Кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы жағдай жасау - экономикалық өсудің маңызды шарты

Кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы жағдай жасау - экономикалық өсудің маңызды шарты
фото: atameken.kz

Қазақстан халқына Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпкерлікті дамытуға және бизнеске қолайлы жағдай жасауға бағытталған бірқатар маңызды бастаманы атап өтті. Олардың қатарында 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап микро және шағын кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге арналған кезекті үш жылдық мораторий енгізудің орындылығын талқылау, салық заңнамасының жекелеген нормаларын қайта қарау және кәсіпкерлердің мемлекеттік сатып алуға қатысу мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері бар.

Аталған бастамаларды іскерлік қоғамдастық үшін өзекті деп санаймын. Кәсіпкерліктің тұрақты дамуы үшін заңнама талаптарының түсінікті әрі болжамды болуы маңызды. Бұл кәсіпкерлерге әкімшілік кедергілерді еңсеруге емес, өз ісін дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өндіріс көлемін арттыруға басымдық беруге мүмкіндік береді.

Бизнеске түсетін әкімшілік жүктемені азайту мәселесі де ерекше назар аударуды қажет етеді. Келтірілген мәліметтерге сәйкес, бірінші жартыжылдықта жеке кәсіпкерлер тарапынан анықталған құқық бұзушылықтар саны 34%-ға төмендеген. Алайда айыппұлдардың жалпы сомасы шамамен 11%-ға өсіп, жоспардан тыс тексерулер саны едәуір артқан. Бұл бақылау-қадағалау тәсілдерін жетілдіріп, заң талаптарының сақталуы мен кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз ету қажеттігін көрсетеді.

Кәсіпкерлердің мемлекеттік сатып алуға және квазимемлекеттік сектордың сатып алу рәсімдеріне қатысу мүмкіндіктерін кеңейту де маңызды. Өнім берушілерге қойылатын артық талаптарды жеңілдету шағын және орта бизнес субъектілеріне жаңа тапсырыстар алуға, өткізу нарықтарын кеңейтуге және өндірістік әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл ретте сатып алу рәсімдерінің ашықтығы мен әділ бәсекелестікті қамтамасыз ету де маңызды.

Салық заңнамасын жетілдіру мәселесі де кәсіпкерлер үшін айрықша мәнге ие. Салық талаптары нақты, түсінікті әрі біркелкі қолданылуы керек. Заңнамадағы жиі өзгерістер мен нормаларды әртүрлі түсіндіру бизнесті жоспарлауды қиындатып, кәсіпкерлерге қосымша жүктеме түсіреді. Сондықтан Салық кодексіне өзгерістер әзірлеу кезінде бизнес-қоғамдастықтың ұсыныстарын ескеріп, кәсіпкерлермен ашық әрі сындарлы диалог жүргізу қажет.

Сонымен қатар орта бизнесті дамыту, ұзақ мерзімді қаржыландыруға қолжетімділікті арттыру, кәсіпорындарды технологиялық жаңғырту және ірі компаниялармен кооперацияны нығайту маңызды бағыттардың бірі болып қала береді. Шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 40%-ды құрап отырған жағдайда, бұл секторды одан әрі дамыту экономиканы әртараптандыруға және жаңа өсу нүктелерін қалыптастыруға ықпал етеді. Ауыл кәсіпкерлерін цифрлық саудаға тарту да маңызды. Маркетплейстерді пайдалану ауылдық жерлердегі өндірушілерге өнімдерін кеңінен таныстырып, жаңа нарықтарға шығуға мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысы айқындаған негізгі қағидалардың бірі – бизнеске артық кедергілер келтірмей, оның тұрақты жұмыс істеуі мен дамуына қажетті жағдай жасау. Осы бастамаларды жүйелі түрде іске асыру мемлекет пен бизнес арасындағы сенімді нығайтуға, іскерлік белсенділікті арттыруға және инвестициялық ахуалды жақсартуға ықпал етеді.

Ең бастысы, ұсынылған бастамалар нақты шешімдерге ұласып, кәсіпкерлердің күнделікті қызметінде оң нәтижесін көрсетуі керек.

Қанат Әлин,

Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының басшысы