Шетелден келіп, еліміздің беделді жоғары оқу орындарында білім алып жатқан этникалық қазақ жастарының жағдайы не болмақ? Олардың бірқатары мемлекет қамқорлығына алынып, арнайы гранттар арқылы білім алып жатыр. Мемлекет олардың оқуына қомақты қаржы бөліп, болашағына инвестиция салып отыр. Ендеше, ол жастардың денсаулығы мен қауіпсіздігі де назардан тыс қалмауы тиіс қой.
Мейлі, қалай болмасын грантпен оқыса да, ақылы бөлімге түссе де, студенттің өмірі мен денсаулығының маңызы өзгермейді ғой. Олар да ауырады, сырқаттанады, медициналық көмекке мұқтаж болады дегендей. Сондықтан еліміздің жоғары оқу орындарында білім алып жүрген шетел азаматтарының, соның ішінде қандастарымыздың да медициналық қызметке қол жеткізу мүмкіндігін қарастыру керек меніңше.
Ал қазір университет жанындағы емханалар да, студенттер тіркеледі деген медициналық мекемелер де «шетел азаматысың» деп ат-тонын ала қашады олардан. Егер қолданыстағы медициналық сақтандыру жүйесі олардың бәрін бірдей қамтуға мүмкіндік бермесе, онда осы мәселені шешудің балама жолдарын неге қарастырмаймыз?
Мәселен:
1. Шетелден келген студенттерге арналған арнайы медициналық сақтандыру жүйесін енгізу.
2. Университеттер жанынан оларға қолжетімді медициналық қызмет көрсету бөлімдерін ұйымдастыру.
3. Мемлекеттік емханаларда студенттердің қалтасы көтеретін бағада ақылы медициналық қызмет көрсету мүмкіндігін қарастыру.
4. Әрбір жоғары оқу орнында студенттердің денсаулығы мен қауіпсіздігіне жауапты нақты құрылым қалыптастыру керек.
Міне, мұның барлығы да – артық талап емес, білім алуға келген жастардың ең қарапайым әлеуметтік қажеттілігі.
Өйткені әрбір оқу орны өз студентін (сыртта жүрген кезде болмаса да) университет аумағында жүргенде қорғауға міндетті. Әрбірден кейін, қауіпсіз орта қалыптастыру, төтенше жағдайлардың алдын алу, қажет кезде жедел көмек ұйымдастыру – жоғары оқу орнының негізгі міндеттерінің бірі болуы керек. Әдетте, біз жастарды болашағымыз дейміз. Ендеше, сол болашағымыздың амандығына бүгіннен бастап өзіміз де жауапкершілікпен қарайық.