Қазақстан тұщы су айдындарын қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатқан аумақтардың көлемі бойынша әлемдегі үздік он елдің қатарына енді. GEOSTATISTICA жобасы жариялаған рейтингте республика алтыншы орынға ие болды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Елімізде қазіргі уақытта тозған көлдерді, өзендерді және сулы-батпақты алқаптарды қалпына келтіру жұмыстары шамамен 330 мың гектар аумақта жүргізілуде. Қуаң далалы аймаққа жататын Қазақстан үшін әрбір су айдынының маңызы ерекше.
Рейтингте алдыңғы қатарда қай елдер тұр?
Рейтингте Индонезия айтарлықтай басымдықпен бірінші орынға жайғасқан. Бұл елде 6 миллион гектарға жуық аумақты қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Индонезия ұзақ жылдар бойы көміртектің мол қорын сақтайтын тозған тропикалық шымтезекті батпақтарды қалпына келтірумен айналысып келеді.
Одан кейінгі орындарда Польша мен Бенин орналасқан. Бұл елдердің әрқайсысында қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатқан аумақтың көлемі 1 миллион гектарға жуық. Ал Камерун мен Ирак алғашқы бестікті түйіндейді.
Қазақстан аталған елдерден кейінгі алтыншы орынға тұрақтап, АҚШ, Нидерланд, Кения және Моңғолияны басып озды. АҚШ-пен арадағы айырмашылық айтарлықтай үлкен емес: рейтингте бұл елде 310 мың гектар аумақты қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатқаны көрсетілген.
Жаһандық бастаманың бір бөлігі
2024 жылғы желтоқсанда Эр-Рияд қаласында өткен One Water саммитінде Қазақстан әлемдегі тұщы су ресурстарын қорғау және қалпына келтіру жөніндегі ең ірі бастама – Freshwater Challenge-ге ресми түрде қосылды. Айта кетейік, Қазақстан аталған саммитті ұйымдастырушылардың бірі болды.
Бастаманың негізгі мақсаты – 2030 жылға дейін 300 мың шақырым өзенді және 350 миллион гектар сулы-батпақты алқапты қалпына келтіру. Қатысушы елдер ұлттық мақсаттары мен жобаларын өздері айқындайды, ал халықаралық қорлар оларды қаржыландыруға қолдау көрсетеді.
Солтүстік Арал қайта жанданып келеді
Қазақстандағы су айдындарын қалпына келтірудің ең танымал мысалдарының бірі – Арал теңізі.
2005 жылы Қазақстан Сырдария өзенінің суын ұстап тұру және Солтүстік Аралды сақтап қалу мақсатында Көкарал бөгетін салды. Сонымен қатар теңізге жіберілетін су көлемін арттыру үшін суару жүйелерін жаңғырту жұмыстары жүргізілді.
2022 жылдың соңында Солтүстік Аралдағы су көлемі 18,9 млрд текше метрді құраса, 2025 жылдың соңында бұл көрсеткіш 23 млрд текше метрге жетті.
Қызылорда қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың қаңтар айындағы отырысында Мемлекет басшысы Аралды құтқару мәселесін бүкіл адамзаттың ортақ міндеті деп атады. Президенттің айтуынша, «бір кездері тартылып қалған теңіз қайта оралып, Кіші Арал біртіндеп қалпына келіп жатыр».
Жобаның келесі кезеңі де әзірленуде. Оның екінші кезеңі Көкарал бөгетін қайта жаңғыртуды көздейді. Бұл Солтүстік Арал теңізінің су деңгейін Балтық жүйесі бойынша 44 метрге дейін көтеруге мүмкіндік береді. Жұмыстарды 2029 жылға дейін аяқтау жоспарланған.
Мемлекет басшысы жобаның табысты жүзеге асуы су дипломатиясына да байланысты екенін атап өтті. Себебі Қазақстан аумағынан өтетін көптеген өзендер көршілес мемлекеттерден бастау алады.
Каспий теңізінің тартылуы алаңдатып отыр
Каспий теңізіндегі жағдай күрделірек. Түрікменстанда өткен алғашқы Каспий экологиялық саммитінде Мемлекет басшысы Әзербайжанның Каспий теңізінің тартылу мәселесі бойынша вице-премьерлер деңгейінде үкіметаралық комиссия құру жөніндегі ұсынысын қолдады.
Президенттің айтуынша, ендігі кезекте «теңіздің тартылу салдарын азайту және жұмсарту, сондай-ақ экономикаларымыз бен экожүйелеріміздің болып жатқан өзгерістерге бейімделуіне көмектесу үшін үйлестірілген іс-қимылдарға көшу қажет».
Каспий теңізінің тартылуы кеме қатынасына, порт инфрақұрылымына, балық шаруашылығына, энергетика мен өнеркәсіп салаларына қауіп төндіруде. Қазіргі уақытта Каспий теңізінің су айдыны 16 мың шаршы шақырымнан астам аумаққа қысқарған.
Әсіресе Каспий итбалығының тағдыры алаңдаушылық туғызады. Соңғы жүз жылда оның саны 1 миллионнан 270 мың басқа дейін азайған.
Осыған байланысты Каспий маңы мемлекеттері Қазақстанның Каспий теңізінің су ресурстарын сақтау жөніндегі мемлекетаралық бағдарлама әзірлеу туралы ұсынысын мақұлдады.
Су мәселесі – Президент Жолдауында
Су ресурстары мәселесі Мемлекет басшысының қазан айының соңында Қазақстан халқына арнаған Жолдауында да көтерілді. Президент су ресурстары тапшылығы жүйелі әрі батыл шаралар қабылдауды талап ететінін атап өтті.
Үкімет пен әкімдіктерге су тұтынуды бақылауды күшейту, су желілеріндегі шығындарды азайту және ауыз суды мақсатсыз пайдалануға, соның ішінде автокөлік жуу орындарында қолдануға жол бермеу жөнінде тапсырмалар берілді.
Мемлекет басшысы судың нақты құнына сай бағалануы қажеттігін атап өтіп, су тұтыну саласындағы басталған тарифтік реформаны толық аяқтауды тапсырды.
Су ресурстарын есепке алу жүйесі цифрландырылуы тиіс. Осыған орай Үкіметке Ұлттық су ресурстарының ақпараттық жүйесін құру жұмыстарын қысқа мерзімде аяқтау міндеттелді.
Мемлекет басшысы атап өткендей, «суға ұқыпты қарау шаруашылық жүргізудің міндетті қағидатына айналуы тиіс».