Астанада «Қазақстан спорт ардагерлері одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің елордалық филиалы салтанатты түрде ашылып, Спорт күніне орай спорт ардагерлерінің I форумы өтті.
Іс-шараға 150-ден астам спорт ардагері, белгілі спортшылар мен жаттықтырушылар, мемлекеттік органдар мен спорт қауымдастығының өкілдері қатысты.
Форумға Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрінің штаттан тыс кеңесшісі, Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, көркем гимнастикадан КСРО-ның тұңғыш спорт шебері, «Құрмет» орденінің иегері Ләйлім Омарова, Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Руслан Серғазин, сондай-ақ Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Азамат Ағзамов қатысты.
Жиын барысында спорттық дәстүрлерді сақтау, ұрпақтар сабақтастығын нығайту, ардагерлер қозғалысын дамыту және салауатты өмір салтын насихаттау мәселелері талқыланды.
Елордалық филиалдың басшысы болып жеңіл атлетикадан Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Қуандық Елжанов тағайындалды.
«Спорт ардагерлері одағы – 15 шілдеде құрылған қоғамдық бірлестік. Қысқа уақыт ішінде көптеген спорт ардагерін ұйым қатарына біріктіріп, бүгін алғашқы форумымызды өткізіп отырмыз. Бұл – бастамасы ғана. Алдағы уақытта шеберлік сабақтарын өткізіп, спорттық іс-шараларға қатысамыз. Балалармен және жас спортшылармен кездесіп, тәжірибемізбен бөлісіп, өз үлгіміз арқылы оларды жаңа жетістіктерге ынталандырамыз» – деді Қуандық Елжанов.
Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Азамат Агзамов спорт ардагерлерінің жинақтаған тәжірибесін жас ұрпаққа жеткізудің маңыздылығын атап өтті.
«Сіздердің тәжірибелеріңіз бен білімдеріңізді жас ұрпаққа жеткізу біз үшін маңызды. Өз тарапымыздан бастамаларыңыз бен бірлескен жобаларыңызды қолдауға дайынбыз. Филиалдың ашылуы жиі бас қосып, маңызды мәселелерді талқылауға және спортты дамыту жолында бірлесе жұмыс істеуге мүмкіндік беретініне сенімдімін» – деді Азамат Агзамов.
Форум аясында спорт ардагерлеріне алғыс хаттар, естелік төсбелгілер мен есімдері жазылған жейделер табысталды.