Су бетіндегі серуен

Су бетіндегі серуен

Астана қаласында су спорты мен белсенді өмір салтын дамытуға бағытталған ауқымды іс-шара өтті. SUP Club Astana елорда тұрғындары үшін су бетіндегі серуен спорты – SUP-бординг бойынша тегін ашық сабақ өткізді. Дәріске 100-ге жуық адам қатысты. Бұл бастама қала тұрғындарын салауатты өмір салтына ынталандыруға, су спорты мәдениетін дамытуға және заманауи белсенді демалыс түрлерін кеңінен насихаттауға бағытталған.

Stand up paddleboarding (SUP-бординг) спорты алғаш рет Гавай аралдарында пайда болған. Бұл спорт бастапқыда серфинг жаттықтырушыларының теңіз үстінде тұрып ескекпен қозғалу тәсілі ретінде қалыптасып, кейіннен жеке спорт әрі демалыс түріне айналды. Бүгінде SUP-бординг әлемнің көптеген елдерінде кеңінен таралған, әсіресе АҚШ, Австралия және Еуропа мемлекеттерінде қарқынды дамып келеді.

Соңғы жылдары Астанада белсенді демалысқа деген қызығушылық айтарлықтай артқан. Әсіресе жастар арасында жаңа спорт түрлеріне сұраныс жоғары. SUP-бординг те дәл осы бағытта қарқынды дамып келе жатқан спорт пен демалыстың жаңа форматына айналып отыр.

SUP Club Astana ұйымдастырушысы Бекзат Тілепбергеннің айтуынша, соңғы үш жыл ішінде бұл бағыт бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді.

– Маркетинг құралдарын тиімді пайдаланып, тұрақты түрде жарнама жүргізіп келеміз. Сонымен қатар қала тұрғындарына арналған түрлі іс-шаралар ұйымдастыру арқылы су спортының дамуына өз үлесімізді қосып жатырмыз. Қала халқының саны артып келе жатқандықтан, белсенді демалыс түрлеріне деген сұраныс та жылдан-жылға өсуде, – деді ол.

SUP-бординг бүгінде тек су үстіндегі серуен ғана емес, физикалық белсенділікті және төзімділікті дамытатын спорт түрі ретінде де бағаланып келеді. Мамандардың пікірінше, SUP-бординг адамның психологиялық жағдайына да оң ықпал етеді. Су үстінде уақыт өткізу, табиғатпен үндесу және қозғалыс белсенділігі күнделікті күйзелісті азайтып, эмоционалдық тепе-теңдікті сақтауға көмектеседі.

SUP Club Astana мәліметінше, осы уақытқа дейін жүздеген адам SUP-бордингпен алғаш рет осы клуб арқылы танысқан. Қатысушылардың басым бөлігі – бұрын бұл спортпен мүлде айналыспаған тұрғындар. Соған қарамастан, кәсіби нұсқаулықтың арқасында көпшілік алғашқы 10-15 минут ішінде SUP тақтасында еркін қозғала бастаған. SUP-бордингтің тағы бір ерекшелігі – бұл спорт түрінің жас талғамайтындығында. Ұйымдастырушылардың айтуынша, сабақтарға тек жастар ғана емес, түрлі жастағы қала тұрғындары қатысады. Тіпті 65-70 жастағы аға буын өкілдері де SUP тақтасына шығып, жаңа тәжірибе жинап жүр.

Жанерке САЙРАНБАЙҚЫЗЫ,

Л.Гумилев атындағы ЕҰУ журналистика факультетінің 2-курс студенті