Сот бақылауы – кері байланысты қамтамасыз ететін тетік

Сот бақылауы – кері байланысты қамтамасыз ететін тетік

Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің (ӘРПК) қолданысқа енгізілгеніне бес жыл және әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соттың жұмыс істей бастағанына бір жыл толуы – әкімшілік әділеттілікке сот шешімдерінің әкімшілік органдардың қызметіне тигізетін ықпалы тұрғысынан баға беруге жақсы мүмкіндік.

ӘРПК-нің қабылдануы жария-құқықтық дауларды шешу тәсілін өзгертудегі маңызды кезең болды. Сотқа істің мән-жайларын анықтауда белсенді рөл берілсе, әкімшілік орган қабылдайтын шешімінің заңдылығын негіздеуге міндеттелді. Нәтижесінде сот процесі жай ғана дауды шешу тәсілі емес, шешім қабылдайтын органдардың қызметіне тиімді бақылау жасау тетігіне айналды.

Институционалдық дамудың келесі маңызды қадамы – 15 наурыздағы жаңа Конституцияда әкімшілік сот ісін жүргізудің бекітілуі болды. Бұл оның конституциялық мәртебесін айқындап, сот төрелігінің дербес түрі ретіндегі маңызын атап көрсетті.

Бұл жүйені дамытудың келесі кезеңі әкімшілік істер жөніндегі жеке кассациялық соттың құрылуы болды. Оның мамандануы жария-құқықтық қатынастардың ерекшеліктеріне, ӘРПК нормаларын қолдану мәселелеріне және әкімшілік істерді сот тәртібімен қайта қараудың сапасына баса назар аударуға мүмкіндік береді.

Жаңа институттың қажеттілігі статистикалық деректерден де көрінеді. Жұмысының алғашқы жылында кассациялық сотқа бес мыңнан астам кассациялық шағым түскен, олардың шамамен үштен екісі қаралған. Шағымдардың басым бөлігін салық даулары – 20,5%, атқарушылық іс жүргізу саласындағы даулар – 20,2%, жер даулары – 11,5% және мемлекеттік сатып алу саласындағы істер – 10,1% құрады.

Бұл цифрлардың артында азаматтар мен бизнестің әкімшілік органдардың шешімдерімен, әрекеттерімен немесе әрекетсіздігімен бетпе-бет келетін нақты жағдайлар тұр. Сондықтан кассациялық сатының маңызын тек қаралған шағымдардың санымен бағалау жеткіліксіз. Істерді қарау барысында қандай проблемалардың анықталғаны және сот қорытындыларының нақты даудың шеңберінен тыс өзгерістерге алып келе ме, жоқ па – бұл да маңызды.

Кассациялық соттың практикасынан бір мысал келтіруге болады. Жер дауын қарау барысында сот мемлекеттік қызмет көрсету қағидаларының қазақ және орыс тілдеріндегі мәтіндері арасында сәйкессіздіктер бар екенін анықтады. Айырмашылықтар жекелеген тұжырымдарға ғана емес, мемлекеттік қызмет көрсету тәртібіне де қатысты болған.

Сот жекеше ұйғарым шығарып, анықталған бұзушылықтарды жою қажеттігіне әкімшілік органның назарын аударды. Нәтижесінде тиісті өзгерістер әзірленіп, келісілді және қағидалар заңнама талаптарына сәйкес келтірілді.

Егер бір дауды қарау нәтижесінде ондаған немесе жүздеген басқа азаматтар мен ұйымдардың құқықтары мен мүдделеріне әсер етуі мүмкін проблема жойылса, сот бақылауы өзінің кең ауқымды функциясын – тек нақты іс бойынша ғана емес, жалпы әкімшілік практикадағы заңдылықты қамтамасыз ету міндетін атқарады.

Тағы бір мысал. Кассациялық сот жер учаскесін дүкен орналастыру үшін жалға алу мерзімін ұзартудан жергілікті атқарушы органның бас тартуын заңсыз деп таныды. Әкімшілік орган меншік құқығының туындауына байланысты мән-жайларды және объектіні қайта жаңғыртудың заңдылығын ескермей, жаңа қала құрылысы құжаттарына формалды түрде сілтеме жасау арқылы өтініш берушінің құқықтарын шектеген.

Сот объективтілік пен мөлшерлестік қағидаттарының бұзылғанын, сондай-ақ ұсынылған құжаттардың ескерілмегенін көрсетті. Жоғары тұрған лауазымды тұлғаның атына тиісті шаралар қабылдау үшін жекеше ұйғарым шығарылды.

Бұл іс сот бақылауының әкімшілік органның әрекеттерін түзетіп қана қоймай, меншік иесінің құқықтарын қорғауды қамтамасыз ететінін және сонымен бірге жекеше ұйғарым тетігі арқылы жүйелі бұзушылықтардың алдын алуға мүмкіндік беретінін көрсетеді.

Сот отырысының сапасын қамтамасыз етудегі маңызды факторлардың бірі – оған қатысушылардың дайындық деңгейі. Бұл өз кезегінде уақытты үнемдеуге, істің толық әрі жан-жақты қаралуына және негізсіз кейінге қалдыруларға жол бермеуге ықпал етеді.

Заңды тұлғаны тарату жөніндегі әрекеттерді заңсыз деп тану және мемлекеттік дерекқордағы тиісті жазбалардың күшін жою туралы әкімшілік іс бойынша кассациялық сот төменгі сатылардағы сот актілерін өзгеріссіз қалдырды. Сонымен бірге жауапкер өкілдерінің процестік міндеттерді тиісінше орындамағанын атап өтті. Олар әкімшілік әрекеттердің заңдылығын негіздей алмады және шағымда келтірілген уәждер бойынша дәлелді қарсылықтар ұсынбаған. Бұл процестің созылуына алып келген.

Сот ӘРПК нормаларына сәйкес процесс қатысушылары істің мән-жайларын адал ашып көрсетуге және құжаттарды ұсынуға міндетті екенін атап өтті. Бұл талаптардың орындалмауы процестік салдарға әкеп соғады. Осы жағдайда сот 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде ақшалай өндіріп алу шарасын қолданды.

Бұл мысал әкімшілік әділет саласындағы сот бақылауының тек актілердің заңдылығын тексерумен шектелмейтінін, сонымен қатар процеске қатысушылардың тәртібін қамтамасыз етуді де қамтитынын көрсетеді.

Ақшалай өндіріп алу сот пен заңға деген құрметті қамтамасыз етуге, сондай-ақ істі қарауды созбалаңға салуға жол бермеуге бағытталған құрал. Сонымен қатар ол сот бақылауының элементі ретінде процестік мәжбүрлеу шараларының практикада қолданылуын көрсетеді.

Бір қарағанда, бұл – сот практикасындағы жекелеген мысалдар ғана.

Алайда дәл осындай істерде әкімшілік әділеттің кең ауқымды маңызы көрініс табады.

Бұл жағдайда сот бақылауы әкімшілік орган үшін кері байланыс тетігі ретінде жұмыс істеді. Нақты іс барысында анықталған проблема тек дауға қатысушыға қатысты ғана емес, реттеу деңгейінде де жойылды. Бұл болашақта осындай жағдайлардың туындауының алдын алуға мүмкіндік береді.

Әкімшілік сот ісін жүргізудің маңызды ерекшеліктерінің бірі де осында. Оның міндеті нақты дауда кімнің дұрыс екенін анықтаумен ғана шектелмейді.

Сот практикасы әкімшілік органдарға белгіленген рәсімдерді сақтаудың, қабылданатын шешімдерді толық әрі нанымды негіздеудің, істің мән-жайларын және қабылданатын шаралардың мөлшерлестігін ескерудің қаншалықты маңызды екенін көрсетеді.

Осылайша, сот шешімінің салдары нақты процестің шеңберінен әлдеқайда кең болуы мүмкін. Ол әкімшілік практиканы жетілдіру және құқық нормаларын біркелкі қолдану қажеттігі туралы белгіге айналады.

Сот актісі мемлекеттік билік оргтары үшін бағдар қызметін атқарып, қайшылықтарды жою және бірдей құқық нормаларын әртүрлі түсіндіруге жол бермеу қажеттігін көрсетеді. Осы мақсатта ӘРПК-ге әкімшілік органдардың рәсімдер мен актілердің біркелкілігін қамтамасыз ету міндетін бекітетін, бірдей құқық нормаларын әртүрлі түсіндіруге және қолдануға жол бермейтін 15-1-бап енгізілді.

Сот шешімдері құқық қолдану практикасын қалыптастыруда маңызды бағдарға айналады. Ал жекеше ұйғарымдардың шығарылуы – әкімшілік қызметті жетілдірудегі сот төрелігінің превентивтік рөлін көрсететін маңызды мысал.

Әкімшілік әділет тек құқықтарды қорғау тетігі ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру құралына айналып келеді.

Сайып келгенде, дәл осындай нәтиже сот ісін жүргізудің жаңа түрінің маңызын қаралған істердің санымен ғана емес, оның құқықтық жүйенің және әкімшілік практиканың дамуына тигізетін ықпалымен бағалауға мүмкіндік береді.

Осылайша, Қазақстандағы әкімшілік әділет саласындағы сот бақылауын жария-құқықтық дауларды шешу құралы ретінде ғана емес, құқықтық жүйенің дамуын және жария басқару сапасын арттыруды қамтамасыз ететін институционалдық кері байланыс тетігі ретінде қарастырған жөн.

Ринат Каримов,

Қазақстан Республикасы Сот әкімшілігінің Кассациялық соттар департаменті басшысының орынбасары