Елдегі жағдайды қолайлы және тұрақты деп сипаттау көрсеткіші 1,7 % артты - әлеуметтік зерттеу нәтижесі

Елдегі жағдайды қолайлы және тұрақты деп сипаттау көрсеткіші 1,7 % артты - әлеуметтік зерттеу нәтижесі
фото: kipd.kz

Қазақстандық қоғамдық даму институты (ҚҚДИ) жүргізген тоқсан сайынғы сауалнама нәтижесі әлеуметтік оптимизмнің жоғары деңгейі сақталып отырғанын көрсетеді. Азаматтардың басым бөлігі елдегі жағдайды оң бағалап, өз өміріне көңілі толатынын, жайлы эмоционалдық көңіл-күйде екенін және алдағы бір жылда отбасы жағдайы жақсаратынына сенетінін білдірген, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

ҚҚДИ-ның 2026 жылдың ІІІ тоқсанындағы зерттеуіне сәйкес, қоғамдық көңіл-күйде елдегі ахуалды оң қабылдау басым. Респонденттердің 79,3%-ы Қазақстандағы жағдайды қолайлы және тұрақты деп сипаттаған. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1,7 %-ға артты.

Экономикалық ахуалға қатысты да оң көзқарас басым. Сауалнамаға қатысқандардың 72,9%-ы елдің экономикалық ахуалына жақсы баға берген. Яғни, әрбір он респонденттің жетіден астамы оның қазіргі жай-күйін қолайлы деп санайды.

Елдегі ахуалды жақсы қабылдау үрдісі азаматтардың өз өмірін жоғары бағалауымен ұштасып жатыр. Қазақстандықтардың 83,6%-ы өз өміріне риза екенін білдірген.

Осыған ұқсас жағдай күнделікті эмоционалдық көңіл-күйде де байқалады. Сауалнамаға қатысқандардың жалпы 88,1%-ы соңғы күндері көңіл-күйі керемет және орнықты екенін жеткізген. Атап айтқанда, зерттеуге қатысушылардың 27,6%-ы өз көңіл-күйін тамаша деп бағаласа, тағы 60,5%-ы қалыпты әрі бірқалыпты деп сипаттаған. Респонденттердің басым көпшілігінде сауалнама жүргізілген сәтте көңіл-күйі жағымды және қалыпты эмоционалды жағдайда екенін атқан.

 Отбасының материалдық жағдайын бағалау кезінде сауалнамаға қатысқандардың 69,1%-ы отбасылық табыстың сақталғанын немесе өскенін айтқан, бұл көптеген отбасылардың материалдық жағдайы негізінен тұрақты екенін көрсетеді.

Бұған дейін орын алған өзгерістер де негізінен оң бағалануда. Респонденттердің жартысына көбі (49,5%) соңғы бір жылда өз өмірі мен отбасының әл-ауқаты жақсарды деп есептейді.

Жағымды өзгерістерді көбіне жастар сезінген. 18 бен 28 жас аралығындағы респонденттердің 57,7%-ы, ал 29 бен 45 жас аралығындағы қатысушылардың 50,6%-ы өмірінің жақсарғанын мәлімдеген. Осы жас санаттарындағы азаматтардың басым бөлігі үшін өткен жыл жеке және отбасылық өмірдегі жағымды өзгерістермен есте қалған.

Жақын болашақты бағалауда да оптимистік көзқарас басым. Қазақстандықтардың жартысынан көбі (56,6%) бір жылдан кейін өздері мен отбасылары қазіргіден де жақсы өмір сүреді деп сенеді.

Мұндай үмітті көңіл-күй қала халқына да, ауыл тұрғындарына да тән. Бұл ретте ауылдық жерлерде бұл көрсеткіш анағұрлым байқалады: алдағы бір жыл ішінде өмірінің жақсаратынына ауыл тұрғындарының 61,9%-ы және қалалықтардың 53,4%-ы сенеді.

Жалпы алғанда, зерттеу нәтижелері елдегі жағдайды оң бағалау мен жеке тұрмысқа қанағаттанудың жоғары деңгейі және азаматтардың едәуір бөлігінің жақын болашаққа деген сенімі бір-бірімен үйлесім тауып отырғанын көрсетеді. Қоғамдық көңіл-күй тек ағымдағы ахуалды байсалды қабылдаумен ғана емес, сонымен бірге өз өмірі мен отбасы жағдайындағы бұдан да арғы жағымды өзгерістерден үміт күтуімен ерекшеленеді.

Мұндай бағалаулар жиынтығы елдің дамуын қабылдау күнделікті өмірдегі тұрақтылық сезімімен және болашаққа деген оң көзқараспен нығайтылатын берік әлеуметтік негіз қалыптастырады.

Сауалнама 31 шілде мен 16 тамыз аралығында жүргізілді. Оған еліміздің 18 жастан асқан ересек тұрғындарының жынысы, жасы, елді мекен түрі мен өңірлік құрылымын толық қамтитын ұлттық іріктеу бойынша 2 400 респондент қатысты. Іріктеудің шекті қателігі 95% сенімділік ықтималдығы кезінде ±2%-дан аспайды.