Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Ғылыми кітапханасында «Жас қаламгер мінбері» атты поэтикалық кеш өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Жиынға университет студенттері мен жас қаламгерлер қатысып, өзара шығармашылық байланыс орнатты. Кеш барысында жас ақындар авторлық өлеңдерін оқып, әдеби ізденістерімен бөлісті. Сондай-ақ ашық микрофон ұйымдастырылып, қатысушылар поэзия, өлең жазу тәжірибесі мен шабыт көздері туралы пікір алмасты.
Іс-шара аясында кітап оқу мәдениетін қалыптастыру мен әдеби ортаны дамыту мәселелеріне де назар аударылды.
«Кітап оқу – адамның ой-өрісін кеңейтіп, рухани дамуына ықпал ететін маңызды әдет. Ал поэзия кештері жастардың әдебиетке деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, өз ойын көркем жеткізуіне, шығармашылық қабілетін шыңдауына мүмкіндік береді. “Жас қаламгер мінбері” арқылы жас ақындардың басын қосып, олардың өзара тәжірибе алмасуына және шығармаларын көпшілікке ұсынуына жағдай жасауды көздедік. Осындай кездесулер жастар арасында кітап оқу мәдениетін насихаттап, ұлттық әдебиетке деген сүйіспеншілікті арттыруға үлес қосады деп сенеміз»дейді шараны ұйымдастырушы Арманбек Жәкейхан.