Ереже бұзған жүргізушілер анықталуда

Ереже бұзған жүргізушілер анықталуда
фото: polisia.kz

Астанада "Құқықтық тәртіп" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында полиция жол қозғалысы ережелерінің бұзылуын анықтауда, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

"Құқықтық тәртіп" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережелерінің сақталуына, көлік құралдарының техникалық жай-күйіне және қауіпсіздікке қатер төндіріп, қоғамдық тыныштықты бұзуы мүмкін құқық бұзушылықтардың жолын кесуге ерекше назар аударуда. Мәселен, патрульдеу барысында полицейлер Mercedes маркалы автокөлікті басқарған 26 жастағы жүргізушіні анықтады. Ол тиісті рұқсатсыз көліктің шығару жүйесінің конструкциясына өзгерістер енгізген.

Атап айтқанда, автокөлікке шу деңгейін жоғарылатып, қала тұрғындарына қолайсыздық туғызатын резонатор орнатылған. Аталған факті бойынша автокөлік коммуналдық тұраққа қойылып, жүргізуші әкімшілік жауаптылыққа тартылды. Тағы бір құқық бұзушылық Достық және Мәңгілік Ел көшелерінің қиылысында анықталды. Полиция қызметкерлері елорда тұрғыны, 32 жастағы Нұрсұлтан Дюсекеев басқарған Hyundai Accent автокөлігін тоқтатты. Тексеру барысында автокөліктің артқы әйнегіне бейәдеп сөздер мен дөрекі тіркестер жазылған үлкен жапсырма орналастырылғаны анықталды. Аталған құқық бұзушылық үшін автокөлік коммуналдық тұраққа қойылып, жүргізуші ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік жауаптылыққа тартылды. Сот шешімімен оған 5 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу жазасы тағайындалды.

Полиция көлік құралдарының конструкциясына рұқсатсыз өзгерістер енгізуге, сондай-ақ жол қозғалысы қауіпсіздігіне әсер ететін талаптарды бұза отырып автокөлікті пайдалануға жол берілмейтінін еске салады. Әрбір жүргізуші белгіленген талаптарды сақтап, жол қозғалысының өзге қатысушыларына құрметпен қарап, айналасындағыларға қолайсыздық туғызбауы тиіс. Жол қозғалысы ережелерін сақтау — әрбір азаматтың жауапкершілігі. Жолдағы қауіпсіздік пен елорда тұрғындарының тыныштығы осыған байланысты.