталықтың салтанатты рәсіміне Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкенов, Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қорының құрылтайшысы және меценат Қанат Зейноллаұлы, қордың атқарушы директоры, ақын Серік Қалиев, филология ғылымдарының докторы профессор Серік Негимов, филология ғылымдарының докторы профессор Рақымжан Тұрысбек, Тарих ғылымдарының докторы, жазушы Тұрсынхан Закен, Журналистика және әлеуметтік ғылымдар жоғары мектебінің директоры Нұржан Қуантайұлы, Филология факультетінің деканы, ақын Серікзат Дүйсенғазы, сондай-ақ аталған жоғары оқу орынның профессор, ғалымдары, оқытушы- студенттері қатысты.

Іс-шараны жүргізген Серікзат Дүйсенғазы жаңа кабинет пен орталық тек Зейнолла шығармаларын ғана емес, тұтас шетелдегі қазақ әдебиетін зерттеуге, ұлттық әдеби мұраны насихаттауға және жас зерттеушілердің ғылыми ізденістеріне қолдау көрсетуге бағытталғанын айырықша атап өтті.

Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкенов Зейнолла Сәнік атындағы кабинеттің ашылуын қазақ руханияты мен ғылымы үшін айрықша оқиға деп бағалады.
«Бүгін қазақ руханияты үшін, оның ішінде Қазақстан Жазушылар одағы мен отандық ғылым үшін ерекше күн. Біз қазақтың көрнекті жазушысы, ғалымы, этнографы Зейнолла Сәніктің дәрісханасын ашып отырмыз. Қазақта «Орнында бар оңалар» деген сөз бар. Осы аудиторияның ашылуынан қазақтың иісі, ықыласы мен шынайы құрметі сезіледі. Егер қазақтай халқы болмаса, Зейнолла Сәнік Қытайда қалып, сол жақтағы көп ғалымның бірі болып қана қалар ма еді?! Бірақ оның ұрпағы бар, біз бармыз. Соның арқасында Зейнолладай ғажайып тұлғаны Қазақстанға әкеліп, оның мұрасын туған елінде ұлықтауға мүмкіндік туды. Бүгінде Қазақстанның түкпір-түкпірі Зейнолла Сәніктің есімін біледі. Былтыр жазушының 90 жылдығына орай ұйымдастырылған экспедиция еліміздің көптеген өңірін аралап шықты. Зейнолла Сәніктің жазушылығы өз алдына бір төбе болса, оның этнографиялық еңбектері де айрықша құнды. Еуразия ұлттық университеті секілді еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының бірінде оның атындағы дәрісхананың ашылып, онда жас ұрпаққа білім берілуі – ғалымдардың да, жазушылардың да мерейін өсіретін игілікті іс» деді ол.

Іс-шара аясында таныстырылған «Қазаққа қайтқан қазына» кітабы Зейнолла Сәніктің өмірі мен шығармашылығын, ұлт мәдениеті мен әдебиетіне қосқан үлесін танытуға арналған. Кітаптың тұсаукесері ғалымның мұрасын кейінгі ұрпаққа жеткізу жолындағы маңызды қадамның бірі болды. Павлодар облысы мәдениет басқармасының басшысы Медет Тауасқан Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановтың құттықтау хатын жеткізіп, қаламгерге шапан жауып, сый көрсетті.
Салтанатты жиында Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қорының басшысы Серік Қалиев орталықтың ашылуына қолдау көрсеткен университет басшылығына, ғалымдар мен оқытушыларға, зиялы қауым өкілдеріне және қаламгер ұрпақтарына алғыс білдірді. Ол шетелдегі қазақ әдебиетін зерттеу, жинақтау және кейінгі ұрпаққа насихаттау қор жұмысының негізгі бағыттарының бірі екенін атап өтті. Сонымен қатар, Қор өкілі алдағы уақытта орталықта шетелдегі қазақ әдебиетіне арналған дәрістер, ғылыми кездесулер мен түрлі байқаулар ұйымдастыру жоспарланып отырғанын жеткізді.

Іс- шара барысында Зейнолла Сәніктің әдеби және ғылыми мұрасын зерттеп, насихаттауға қосқан үлесі үшін жазушы Серік Елікбай мен ақын Серікзат Дүйсенғазыға Зейнолла Сәнік атындағы төсбелгі табысталды. Сонымен қатар Еуразия ұлттық университетінің үш талантты студентіне Зейнолла Сәнік атындағы стипендия тағайындалды. Бұл бастама көрнекті қаламгердің рухани мұрасын ұлықтап қана қоймай, жас таланттарды қолдауға және ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған.
Жазушы, баспагер, этнограф Зейнолла Сәнік - Қытай қазақтарынан шыққан танымал қаламгер. Өмірінің соңғы мезгілін Қазақстанда өткізіп, Атажұрттың ардақты топырағын жамылған қаламгердің 15 томдық шығармалар жинағы Алматыдағы «Ан-арыс» баспасынан жарық көрген. Бұған дейін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Зейнолла Сәнік атындағы баспагерлік-редакторлық орталық», Шәкәрім атындағы Семей университетінде «Зейнолла Сәнік атындағы шетелдегі қазақ әдебиеті дәрісханасы» және Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде «Зейнолла Сәнік атындағы этнография аудиториясы», Мақаншы ауданы, Қабанбай ауылындағы мектепте «Зейнолла Сәнік атындағы қазақ әдебиеті» кабинеті ашылған болатын.
Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ