Шығармашылыққа толы отбасылық мереке өтті

Шығармашылыққа толы отбасылық мереке өтті
фото: Сұлтан Сейіт

Бүгін «Жетісу» саябағында «Отбасы Time» жазғы отбасылық фестивалі аясында «Шығармашылық мерекесі» атты кезекті іс-шара өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

 Бұл мерекелік бағдарлама өз кезегінде елорда тұрғындары мен қонақтарына көтеріңкі көңіл күй сыйлап, балалар мен ата-аналардың бірге уақыт өткізуіне мүмкіндік берді.

Іс-шара барысында балалар үшін аниматорлардың қатысуымен қызықты ойын бағдарламасы ұйымдастырылды. Одан кейін вокалдық және би бағдарламасы ұсынылып, кішкентай көрермендер өнерпаздардың өнерін тамашалап, көңіл көтерді.

Сонымен қатар саябақ аумағында түрлі интерактивті алаңдар жұмыс істеді. Балалар шығармашылық шеберлік сабақтарына қатысып, өз қолдарымен түрлі бұйымдар жасап көрді. Ал бьюти-барда қыздарға шаш өру және мерекелік образ жасау мүмкіндігі ұсынылды. Осылайша жиналғандар арнайы фотобудкада естелік суреттерге түсіп, мерекелік сәттерді есте қалдырды.

Бұдан бөлек, іс-шараның қорытынды бөлімінде музыкалық бэнд сахнаға шығып, қонақтарға жанды музыка тарту етті. Жазғы кештің әсем әуені саябақтағы мерекелік көңіл күйді одан әрі жандандыра түсті. 

«Балаларымыз бүгін өте көңілді уақыт өткізді. Әсіресе аниматорлардың ойындары мен шығармашылық шеберлік сабақтары ұнады. Өзіміз де отбасымызбен бірге уақыт өткізіп, музыка тыңдап, естелік суреттерге түстік. Осындай шаралардың саябақтарда жиі ұйымдастырылғаны қуантады. Балаларға да, ата-аналарға да жақсы көңіл күй сыйлайды», – дейді қала тұрғыны Элмира Қайназарова. 

Айта кетейік, «Отбасы Time» фестивалі отбасылық демалыс мәдениетін дамытуға, отбасылық құндылықтарды нығайтуға және балалар мен ата-аналардың бірге уақыт өткізуіне қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған.