Бүгін «Таза Қазақстан» акциясы аясында Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы мен Freedom Bank ұжымы бірлесіп ағаш отырғызды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Көгалдандыру жұмыстарына 40-қа жуық адам қатысып, ағаш көшетін отырғызды. Кәсіпкерлікті дамыту бөлімінің басшысы Шухрат Жораевтың айтуынша, мұндай шаралар қаланы көркейтіп қана қоймай, адамдарды ортақ іске жұмылдырады.

«Бүгін Freedom Bank ұжымымен бірге «Таза Қазақстан» акциясына қатысып, ағаш отырғызып жатырмыз. Мұндай шаралар адамдарды біріктіреді. Қаламыздың таза әрі жасыл болуы әрқайсымызға байланысты. Бүгін отырғызған ағаштарымыз елордамен бірге жайқалып өссін», – деді ол.
Freedom Bank филиалының директоры Ардақ Елеусізов те табиғатты қорғау мен қаланы көгалдандыру ортақ жауапкершілік екенін атап өтті.
«Әр отырғызылған ағаш – болашаққа салынған инвестиция. Бүгінгі көшеттер ертең қаламызға көрік беріп, келер ұрпаққа қызмет етеді. Сондықтан мұндай бастамаларды қолдау біз үшін маңызды», – деді Ардақ Елеусізов.

Акцияға қатысушылар алдағы уақытта да қаланы көгалдандыру мен абаттандыруға бағытталған бастамаларға атсалысуға ниетті.
Таза әрі жасыл қала – ортақ еңбектің нәтижесі.