Сахнада – «Қош бол, Гүлсары!»

Сахнада – «Қош бол, Гүлсары!»
фото: Астана қаласының әкімдігі

Астана қаласы әкімдігінің музыкалық жас көрер­мен театрында түркі әлеміне теңдессіз мұра қалдырған Шыңғыс Айтматовтың «Қош бол, Гүлсары!» туындысы негізінде сахналанған спектакльдің тұсаукесері өтті.

Терең философиялық туынды адам тағдыры, ар-ождан, адалдық, туған жерге деген сүйіспеншілік пен рухани құнды­лықтар тақырыптарын қозғайды. Қойылым көрерменді өткен мен бүгінді саралап, адамдық қасиеттер мен рух тазалығы жайында ойлануға жетелейді.

– Шығармада осыдан бір ғасыр бұрынғы оқиғалар жайлы болады. Бірақ ол әлі күнге дейін өз өзектілігін жоғалт­қан жоқ. Бірнеше тақырып қозғалады. Әр көрермен өзіне жақын, өзіне ыстық тақырыбын таңдап, ой түйіп кетеді деген ойдамын. Негізгі өзек – Танабайдың өмір жолы мен оның жан серігіне айналған тұлпары Гүлсарының тағдыры. Басты кейіпкерлер сомдаған көрініс­тен адамның жастық шағы, үміті, сенімі мен өмірлік күресі астасып, бір дәуірдің келбеті ашылады. Спектакль – адам мен жануардың арасындағы терең рухани байланысты, уақыттың өткіншілігін және қоғам өзгерістерінің адам тағдырына әсерін баяндайды. Шығармашыл топ туынды түпнұсқасының рухын сақтай отырып, оның көркемдік-идея­лық мазмұнын заманауи теа­тр тілімен жеткізуді мақсат етті, – дейді қоюшы-режиссер Ералхан Мырзахмет.

Басты рөльдерді театр әртіс­тері Есқара Қазыбек, Аймахан Ермахан, Ақниет Зәмзат, ­Әбдісадық Гүлдана сомдады.