Tarlan Astana желісі Талдыкөл су қорғау аймағы арқылы өтеді

Tarlan Astana желісі Талдыкөл су қорғау аймағы арқылы өтеді
фото: Астана қаласының әкімдігі

Tarlan Astana желісінің екінші және үшінші бағыттағы желісі толықтай елорда аумағында орналасады. Ал төртінші желі Астана мен Қосшы қаласының әкімшілік шекарасы арқылы өтеді. Бұл туралы CTS компаниясының жобаға қатысты жарияланған экологиялық құжаттамасында айтылды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz Egemen.kz сайтына сілтеме жасап. 

Астанадағы жеңіл рельсті көлік жобасының екінші кезеңі екінші, үшінші және төртінші желілерді қамтиды. Олардың жалпы ұзындығы шамамен 26,5 шақырымды құрайды. Жобаға сәйкес, Tarlan Astana желілерінің тұрғын үй аймақтарына ең жақын орналасатын жері 13 метр қашықтықта болады.

Экологиялық құжаттамада Tarlan Astana желісіне жақын орналасқан су нысандарының қатарында Талдыкөл көлі, Сарыбұлақ өзені, Кіші Талдыкөл көлдері тобына кіретін №5 көл және Тассуат көлі көрсетілген.

Деподан 455 метр қашықтықта орналасқан Талдыкөл көлі су қорғау аймағына кіреді. Ал Сарыбұлақ өзені екінші желі станциясынан 370 метр қашықтықта орналасады.

Оқи отырыңызAir Astana Дубай бағытындағы рейстерді қайта іске қосады

Жоба аясында жасыл желектерге де өзгеріс енгізіледі. Астанада 68 ағашты мәжбүрлі түрде кесу, 62 ағашты басқа жерге көшіру жоспарланған. Қосшы қаласында 119 ағаш пен 51 бұтаны кесу, сондай-ақ 87 ағаш пен 68 бұтаны қайта отырғызу көзделген.

Құжатта кесілген және көшірілген жасыл желектердің орны жапырақты немесе қылқан жапырақты көшеттерді он есе мөлшерде отырғызу арқылы өтелетіні көрсетілген.