Сарайшық ауданы әкімі аппаратында мемлекеттік қызметке қабылдау рәсімі өтті

Сарайшық ауданы әкімі аппаратында мемлекеттік қызметке қабылдау рәсімі өтті
фото: Сарайшық ауданы әкімі аппараты

Бүгін Астана қаласы Сарайшық ауданы әкімі аппаратында мемлекеттік қызметшілердің салтанатты түрде ант қабылдап, мемлекеттік қызметке қабылдану рәсімі өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Аталмыш жиын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызметшілер күні қарсаңында ұйымдастырылды. Елдік қызметке тағайындалғандардың арасында жастар мен тәжірибелі азаматтар бар. Бұл мемлекеттік қызметтің сабақтастығы мен ұрпақтар бірлігін айқын көрсетеді.

«Студенттік шағымнан-ақ қоғамдық бастамалар мен еріктілер жобаларына белсене араластым. Сол тәжірибе маған маңызды бір ақиқатты ұғындырды: мемлекеттік қызмет — тек лауазым емес, бұл — ел тағдырына деген терең жауапкершілік. Әрбір қадам, әрбір шешім халықтың игілігіне бағытталуы тиіс екенін түсіндім. Өз елінің өркендеуіне нақты ісімен, адал еңбегімен үлес қосқан азаматтардың сапында болу — менің басты мақсатым», - деді жас мемлекеттік қызметші Сиптанов Мухамет Қанатұлы (23 жаста), Ішкі саясат бөлімінің бас маманы.

Сонымен қатар, ерекше атап өтетін жайт, алпысты алқымдаған азаматшаның елге қызмет етемін деген ынтасы бөлек.

«Еңбек жолымда түрлі міндеттерді тиімді шешуді, адамдармен жұмыс істеуді және жауапкершілікпен қызмет атқаруды үйрендім. 58 жасымда жинаған өмірлік және кәсіби тәжірибемді мемлекеттік қызметте пайдаланып, қоғам мен мемлекетке жұмсағым келеді. Жинаған тәжірибемді ел игілігіне тисе екен деймін», - деп түйіндеді Имашева Гүлхан Жакашевна (58 жаста), Сметалық нормалар бөлімінің басшысы.