Астана күні қарсаңында Тұңғыш Президент музейі фотосурет өнері мен кескіндеме, тарих және сахна мәдениетін тоғыстыратын «Қала келбетіне қосылған штрихтар» атты арт-құжаттық жоба ұсынды. Жоба аясында белгілі фототілші Шүкір Шахай Астананың қалыптасу кезеңдерін, маңызды оқиғаларын және қала тұрғындарының күнделікті өмірін бейнелейтін «Объективтегі қала» фотокөрмесін ұсынды. Көрмеде Астана жадының, уақыттың және жасампаздықтың көпқырлы кеңістігі көрініс тапты.
– Астана күніне орай көрме бесінші рет ұйымдастырылып отыр. Көрмеге қаланың өсуінен, қала тұрғындарының қуанышты сәттерінен суреттер қойылды. Көп жылғы еңбекті ел алдына шығаруды қызым Динар Шахай ұсынып, Тұңғыш Президент музейінде өткізіп отырмыз. Осы жерде айта кеткім келетіні 1987 жылғы кадрлардан бастап, 2000 жылға дейінгі барлық архивті қызым Динарға аманаттадым, – деді фототілші Шүкір Шахай.
Жиында Л.Н.Гумилев атындағы Евразия Ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықовтың атынан Академиялық мәселелер жөніндегі проректор Ардақ Бейсенбай Шүкір Шахайға Алғыс хат табыстап, «Күлтегін» төсбелгісімен марапаттады. – Әкемнің архивінде көптеген дүниелер бар. Архивін маған аманаттаған соң көптеген тарихи кадрларға куә болдым. Жарық көрмеген қаншама суреттер бар. Алдағы уақытта солардың барлығын елге ұсыну жоспары бар. Арнайы Шүкір Шахайдың сайтын ашып, оның еңбектерін көретін жандарға мүмкіндік жасағымыз келеді, – деді іс-шараны ұйымдастырушы Динар Шүкірқызы. Көрме кезінде NOMAD хореография академиясының көркем бағдарламасы ұсынылды. Би, пластика және музыка тілі арқылы көрермендерге астананың кең дала төсінен тәуелсіз Қазақстанның заманауи орталығына дейінгі даму жолы баяндалды. Сонымен қатар белгілі суретші Бақытнұр Бүрдесбековтің «Кенептегі қала» атты жеке көрмесі де көпшіліктің көзайымына айналды.