Сайлаушылар тізімін ұсыну аяқталды

Сайлаушылар тізімін ұсыну аяқталды
фото: www.election.gov.kz

Бүгін Астана қаласында Нұрлан Әбдіровтің төрағалығымен Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлау науқаны аясында Орталық сайлау комиссиясының XI отырысы өтті,  деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

ОСК отырысына ТМД атынан Байқаушылар миссиясы, ЕҚЫҰ ДИАҚБ байқаушылары, саяси партиялардың, Сыртқы істер, жасанды интеллект және цифрлық даму министрліктерінің және БАҚ өкілдері қатысты. Сонымен қатар, бейнеконференциялық байланыс режимінде астана, облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары мен мүшелері, облыстардың аппарат басшылары қосылды. 

Күн тәртібіне сәйкес келесі мәселелер қаралды:

1. «2026 жылғы 23 тамызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлауда сайлаушылар тізімдерін сайлау комиссияларына ұсыну туралы»;

2. «2026 жылғы 23 тамызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлауда дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәліктері туралы»;

3. «2026 жылғы 23 тамызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлаудағы онлайн-сервистердің жұмысы туралы»;

4. «2026 жылғы 23 тамызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлау жөніндегі дауыс беруге арналған сайлау бюллетені туралы»;

5. «2026 жылғы 23 тамызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлауға шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымның байқаушыларын аккредиттеу туралы». 

ОСК отырысын ашқан Нұрлан Әбдіров сайлаушылар тізімдерін қалыптастыру сайлау процесінің маңызды кезеңдерінің бірі екендігіне тоқталды. Азаматтардың конституциялық сайлау құқығын жүзеге асыру сайлаушылар тізімдерінің негізінде мүмкін болады. Осыған байланысты Орталық сайлау комиссиясының алдыңғы отырыстарында жергілікті атқарушы органдарға азаматтарды сайлаушылар тізіміне енгізілгені және өздері туралы деректерді нақтылау мүмкіндігі туралы кеңінен ақпараттандыру тапсырылған болатын.

«Конституциялық заңға сәйкес 2 тамызда өңірлердің әкімдері әрбір сайлау учаскесі бойынша сайлаушылар тізімдерін учаскелік сайлау комиссияларына ұсынды. Сайлаушылар тізімдерінің электрондық нұсқалары тиісті аумақтық сайлау комиссияларына берілді. Осылайша, заңнамада белгіленген кезекті кезең бойынша жұмыс толық орындалды. Ендігі міндет - сайлаушылар тізімдерінің толықтығы мен дұрыстығын қамтамасыз ету, азаматтардың өтініштері бойынша енгізілетін өзгерістерді уақытылы қарау және оларды тізімдерге енгізу. Сайлаушыларды ақпараттандыру жұмыстарын дауыс беру күніне дейін жүйелі түрде жалғастыру да маңызды», - деді Нұрлан Әбдіров. 

Аталған жұмыстардың өңірлерде орындалу барысы туралы отырыста облыстардың әкім аппараттарының басшылары есеп берді. Атап айтқанда, олар сайлаушылар тізімдерін қалыптастыру, оның ішінде үздіксіз өндірісі бар ұйымдар мен вахталық орындарда жаңадан құрылған сайлау учаскелері бойынша тізімдерді қалыптастыру жұмыстары жөнінде баяндады. Сондай-ақ учаскелік сайлау комиссияларына сайлаушылар тізімдерін беру, азаматтарды ақпараттандыру, call-орталықтардың жұмысы және өзге де ұйымдастыру мәселелері бойынша ақпарат ұсынылды. Өңірлер бойынша жиынтық ақпаратты Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Азамат Айманакумов таныстырды.

«Еліміз бойынша сайлаушылар тізіміне 12 605 788 азамат енгізілді. Электоралдық науқан басталғаннан бері республикада 221 call-орталық өз жұмысын бастады. Бүгінгі күнге дейін оларға 6 080 өтініш келіп түсті. Call-орталықтар туралы ақпарат Орталық сайлау комиссиясының ресми сайтында орналастырылған», - деп хабарлады Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Азамат Айманакумов.

Отырыста сондай-ақ учаскелік сайлау комиссиялары мүшелерін дайындау мәселесіне ерекше назар аударылды. Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Нұрлан Әбдіров осы аптадан бастап Орталық сайлау комиссиясының мүшелері өңірлерге инспекциялық сапарларға шығатынын атап өтті. Олар барлық облыстар мен республикалық маңызы бар қалаларды аралап, алдағы сайлауға дайындық аясында сайлау инфрақұрылымының әзірлік деңгейін тексереді.

«Бүгіннен бастап учаскелік сайлау комиссиялары өз жұмысына кірісті. Барлығы 10 400-ден астам сайлау учаскесі ашылды. Сайлауды ұйымдастыруға мүшелерінің жалпы саны 71 мың адамды құрайтын 10 600-ден астам комиссия тартылатын болады. 4-17 тамыз аралығында біз Орталық сайлау комиссиясының мүшелерімен және аппарат қызметкерлерімен бірге еліміздің барлық 20 өңіріне инспекциялық сапарларға шығамыз. Осы сапарлар барысында сайлау учаскелерінің дайындығы, олардың материалдық-техникалық қамтамасыз етілуі, сайлаушыларды ақпараттандыру жұмысының ұйымдастырылуы, Call-орталықтардың қызметі бағаланатын болады. Сонымен қатар, өңірлерге жасалатын инспекциялық сапарлар барысында аумақтық сайлау комиссияларының жұмысына, оның ішінде сайлау комиссиялары мүшелерін оқыту барысына да ерекше назар аударылады», - деп атап өтті Нұрлан Әбдіров. 

ОСК Төрағасы 7 тамыздан бастап әрбір сайлаушыға дауыс беруге қатысу құқығы бар азаматтардың тізіміндегі өзі туралы деректердің дұрыстығын тексеру мүмкіндігі берілетінін еске салды. Егер қандай да бір өзгерістер енгізу қажет болса, сайлаушы дереу учаскелік сайлау комиссиясына жүгіне алады. Мұндай өтініштер келіп түскен күні дереу қаралады.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша сөз сөйлеген ОСК мүшесі Азамат Айманакумов азаматтардың дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәлігін алу мүмкіндігін қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға сәйкес, сайлаушы өзінің болатын орнын ауыстырған жағдайда, дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәлігі негізінде дауыс беру мүмкіндігі қарастырылған. Яғни, егер сайлау күні азамат басқа елді мекенде болатын болса, ол дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәлігін алып, өзінің нақты орналасқан жеріндегі сайлау учаскесінде дауыс бере алады.

Дауыс беру құқығына арналған есептен шығару куәліктерін дауыс беру күніне 15 күн қалған уақыттан бастап дауыс беру күнінің алдындағы күнгі сағат 18:00-ге дейін алуға болады. Мұндай куәлікті учаскелік сайлау комиссиясы сайлаушының жазбаша өтініші және жеке басын куәландыратын құжатын көрсетуі негізінде береді. Бұл ретте сайлаушылар тізіміне тиісті белгі қойылады.

«Азаматтар тұрғылықты жері бойынша тіркелген учаскелік сайлау комиссиясынан 7 тамыздан бастап 22 тамыз сағат 18:00-ге дейін дауыс беру құқығына арналған есептен шығару куәліктерін алуға құқылы. Бұл ретте бір елді мекен шегіндегі басқа сайлау учаскесінде дауыс бергісі келетін сайлаушыларға мұндай куәлік берілмейтінін атап өткен жөн. Жоғалған есептен шығару куәліктері қалпына келтірілмейді және олардың телнұсқалары берілмейді», - деді Азамат Айманакумов.

Сонымен қатар, есептен шығару куәліктерін сенімхат арқылы да алуға болады. Сенімхатты нотариалды куәландыру талап етілмейді. Ортсайлауком отырысына қатысушылар азаматтардың дауыс беруіне жәрдемдесетін онлайн-сервистердің жұмысы туралы да талқылады. ОСК Төрағасының орынбасары Мұхтар Ерман атап өткендей, осы сервистердің көмегімен учаскелік сайлау комиссияларының мүшелері азаматтың тіркелген мекенжайын тексере алады. Бұл оны сайлаушылар тізіміне енгізу үшін қажет. Ол үшін азамат тиісті өтінішпен жүгінуі тиіс. Екінші сервис тіркеуі жоқ азаматтарға сайлау учаскесінің мекенжайы бойынша уақытша тіркеуге тұруға мүмкіндік береді. Аталған екі сервис те қазақстандықтардың сайлау құқығын іске асыруына жәрдемдесуге бағытталған.

«eGov порталы арқылы сервиске қол жеткізу құқығы берілген учаскелік сайлау комиссияларының мүшелері азаматтың жазбаша өтініші негізінде оның тұрақты тіркелген мекенжайы туралы мәлімет ала алады. Егер өтініш берушінің тұрақты тіркелген тұрғылықты жері тиісті сайлау учаскесінің шекарасы аумағында екені расталса, комиссия оны сайлаушылар тізіміне енгізу туралы шешім қабылдайды. Бұл сервис 5106 сайлау учаскесінде қолжетімді болады. Сондай-ақ тұрғылықты жері бойынша тіркеуден шығарылған және бұрын сайлаушылар тізіміне енгізілмеген азаматтардың сайлау құқығын іске асыру мақсатында дауыс беру күні оларды сайлау учаскесі орналасқан мекенжай бойынша уақытша тіркеуге жол беріледі», - деп хабарлады Мұхтар Ерман.

Азаматтарды бірнеше рет тіркеуге жол бермей және бақылау тетіктері туралы Жасанды интеллект және цифрлық даму бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкин хабарлады. Айта кетейік, бұл жобаларды Орталық сайлау комиссиясы, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, Ішкі істер министрлігі бірлесіп жүзеге асыруда. 

Дауыс беру бюллетені қандай болатыны, қанша дана басып шығарылатыны және оның сайлау учаскелеріне қашан жеткізілетіні туралы бүгін Орталық сайлау комиссиясында айтылды.

Ортсайлауком мүшесі Михаил Бортник ОСК Құрылтай депутаттарын сайлау жөніндегі дауыс беру бюллетенінің нысаны мен мәтінін, оларды дайындау тәртібі мен қорғаныс дәрежесін белгілейтінін атап өтті. Сонымен қатар Орталық сайлау комиссиясы сайлау бюллетеньдерін дайындауды және оларды аумақтық сайлау комиссияларына жеткізуді қамтамасыз етеді.

Дауыс беруге арналған бюллетеньге жеребеге сәйкес реттілікпен саяси партиялардың атаулары және «Бәріне қарсымын» деген жол енгізіледі. Сайлау бюллетеньдерi учаскелiк сайлау комиссияларына сайлаудан ерте дегенде үш күн бұрын және сайлаудан кемінде бiр күн бұрын жеткiзiледi.

«Дауыс беру бюллетенінің бланкісі - екі жақты, А4 форматында. Түсі - көгілдір түсті. Бірінші бетінде - Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы, бюллетеньнің атауы. Екінші бетінде - 2026 жылғы 23 шілдеде өткізілген жеребе қорытындысына сәйкес ретпен саяси партиялардың атаулары және «Бәріне қарсымын» деген жол. Бюллетеньдердің қорғаныс дәрежесін белгілеу жөнінде ұсыныстар әзірленді. Олар офсеттік баспа тәсілімен қолданылатын полиграфиялық қорғаныс әдісін, баспа қарпін, түсін, және т.б. қамтиды. Республика бойынша сайлаушылар тізіміне 12 605 788 сайлаушы енгізілген. Дауыс беруге арналған бюллетеньдер сайлау округіндегі сайлаушылардың жалпы санының 1 пайызы резервімен сайлау округіндегі сайлаушылардың санына тең мөлшерде әзірленеді. Осыған байланысты дауыс беру бюллетеньдері 12 731 847 дана көлемінде дайындалатын болады», - деп хабарлады ОСК мүшесі Михаил Бортник.

Бүгін Орталық сайлау комиссиясында Еуропа елдері мен ТМД мемлекеттерінің халықаралық байқаушылары Құрылтай сайлауына жоғары қызығушылық танытып отырғаны атап өтілді. Бұл туралы Комиссия отырысында сөз сөйлеген Орталық сайлау комиссиясы Төрағасының орынбасары Мұхтар Ерман мәлімдеді. Оның айтуынша, Орталық сайлау комиссиясына қосымша 9 шет мемлекеттің және 4 халықаралық ұйымның 155 байқаушысын аккредиттеу жөнінде өтінімдер келіп түскен.

«2026 жылғы 3 тамыздағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Орталық сайлау комиссиясына 9 шет мемлекеттен және 4 халықаралық ұйымнан 155 халықаралық байқаушының кандидатурасын аккредиттеуге ұсынды. Олардың ішінде ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясынан - 86 байқаушы, ТМД Байқаушылар миссиясынан - 22, ТМД ПАА - 23, ҰҚШҰ ПА - 6 байқаушы бар. Шет мемлекеттерден: Ресей Федерациясынан - 3 байқаушы, Әзербайжан Республикасынан, Армения Республикасынан, Иордания Хашимит Корольдігінен, Қырғыз Республикасынан, Молдова Республикасынан, Мьянма Одағы Республикасынан және Румыниядан - әрқайсысынан 2 байқаушы, Украинадан - 1 кандидатура ұсынылды», - деп хабарлады Мұхтар Ерман.

Айта кетейік, аталған миссиялардың құрамына 29 елдің: Австрия, Әзербайжан, Албания, Беларусь, Бельгия, Босния және Герцеговина, Ұлыбритания, Венгрия, Германия, Испания, Италия, Қырғызстан, Латвия, Люксембург, Нидерланд, Норвегия, Польша, Ресей, Румыния, Солтүстік Македония, Словения, Тәжікстан, Түркия, Финляндия, Франция, Хорватия, Черногория, Чехия және Швеция мемлекеттерінің атынан 74 депутат кіреді.

Сонымен қатар Орталық сайлау комиссиясы аккредиттеген делегациялардың қатарында шет мемлекеттердің орталық сайлау органдарының 12 делегациясы бар. Олардың 7-ін Әзербайжан, Армения, Грузия, Қырғызстан, Молдова, Пәкістан және Ресейдің орталық сайлау комиссияларының төрағалары бастап келеді. Бұдан бөлек, Тәжікстан, Түркия және Өзбекстанның орталық сайлау органдарының басшылары да сайлауды байқауға қатысатынын растады.

Осылайша, бүгінгі күнге дейін Орталық сайлау комиссиясы шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардан 251 халықаралық байқаушыны аккредиттеді. Аккредиттеуге қатысты ұсыныстар келіп түскен сайын халықаралық байқаушылар туралы мәліметтер жаңартылып отырады.

Орталық сайлау комиссиясының мүшелері отырыс жұмысының қорытындысымен тиісті қаулылар қабылдады. 

Сонымен қатар БАҚ өкілдеріне арналған дәстүрлі брифингте журналистердің сұрақтарына жауап берді.