Астана әуежайында тегін ауыз су станциялары орнатылды

Астана әуежайында тегін ауыз су станциялары орнатылды
фото: Астана халықаралық әуежайының баспасөз қызметі

Астана халықаралық әуежайы жолаушыларға қолайлы жағдай жасауды және терминалдар инфрақұрылымын дамытуды жалғастыруда. Әуежайда жолаушылар мен келушілер тегін пайдалана алатын заманауи стационарлық ауыз су станцияларын орнату басталды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Станциялар сумен жабдықтау жүйесіне қосылып, көпсатылы сүзгілеу жүйесімен жабдықталған. Жолаушылар әуежай терминалының ішінде өз бөтелкесіне немесе басқа да қолайлы ыдысқа ауыз суды тегін құйып ала алады.

Жаңа сервис әсіресе әуежайда ұшуды, қонуды немесе келесі рейске ауысуды ұзақ уақыт күтетін жолаушылар үшін ыңғайлы. Енді олар өздерімен бірге бос көп рет қолданылатын бөтелке алып келіп, оны терминал ішінде ауыз сумен толтыра алады.

Ауыз су станцияларын орнату жолаушылардың жайлылығын арттыруға, қолжетімді ауыз су инфрақұрылымын дамытуға және әуежайда болу үшін барынша қолайлы жағдай жасауға бағытталған.

Айта кетейік, Астана халықаралық әуежайы жолаушылардың сапардың барлық кезеңінде әуежайда жайлы әрі қолайлы жағдайда болуына мүмкіндік беретін шешімдерді енгізуді жалғастыруда.