Елорданың Алматы ауданында қоғамдық тәртіпті бұзған азаматтар қоғамдық жұмыстарға тартылды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Бұған дейін Алматы ауданында бейнебақылау камералары арқылы қоғамдық тәртіпті бұзып, аялдама павильонын ластаған 18 және 19 жастағы екі жас азаматтың жеке басы анықталған болатын.
Полиция қызметкерлері құқық бұзушыларға қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434 және 434-2-баптары бойынша әкімшілік хаттамалар толтырды.
Сот шешімімен жас азаматтар қоғамдық жұмыстарға тартылды. Жүктелген міндеттерді орындау аясында олар өздері бұрын ластаған аялдаманы санитарлық тазалаудан өткізді.
Қала тұрғындары мен қонақтарын ортақ мүлікке ұқыпты қарауға, тазалық пен қоғамдық тәртіпті сақтауға шақырамыз. Қалалық инфрақұрылымның сақталуы – әрқайсымызға ортақ жауапкершілік!