Елордада Республика күніне орай полицейлерге пәтер кілттері табысталды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Астана қаласының полиция департаментінде Республика күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Мерекелік жиында қызметтік міндеттерін абыроймен атқарып, жоғары нәтижелерге қол жеткізген, кәсібилігімен, батылдығымен және өз ісіне адалдығымен ерекшеленген полиция қызметкерлері марапатталды. Іс-шара аясында Астана қаласы полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Әбіл Әбілдин үздік қызметкерлерге мерзімінен бұрын арнайы атақтар, "Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін" медальдарын, "Ішкі істер органдарының үздігі" төсбелгілерін, Ішкі істер министрлігінің Құрмет грамоталары мен грамоталарын, алғыс хаттар және қолсағаттар табыстады.
Сондай-ақ жергілікті атқарушы органның қолдауымен берілген пәтерлердің кілттері тапсырылып, бұл мерекенің ерекше сәттерінің біріне айналды. Бұдан бөлек, белсенді азаматтық ұстанымы мен адам өмірін құтқару кезіндегі ерлігі үшін елорда тұрғыны Астана қаласы полиция департаменті бастығының атынан бағалы сыйлықпен – қолсағатпен марапатталды. Ол қиын жағдайға тап болған жанға бейжай қарамай, көмек көрсетуге дайын екенін ісімен дәлелдеді. Мерекелік шараның сәнін Отанға, халықтың бірлігі мен туған жерге деген сүйіспеншілікке арналған патриоттық әндерден құралған концерттік бағдарлама аша түсті.