Бас қалада театрлар саны бүгінде 10-нан асады. Өнер саласында 40 жылға жуық уақыт еңбектеніп келе жатқан Мәдениет саласының үздігі Қарлығаш Матақова соның үшеуінің негізін қалады. Бұл – Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры, «Жастар» театры және Қуыршақ театры. Негізі, Қарлығаш Ардаққызының өмірі ес білгеннен театрмен тікелей байланыста өрбуде. Себебі ата-анасы – тағдырын өнерге арнаған жандар. Бәрін рет-ретімен баяндайық.
Ата-ана үлгісі
1972 жылы Торғай топырағында көрнекті мемлекет қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің бастамасымен музыкалық драма театры ашылғаны белгілі. Сол кезде ерлі-зайыпты Ардақ пен Зұлқия Матақовтар техникалық мамандар ретінде осы өнер ошағына арнайы шақырылды. Ардақ Ибадоллаұлы сахнаның бас машинисі болып еңбек етті, зайыбы реквизиттер мен костюмдерге жауапты болды. Жұбайы қайтыс болғаннан кейін, Зұлқия Матақова бас машинист қызметін атқарды.
Осыдан 45 жыл бұрын бұл өнер ұжымына қазақтың кәсіби театр өнерінің негізін қалаушылардың бірі Серке Қожамқұловтың есімі берілді. Торғай облысы таратылғаннан кейін, театр Жезқазған қаласына көшірілді. Ерлі-зайыпты Матақовтар осында жұмысын жалғастырды. Қызметтері жеміссіз емес еді. Осы театр ашылғанда актер, кейіннен бас режиссер болған сахна суреткері Жанат Хаджиевтің ұсынысымен Зұлқия Матақова Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері атағын иеленді. Шындығында, Ардақ және Зұлқия Матақовтар Серке театрының негізін қалады.
«Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» демекші, театрдағы өмірді, сахна сыртындағы еңбекті кішкентайынан көріп өскен Қарлығаш ата-ананың жолын жалғады, жұбайын осы өнерден жолықтырды, барлық өмірі де өнер болып кетті.
Әннен туған есім
Қарлығаш Ардаққызының есімінің өзі өнер атты әсем әлемге жетелейді. Әйгілі композитор, майталман музыка теоретигі, академик Ахмет Жұбановтың «Қарлығаш» атты әнін барша жұрт біледі. Осы туынды мәтінінің авторы – ақын, драматург Ибадолла (Ибади) Матақов. Осыдан тура 85 жыл бұрын жазылған бұл ән Ахмет Жұбанов жетекшілік еткен мемлекеттік хор капелласында әнші болған Жәмила Ахметоваға арналған. Шын ғашықтықтан туған өлеңді кәсіби композитор көркем әнге айналдырды. Бұл туынды Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай» операсына да енгізілді. Ал Ибадолла Матақов пен Жәмила Ахметова шаңырақ көтерді. Ардақ атты ұлдары дүниеге келді. Қарлығаш Матақова – осы Ардақтың қызы, яғни Ибадолла мен Жәмиланың немересі. Есімі де оған осы әннің құрметіне қойылды.
Шындығында, әнде айтылғандай, «Құралай көз, қолаң шаш, Алма мойын қиғаш қас... Ақ тамақ, қиылған қас, жазық маңдай, Әдемі ақша беті, жауған қардай, Жайдары еркелеген жарқын мінез, Жарқ етсе, жадыратар жаққан шамдай» болып әжесіне тартып, театрда өскен Қарлығаштың балалық арманы актриса болу еді. Балдырған шағында, кейін бойжеткенде бірнеше бейнені сомдады да. Атап айтқанда, сіңлісі екеуі көне грек аңызындағы Медеяның перзенттері болып ойнады. Белгілі актер, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Сағызбай Қарабалин жетекшілік еткен балалар театр үйірмесіне қатысып, «Буратино», «Бақытты ханзада» ертегілерінде, «Әпке», «Әке тағдыры» спектакльдерінде кейіпкерлерді кескіндеді. Театр әртістерімен гастрольдік сапарларға да шықты. Бірақ тағдыр өнер әлемінде болса да, басқа арнаға бұрып жіберді. Серке театрына сахнаға жарық беруші керек болып, осы қызметке қабылданды. Сол жылдары аталмыш мәдениет ошағына Жанат Хаджиевтің шақыруымен облыстық филармониядан әнші Нұрай Танабаев ауысып келді. Жастардың арасында сезім туып, отау құрылды. Целиноград қаласында қазақ театры ашылғанда, осы өнер ордасының негізін қалаушы режиссер Жақып Омаров жан-жақтан әртістерді шақырды. Жезқазғаннан аттай қалап алдырған актерлердің бірі Нұрай Ерлісұлы еді. Осылайша қолындағы үш айлық Құралай атты қыздарымен жас отбасы бүгінгі елордаға қоныс аударды. Ерлі-зайыптылар бірі сахнадағы, екіншісі сахна сыртындағы еңбекке кірісіп кетті. Екеуі де қазіргі Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының негізін қалады.
Арманын Ақмарал жалғады
Бастапқыда қонақүйде тұрды. Содан бір жыл, үш айдан кейін жас отбасыға пәтер берілді. Баспанаға ие болғаннан кейін, көпке ұзамай Ақмарал атты екінші қыздары дүниеге келді. Қарлығаш Матақова актриса болу арманын іске асыра алмаса да, Қаллеки театрындағы Шыңғыс Айтматовтың «Ана-Жер-ана», Шараф Башбековтің «Темір қатын» спектакльдерінде, «Алдар көсе», басқа да ертегілерде кішігірім бейнелерді сомдады. Даладағы театрландырылған қойылымдарды сахналауда да шебер болған Жақып Омаров Қарлығаш Ардаққызын сондай қойылымдарға да салды. Осындай жағдай Ақтөбеде Есет батырдың 190 жылдығы атап өтілгенде болды. Кейіпкеріміз Шалқар даласындағы қойылымға қатысты.
Ал актриса мамандығы қызы Ақмаралға нәсіп болып келе жатыр. Иә, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Лейло Бекназардың шеберханасын аяқтаған ол – қазір Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының жетекші актрисаларының бірі. Қазақстанның халық әртісі Талғат Теменов сахналаған «Тыраулап ұшқан тырналар» лирикалық драмасында неміс қызы Инганың рөлін ойнап, Мәскеудегі «Золотой витязь» халықаралық театр фестивалінде «Алтын дипломды» иеленді. Бес жыл бұрын «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты атанды. Кинодан да көрінді. Бүгіндері Ақмарал Танабаеваны театр және кино актрисасы ретінде ел біледі деп ойлаймыз. Қарлығаш Ардаққызының кенже қызы Дәрия да өнерден алыс емес, музыка маманы.
Бас қала театрларында
Елордада «Жастар» театры ашылар алдында осы театрға директор болып тағайындалған танымал актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғани Құлжанов ұжымды жасақтауға кірісті. Сол уақытта сахнаға жарық беруші ретінде Қарлығаш Ардаққызын да шақырды. Қаллеки театрында жағдайы жақсы болса да, Ғани Әбдуәлиұлының өтінішін жерде қалдырмай, «Жастарға» ауысты. Қуыршақ театры жеке отау құрғанда соған келді. Осы театрдың негізін қалаған Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Құралай Ешмұратованың шеберханасынан актрисалық мамандықты да алып шықты. Қуыршақ театрындағы ертегілерде ойнады. Актерлік шеберліктен сабақ та берді. Осыдан бес жылдан астам уақыт бұрын Қаллеки театрының сол кездегі көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қуандық Қыстықбаев аталмыш өнер ошағына келуді ұсынды. Осылайша Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрына қайтып оралды. Қазір осында дыбыс режиссері болып еңбек етіп келе жатыр.
Сахнаға жарық беру, спектакльдің дыбысын қою, кейбіреулер ойлайтындай, оңай жұмыс емес. Қойылым жүріп жатқанда мұндай мамандар әр детальді қадағалап, сергек отыруы керек. Әртістердің ойынына, көңіл күйіне қарай қимылдау қажет. Әртістің мүлт кеткен жерін тәжірибелі сахна сыртындағы маман көрерменге байқатпай жібереді. Қарлығаш Ардаққызының бұл жағынан тәжірибесі мол. Осы іске сахнада актриса болып көрінгені септеседі. Қаллеки театрының репертуарындағы жаңа қойылымдардың көбісінің дыбыс режиссері – өзі.
Биыл – Қаллеки театрының мерейтойы. Алдағы күзде өнер ошағының құрылғанына 35 жыл толады. Әрине, мерейтойға орай ұжым мүшелеріне түрлі марапат тапсырылады. Соның ішінде әртістер мен режиссерлер ғана емес, еңбегін көпшілік көрмейтін сахна сыртындағы мамандар да еленсе екен дейсің. Соның бірі де, бірегейі де Қарлығаш Матақова деп есептейміз. Талай жыл театр өнерінің өрлеуіне атсалысып келе жатқан жан соған әбден лайық.